Тоқаев қазақстандықтарды «Тазару күніне» орай тазалық эстафетасына қатысуға шақырды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазару күніне» орай қазақстандықтарды тазалық пен тәртіп эстафетасына қатысуға шақырды.
Ақорда таратқан мәліметке сәйкес, бұл күн «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңін бастайтын ауқымды экологиялық акциямен тұспа-тұс келіп отыр.
Президенттің айтуынша, ел бойынша «Мөлдір бұлақ» бастамасы іске асырылады. Оның аясында табиғи бұлақтар, өзен-көл жағалаулары тазартылып, ағаш отырғызу, аула, саябақтар мен скверлерді абаттандыру жұмыстары жалғасады.
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияда табиғатқа ұқыпты қарау негізгі құндылықтардың бірі ретінде бекітілгенін атап өтті.
Тоқаев «Таза Қазақстан» ұғымы тек қоршаған ортаның тазалығы ғана емес, қоғамның ой-санасының тазалығымен де байланысты екенін айтты.
Сөз соңында Президент барлық азаматтарды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тазалық шараларына белсенді қатысуға үндеді.
Айта кетейік, Қазақстанда 14–23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі өтіп жатыр. 23 наурыз – «Тазару күні» ретінде белгіленген.