Тоқаев Сауд Арабиясының елшісін қабылдады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Файсал Әл-Кахтанимен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Сауд Арабиясымен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.
Президент сондай-ақ Сауд Арабиясының тақ мұрагері әрі премьер-министрі Мұхаммед бен Салман әл Саудтың екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, оны Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақыруын растады.
«Мұхаммед бен Салман – жаһандық деңгейдегі беделді әрі мықты көшбасшы. Оның Сауд Арабиясын дамытуға бағытталған көреген саясаты мен халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі жоғары бағалауға лайық», - деді Тоқаев.
Өз кезегінде елші Файсал Әл-Кахтани Сауд Арабиясының Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Ол инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру, сондай-ақ мемлекетаралық үйлестіру кеңесін құру туралы жақында қол қойылған келісімдер екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Сонымен қатар дипломат Сауд Арабиясы басшылығының Таяу Шығыстағы күрделі жағдайға байланысты Қазақстан Президентінің ұстанымына алғыс білдіргенін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанның Түркістан қаласында ықтимал бейбіт келіссөздер өткізу туралы бастамасының өзектілігін атап өтті.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының королі Салман бен Абдельазиз әл Сауд пен тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманға жылы лебізін жеткізіп, бауырлас халыққа амандық пен өркендеу тіледі.