Тоқаев мерзімді әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы жарлыққа қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімді әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы жарлыққа қол қойды. Бұл турал Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы «Мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өтеген әскери қызметшілерді запасқа шығару және 2026 жылдың наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында Қазақстан Республикасы азаматтарын мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» жарлыққа қол қойған.
Жарлыққа сәйкес, «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы» заңның 5-бабы 2-тармағының 11-тармақшасы және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 31-бабы негізінде:
-
2026 жылдың наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында белгіленген қызмет мерзімін өтеген әскери қызметшілер
Қазақстан Қарулы Күштері,
Ішкі істер министрлігі,
Төтенше жағдайлар министрлігі,
Ұлттық қауіпсіздік комитеті,
Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан запасқа шығарылады.
Сонымен қатар:
-
18 бен 27 жас аралығындағы, шақырудан кейінге қалдыру немесе босатылу құқығы жоқ ер азаматтар
2026 жылдың наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында аталған құрылымдарға мерзімді әскери қызметке шақырылады.
Жергілікті атқарушы органдарға жергілікті әскери басқару органдары арқылы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету тапсырылды.
Ал Қазақстан Үкіметіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды жөнелту мен қызмет мерзімін өтеген әскери қызметшілерді запасқа шығару үшін қаржылық және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастыру міндеті жүктелді.
Аталған жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.