Тоқаевқа ешкім жақсы жаңалық айта алған жоқ
Үкіметтің кеңейтілген отырысынан репортаж
28 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Көпшілік бюджеттің бүйірі көрініп, экономикамыз шатқаяқтап тұрған сәтте билік басындағылар түгел жиналып, елді тығырықтан шығарар тың жол табар деп үміттенген. Бірақ, керісінше, кеңейтілген отырыс көңілге көп күдік ұялатып кетті.
Отырыс барысында премьер-министр Олжас Бектенов, экономика министрі Серік Жұманғарин, ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және бірнеше әкім баяндама жасады. Бірақ ешбірі жағымды жаңалық айта алған жоқ. Бәрі бюджет бітіп, ұлттық қор ортайғанын, жағдайды оңаудың оңтайлы жолын таба алмағанын амалсыз мойындады. Мойындай отырып, тығырықтан шығатын жалғыз жол – халықтың қалтасына қол салу деп шешті.
Үкіметтің кеңейтілген отырысы жиі өтетін жиын емес. Әдетте жыл басында өтіп, өткен жылға қорытынды, жаңа жылға жоспар жасап жатады. Әрине, халық бұл жиналысты асыға күтіп, үлкен сенім артады деуге келмес. Бірақ оның маңызды іс-шара екені анық. Жоспар жасағыш қазақ билігі есеп беруге шорқақ екені белгілі. Мысалы, былтырғы жиында уәдені үйіп-төгіп, бәрін қатыратынын айтқан, ал биыл орындалмаған уәде, жүзеге аспаған жоспар жайлы жақ ашқан жоқ. Тек бір жылда ел экономикасы – 4,8%, ауыл шаруашылығы – 13,7%, құрылыс саласы – 13,1%, сауда – 9,1%, көлік саласы – 8,5% өсті деген позитивті статистикамен шектелді.
Жабық жиналыста не айтылды?
Кеңейтілген отырыс өтетіні жайлы бір апта бұрын хабарланып, дайындық жан-жақты жүргенімен, жиналыс жабық өтті. Тікелей трансляция болған жоқ. Президент сөзінің ғана видеожазбасы жарияланды. Ал Бектенов бастаған үкімет мүшелері не айтқанын халық БАҚ-та шыққан ақпарат үзінділерінен ғана оқыды.
Алдымен баяндама жасаған Бектенов былтыр апырып-жапырып жұмыс істегенін айтып, мақтанды. Жоғарыда біз келтірген позитивті статистика да премьердің өз сөзі. Сондай-ақ аграрлық сектор мен өңдеуші сала кейінгі 10 жылда болмаған ірі жетістікке жеткенін айтты. Бірақ ол халықтың әл-ауқаты артпағанын, қымбатшылық қысып тұрғанын, жұмыссыздық азаймағанын айтқан жоқ. Тіпті салықты көбейтпей, бюджетті толтыратын жол таба алмағанын да жасырып қалды.
Қазақстанда бір емес, екі АЭС салынады. Бектенов елдегі алғашқы атом электр станциясын салуға дайындық қызу жүріп жатқанын айтты. «Жақын арада Алматы облысында бірінші атом электр станциясын салу бойынша тиісті келісімге қол қоямыз. Сондай-ақ екінші АЭС құрылысы салынуы ықтимал орынды анықтау үшін өңірлерді талдау жұмыстары аяқталуға жақын» деді премьер-министр.
Алғашқы АЭС-ті кім, қашан салатыны әлі белгісіз. Біріншісін бір жақты ете алмай жатып, Бектенов екіншісіне неге асығып жүргені түсініксіз. Жоспар бойынша, алғашқы АЭС Алматы облысының Балқаш көлі жағалауындағы Үлкен ауылында бой көтереді. Оны салуға ресейлік «Росатом», қытайлық CNNC, оңтүстік кореялық KHNP және франциялық EDF компаниялары үміткер. Қазақстан билігі бірнеше компанияның басын қосып, консорциум құрамыз дегенді жиі айтып жүр. Бірақ кейінгі жағдайларға қарап, Ресейдің «Росатомы» біздің АЭС-ке жақындап келе жатқанын аңғаруға болады. Бұл компания кем дегенде консорциум құрамындағы басты фигурант болатын сияқты. Өйткені Ресей президенті Владимир Путин бастап, «Росатом» басшылары қостап, көптен бері қазақ АЭС-ін жағалап жүр.
Мұнай-газ өндірісі. Бектенов мұнай және көмір-химия өнеркәсібінде жаңа жобалар жүзеге асатынын айтты. Оның айтуынша, биыл Қазақстанда алғаш рет тақтатас мұнайын өндіру басталады. Сол арқылы мұнай-газ саласына қосымша инвестиция тарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ шикізат қоры шамамен 19 миллиард текше метр болатын «Батыс Прорва» және «Барханная» кен орындарында газ өндірісі басталады. Премьер Қашаған мен Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатқанын айтты.
Билік жанармай бағасын еркіне жібереді. Қазақстан үкіметі 2022 жылдан бергі «қорқынышын» ақыры жеңіп, мұнай өнімдерінің бағасын бақылаудан бас тартуға тәуекел етті. Тәуекел етті деген сөзді бекер айтып отырған жоқпыз, жанармай бағасын еркіне жіберуден ел билігінің аузы күйген. 2021 жылы бензин мен газ бағасы жылдам өсіп, оны тежеу керек екені көзге анық көрініп тұрды. Бірақ сол кездегі энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен вице-премьер Роман Скляр «отын құнын бақылау мүмкін емес» деп қасарысқан. Мұның соңы қайғылы Қаңтар оқиғасына ұласқанын білеміз. Содан бері үкімет жанармай бағасын бақылап, өсірмей ұстап отырған.
Енді сол шешімінен бас тартып, бағаны еркіне жібергелі отыр. 30 қаңтарда энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қол қойған бұйрық күшіне енеді. Сол күннен бастап саудагерлер мұнай өнімдерінің бағасын өздері белгілейді. Баға қай жерге дейін баратыны белгісіз. Сәтқалиев жанармай ақпаннан бастап қымбаттауы мүмкін екенін айтып, Ресейде АИ-92 бензинінің литрі 300 теңге тұратынын еске салды. Демек біздегі баға да осы шамаға баруы мүмкін. Ал отандық сарапшылар бензин бағасы 320 теңгеге жетеді деген болжам айтқан. Сондай-ақ сұйытылған мұнай газы да қымбаттайды.
Бұл шешімнің салдары қалай болатыны белгісіз. Бірақ бір анығы – жанармай бағасы өссе, бәрі қымбаттайды. Үкімет осыны ескеріп, бағаға тікелей болмаса да, сырттай бақылау жүргізгені жөн. Мысалы, 2023 жылы Нигерия нарықты еркіне жібергенде жанармай бағасы 500 пайыз өсіп, инфляция 27 пайызға жетіпті. Мұның соңы наразылыққа ұласып, әлі жалғасып жатыр. Билік мұндай жағдайды да ескеруі қажет.
ҚҚС өсетін болды. Вице-премьер әрі экономика министрі Серік Жұманғарин салық пен бюджет реформасын ұсынып, қосымша құн салығын өсіру қажет екенін айтты. Бұған дейін ҚҚС қазіргі 12 пайыздан 20 пайызға көтеріледі деген ақпарат тараған. Сарапшылар салықтың бұлай күрт шарықтауы әлемнің ешбір елінде болмағанын айтады. Бірақ кешегі отырыстан үкімет ҚҚС-ны қалай да өсіретінін аңғардық. Нақты шешім ақпанның ортасында шығады.
Былтыр ақпанда өткен кеңейтілген отырыста билік ҚҚС-ны өсірмеуге уәде берген. Арада бір жыл өтпей жатып ойларын неге өзгерткені белгісіз. Жұманғарин бюджет тапшылығына ҚҚС-ның аздығы себеп болып отыр деп санайды. «Халықтың тұрмысы төмен бөлігін қолдау үшін бюджетті толтырып алуымыз қажет» деді ол. Министрдің айтуынша, ҚҚС-ның ел бюджетіндегі үлесі 10 пайыз шамасында. Ал дамыған елдерде бұл 40 пайыздан асады. Біздің билік осындайда ғана дамыған елдерді еске алады. Өздерін дамыған елмен салыстырғыш болса, халықтың әл-ауқаты, адам құқығы және сөз еркіндігі бойынша жарысса жарасар еді.
Айтпақшы, жұрт арасында «үкімет тәртіп бұзғандарға айыппұл салады, тәртіп бұзбай, тыныш жүргендерге салық салады» деген сөз тарап жүр. Өйткені ірі экспорттаушылар ҚҚС төлемейді. Оны төлейтіндер – орта және шағын бизнес. Олар мұны сататын тауары мен қызметіне қосады. Демек түптеп келгенде ҚҚС-ны тұрғындар төлейді.
Көмектесетін кезек банктерге келді. Енді екінші деңгейлі банктер үкімет бағдарламаларын орындауға міндеттеледі. Әсіресе ірі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға атсалысады. Президент екінші деңгейлі банктердің ресурсын үкімет бағдарламасына пайдаланатын кез келгенін айтты. «Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер үкіметтің, халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауы керек. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектесетін кез келді» деді президент.
Сондай-ақ жиналыста теңгенің жайы сөз болды. Былтыр ұлттық валюта қатты құнсызданып, 1 АҚШ доллары 520 теңгеге дейін жетті. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, халық арасында валютаға сұраныс артып, доллар саудасы 50 пайыз өскен. Президент Тоқаев доллар нығайса, теңге бағамына қысым болатынын айтып, ұлттық валютаны тұрақты ұстап, инфляцияны тежеу керек екенін айтты.
Ал сарапшылар инфляция үшін ұлттық банк қана сын естімеуі керек деп санайды. Өйткені инфляцияның өсуіне үкіметтің тиімсіз шешімдері әсер етеді. Ал ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру арқылы инфляцияны түсіруге тырысып жатады. Мысалы, Жұманғарин су жаңа салық-бюджет реформасы мен Сәтқалиевтің жанармайды еркіне жіберу саясаты ауыр инфляцияға себеп болуы мүмкін.
Мемлекетті мазақтаған депутат кешірім сұрады. Үкімет отырысында президент шоу-бизнес өкілі, өзін «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті кейбір депутат Қазақстанға түрлі лақап ат қойып, әзілге айналдыратынын сынға алып, мұның орынсыз екенін айтты. Ең қызығы, Тоқаевтың осы сөзінен кейін «парламенттік оппозиция өкілі», «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев дереу айыбын мойындап, «Штрафстан» деген сөзді орынсыз қолданғанын айтып, ақталды.
Біраз уақыт бұрын ғана мәжіліс мінберінде «Штрафстан құрып жатырсыздар» деп, үкіметті сынаған «оппозициялық» депутат президенттің тікелей емес, жанай айтқан сынының өзінен сонша қорқып, дереу сөзінен тайқып отыр. 2019 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кеткенде егіле жылап, есте қалған Перуашев бұл жолы да тайғанақ мінез танытты. Соған қарағанда, «Ақ жол» партиясы оппозиция дегеннің не екенін түсінбейтін де сияқты.
Жанарымен жер шұқыған шенділер. Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Жұманғарин бастаған топ баспасөз мәслихатын өткізді. Оған вице-премьерден бөлек, қаржы министрі Мәди Тәкиев, энергетика министрі Сәтқалиев, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов және ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов қатысты.
Бірақ журналистер алдына шыққан шенділер өз-өзіне сенімсіз көрінді. Көбі ойын толық жеткізе алмайды, кейбірінің айтқан сөзі күлкі шақырады. Бесеуінің ішінде мемлекеттік тілге тәуірі Жұманғарин ғана екен. Ол сонысына және вице-премьерлігіне сүйеніп, басқалардан үстемдеу көрініп отырды. Тіпті бір тұста сөзден тосылып қалғанда жанындағыларға сүзе қарап, қолдау күтетінін аңғартты. Бірақ қайда келгенін анық білмей отырған төртеуі Жұманғаринді түсіне қойған жоқ.
Ал Сәтқалиев мемлекеттік тілді түсінбей, модератордан көмек сұрады. Тағы бірде тілші мемлекеттік тілде сұрақ қойып, мемлекеттік тілде жауап беруін сұраған. Қатты қысылған министр қасындағы вице-премьермен ұзақ күбірлесіп, ақыры оның жауабын Жұманғарин аударып берді. Президент кеңейтілген отырыста шенділерді батыл шешім қабылдауға шақырған. Бірақ мынадай өз ойын толық жеткізе алмайтын министрлер батыл әрекет ете алатынына сену қиын.
Астанадағы отырысынан мемлекет экономикалық тұрғыда қиын жағдайда тұрғанын, бюджет сарқылғанын, үкімет тығырықтан шығатын жол таба алмағанын, министрлер кабинетінде қысылтаяң сәтте кеуде керіп шығып, ауыр жүк арқалайтын мықты менеджер жоқ екенін аңғардық. Оның үстіне билік басты үмітті 30 жылдық еңбек жолында журналистерге «жынымды келтірмеңізші, блин» деген сөзімен ғана есте қалған Жұманғаринге артып отыр. Көш түзелер ме екен?..
Бюджетті толтырудың қандай жолы бар?
Мұхтар Түменбай, саясаттанушы:
Үкіметтің кеңейтілген отырысы жұрт көңілінен неге шықпады? Біріншіден, халық қымбатшылық пен инфляциядан әбден ашынған. Екіншіден, үкімет халық алдында сенімнен айырылып болған. Бұл өте үлкен фактор. Дамыған елдерде қоғам сенімінен айырылған үкімет отставкаға кетеді. Ал бізде ондай өркениетті әдет жоқ. Мұны Астанадағы жиналыс та көрсетіп отыр. Ал салық көтеру шешімі де үкіметтің дұрыс шешім қабылдауға дайын емес екенін көрсетті. Салық қалай өседі, оны нақты кімдер төлейді, қалай төлейді деген сұрақтарға да жауап жоқ. Халық соны ести алмай отыр, сондықтан наразы болады.
Мұндай отырысты толық форматта тікелей эфирде көрсету керек. Әр министр не айтты, қандай ұсыныс берді, премьер-министр қандай ұсыныс жасады – бәрін жұрт тікелей эфирде көруі қажет. Әсіресе халыққа қатысты шешім қабылданатын жиындар мемлекеттік арналарда көрсетілу керек. Үкімет отырысында кім не айтқанын ешкім білмейді. Тек президенттің сөзі жарияланды. Ал ақпарат жоқ жерде алдымен қаңқу сөз тарайды. Содан кейін наразылық туады. Мысалы, Тоқаев үкіметке қаржы үнемдеуді тапсырып, «көрпеге қарай көсілетін кез келді» деген. Ал оны кейбіреулер халыққа қарата айтып жүр. Толық ақпарат болса, мұндай бос сөз тарамас еді.
Экономикалық блокқа қатысты мәселені премьер-министр емес, экономикаға жауапты вице-премьер баяндау керек еді. Ал біздің үкіметті заңгер басқарып отыр. Ол экономиканы шемішкеше шағады деп қалай айтамыз. Ол экономикаға байланысты сұрақтарға қалай жауап бере алады. Мысалы, мен бюджетті халықтың қалтасына қол салмай-ақ толтырудың бірнеше жолын айта аламын.
Атап айтқанда, мұғалімдер мен дәрігерлерден басқа мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқартып, квазимемлекеттік мекемелердің санын азайту қажет. Мемлекетаралық қатынасымыз төмен, азаматтарымыз жоқ елдердегі елшіліктерді жапқан жөн. Президент пен министрлер кабинетінің шаруашылық басқармасы шығынын азайтып, министрлер мен әкімдер мініп жүрген қымбат машиналарды сату керек, олар елде құрастырылған көлікпен жүрсе де болады. Инфрақұрылым салуға бөлінетін бюджет қаржысын қатаң қадағалап, жол құрылысына, тротуар мен бордюр жаңартуға мерзім белгілеу (мысалы, 7 жыл) қажет. Дифференциалды салық жүйесін енгізіп, қымбат тауарға, ойын индустриясына салықты көбейту керек. Шенділердің шетелге сапарын азайтып, 40-50 адамдық делегацияны тоқтатуға шақырамын. Ең бастысы, жемқорлықпен күресті күшейтіп, шетел асқан қаржыны тездетіп қайтару керек. Міне, осындай қарапайым жолдармен бюджетті толтыруға болады деп есептеймін.
Қуаныш Қаппас