Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 26 Қыркүйек 2024

Тоқаевты тыңдамаған Даму банкін Смайылов түземек пе?

смайлов
Фото: Премьер-Министрдің баспасөз қызметі

Экономикамыздың шикізаттық емес саласын дамытады деген «Қазақстан Даму банкі» (ҚДБ) тағы да сыналып жатыр. 

Тағы да дейтініміз, бұдан бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев та: «ҚДБ негізінен қаржы, өнеркәсіп және құрылыс саласындағы белгілі бір топтың жеке банкіне айналды» деп, банк қызметін түйреп өткен. Одан бері екі жылға жуық уақыт өтті, ештеңе өзгермепті, соңғы кезде ерекше белсеніп жүрген Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов президенттің сөзін дәлме-дәл қайталағандай болды. Оған себеп те жоқ емес, әрине. Алайда Тоқаевтың сөзінен кейін де ескі ауруынан айықпаған, айығуға тырыспаған ҚДБ Смайыловты тыңдай қоя ма?

Байларды байыту үрдісі

Дайын өнімдер мен жеңіл өнеркәсіп саласы, дәрі-дәрмек шығару өнеркәсібі «Қазақстан Даму банкінен» қолдау көрмейді. Инвестиция салуға, салық базасын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға бюджеттен ақша белсенді түрде беріледі, ал Даму банкі жобаларға қаражатты жедел бөліп отыруға міндетті болса да, ақшаны депозиттердегі шотында ұстап отырып алған. Осылайша, бұл қаражаттар маңызды инфрақұрылымдық жобаларға уақытында тимейді. Аудиторлардың сөзіне қарағанда, тіпті кейбір ірі бизнес өкілдері қайта-қайта қаражат алып, «Қазақстан Даму банкін» сауын сиырға айналдырған. Соңғы бес жылда бұл банк санаулы ғана топтың жеке банкіне айналған. Бұған қарап, «банк байларды одан әрі байыту үшін ашылғандай әсер қалдырады.

Қазір банк қолдап отырған кәсіпорындардың үлесі 2020 жылдан бері екі есеге қысқарған. 2020 жылы банк тарапынан қолдау көрген кәсіпорындар 9,1 пайыз болса, қазір 4 пайызға төмендепті. Бұдан бөлек, банк тарапынан қауіп-қатері бар, яғни тәуекелі көп жобаларды қаржыландыру деректері де анықталған. ҚДБ жіберіп отырған олқылықтар кесірінен қаржылық ахуал нашарлап, өнімдерді экспорттау жоспары орындалмаған. Тексеру барысында 1,2 млрд теңгеге қаржылық заң бұзушылықтар анықталып, 25,9 млрд теңге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны, қолданғаны, 64 процедуралық заң бұзу және 9 жүйелік кемшілік анықталған. Бұдан келген экономикалық шығындары 15,8 млн теңге болған.

Банкті сауын сиырға айналдырған кімдер?

ҚДБ күні бүгінге дейін жалпы құны 12,9 триллион теңге инвестиция салынған 182 жобаны, 131 экспорттық операцияны қаржыландырыпты. Оларға 6,9 триллион теңге арзан несие берілген екен. Банк құрылғалы бері 137 инвестициялық жоба қолданысқа енгізілген. 33 990 жұмыс орны ашылған.

Ал енді ҚДБ ат төбеліндей шағын топпен ғана шектелмегенде, қол жеткізер жетістігі бұдан да жоғары болар еді. Өйткені банк несиелеген инвестициялық жобалар көбіне үш өңірге ғана тиесілі болған. Астана, Алматы, Павлодар облысы ғана банктің көп «игілігін» көріпті. Ал басқа облыстар бойынша банк бірді-екілі жобаларды ғана инвестициялаған. Бұдан бөлек, банк триллиондаған қаражатты көбінесе тау-кен, мұнай-газ өнеркәсібіне, металлургия саласына жұмсаған. Экономиканы әртараптандыру мақсатында жүзеге асырылуы тиіс машина жасау саласына, тамақ өнеркәсібіне, жеңіл өнеркәсіпке, өңдеу саласына банк тарапынан берілген қаражат мардымсыз.

Әдеттегідей ҚДБ-дан арзан несие алушылардың да тізімі аса өзгере қоймайды. Сол баяғыдай ірі көлемді қаражатты арзан пайызбен алушылардың қатарында олигархтар Патох Шодиев, Александр Машкевич және миллиардер Алиджан Ибрагимовтың жесірі – Мукадасхан Ибрагимовалар көш бастайды. Банктің шапағатын көрушілердің қатарында мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлдары Нұрхан, Нұржан Нығматулиндер де бар. Қазақстанның мыс саласында жүрген олигархтар Владимир Ким, Эдуард Огай да осы тізімнен табылады. Қазақстанның ең ықпалды адамдарының тізіміне енетін шымкенттік олигарх Серікжан Сейтжанова та ҚДБ беретін арзан несиеден құр қалып көрген жоқ.

Биыл аталмыш банк тек алты жобаны ғана мақұлдапты. Бұл арада ең көп қаржы – бір миллиард доллардай қаражат «ҚазАвтоЖол» компаниясына берілген. Бұл қаражатқа компания трассаларды салу, реконструкциялау жұмыстарын жүргізеді. Банк олигархтар Патох Шодиев, Александр Машкевич және Мукадасхан Ибрагимоваларға 178 миллион доллар ұстатпақ. Бұл қаражат «Хромтау» жел электр стансасын салуға жұмсалады дейді.

«Жас Алашқа» пікір білдірген қаржыгер Арман Мусин «Қазақстан Даму банкінің» тек қана аты мәлім, ірі олигархтардың жобасын үнемі қаржыландыруға машықтанып алғанын былай түсіндіреді:

«Ірі жобаларды іске асыру үшін ірі өнеркәсіп топтары, ірі компаниялар қажет. Олардан қаражатты қайтарып алудың да кепілдігі мол. Бәлкім, аталмыш қаржы институты осыны негізге алатын болар. Бірақ Жоғары Аудит палатасының сыны орынды. Бұлайша тек он шақты ірі кәсіпкердің қолына қаржы ұстата беру экономикалық балансты бұзады. Бұдан экономика әртараптанбайды. Тек белгілі бір олигархтардың ғана бизнесі жүреді. Байлардың қалтасы одан әрі қалыңдайды. Бізге нарыққа жаңа ірі кәсіпорындар керек. Индустрия мен инновацияны жетілдіреміз деп отыз жыл бойы ұрандап келеміз. Алайда бұл мақсатқа жете алмадық. Себебі кез келген салада ақшасы бар олигархтарға жол ашық. Бұлай ала қойды бөле қырқуға болмайды. Биыл ғана емес, ұмытпасам, былтыр наурыз айында Бәсекелестікті қорғау агенттігі де бұл банкке мониторинг жүргізді. Сол кезде Даму банкінің жекелеген жобаларға басымдық беріп келгені, тіпті олардың кейбіріне 100 пайыз несие беріп отырғаны анықталды. Мысалы, жекелеген жобалар арасында келіп түскен сәттен бастап бекітілген 70 күннің ішінде қаралудың орнына 2-3 күннің ішінде келісім берілген жағдайлар кездескен. Ал басқа жобаларды қарау, пысықтау мерзімі бұзылып, тіпті 300 күнге дейін қаралмай жатқан жобалар болған. Бұл бізді жетістікке жеткізетін қадамдар емес. Сондықтан өз басым банктің жұмысына құрылымдық өзгерістер керек деп есептеймін».

ҚДБ ауылға бара ма?

Қаржыгер ҚДБ-ны ауыл шаруашылығын қаржыландыруға бағыттау керек дейді. Біздің ауыл шаруашылығы саласы ондаған жылдар бойы ЖІӨ-нің 5 пайызынан аспай келеді. Ал бізбен климаттық жағдайы ұқсас Өзбекстанда ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 25 пайыз, ал Қырғызстанда 14 пайызға жеткен. Ауыл шаруашылығы саласын бюджетке масыл қылмау үшін болашақта ҚДБ арқылы ауылға ірі-ірі кәсіпкерлерді апару қажет.

«Ұлттық даму жоспарын қабылдадық. Ол құжатта ауылдағы еңбек өнімділігін арттыру, суармалы жерлердің баяу өсу қарқынының алдын алу, суды пайдаланудың тиімділігін арттыру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы кооперациясын жетілдіру дейсіз бе, толып жатқан жоспарлар бар. Шынтуайтында ол жоспарларды жергілікті әкімдіктер орындай алмайды. Олардың оған білімі де, қаражаты да жетпейді. Бізде ауыл шаруашылығын дамыту бойынша өткен мемлекеттік шаралардың тиімділігін талдау жоқ. Біз әлі сол «ескі» командалық-әкімшілік әдістер мен тәсілдерді қайталап жұмыс істеп жүрміз. Мұны әсіресе агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттен жеңілдікпен қаржыландыру барысында байқауға болады. Ауылды әлі сол ескі әдіспен қаржыландырып келеміз. Осыған байланысты кәсіпорындар мен шаруашылықтарды несиелендірудің жаңа тәсілі болуы керек. Қазір шаруалардың дені микронесие ұйымдарын жағалап кетті. Олардың пайыздары өте жоғары. Ауылға субсидия, дотация дегенді доғарып, осы «Қазақстан Даму банкі» арқылы арзан несие апару керек. Үкіметтің ауылға салалық банктер құруға дәрмені жетпейді екен, енді осы Даму банкін ауылға жұмыс істеуге бағыттау қажет», – дейді қаржыгер.

Тәуелсіз сарапшыларға жүгінеміз бе?

Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтың ойынша, «Қазақстан Даму банкі» ауылға беттей қоймайды. Себебі банк несиелендіруге ұсынылған әрбір жобаға алдын ала талдау жүргізіледі. Бұл кезең «Индикативтік талдау» деп аталады.

«Бұл арада «Индикативтік талдау» табысты өту үшін жобасын ұсынған компанияның құрылтайшылық құрамы, қаржылық әлеуеті, техникалық базасы, жалпы экономикалық негіздемесі тексеріледі. Ол кәсіпорынның ашыла салып жабылып қалмайтынына кепілдік болуы керек. Өз басым ауылға техникалық базасы мықты, құрылтайшылары пәрменді ірі кәсіпорындар жуық арада бара қояды дей алмаймын. Сондықтан ҚДБ-ны ауылға апару қадамы сәтсіз болуы мүмкін. Мысалы, бізде 2013 жылы экс-президент Назарбаев ашып, артынан жыл өтпей жабылып қалған «серпінді жобалар» болды. Осындай жайттар қайталанбауы үшін де банк ауылға бара қоймайды. Себебі ірі олигархтар ауылға барып кластерлер құрып, жылыжай өндірісін дамытып, мал шаруашылығымен айналысқаннан гөрі, тау-кен, уран, металлургия саласынан байлыққа кенелген артық. Сондықтан өз басым «ҚДБ ауылдағы кәсіпкерлерге мол қаражат бере қояды» дегенге сенбеймін. Менің ойымша, болашақта бұл банктің жұмысын реттеу үшін тәуелсіз сарапшыларды тарту керек. Банкке келіп түскен жобалардың авторлары анонимді түрде ешкімге көрсетілмей, оны тәуелсіз сарапшылар талқысына ұсыну керек. Сөйтіп барып, ол жобалар мақұлданса, әділетті болар еді. Рас, банкке бұрыннан ынтымақтас­тығы жолға қойылған компаниялармен жұмыс істеу оңайырақ шығар. Бірақ қайта-қайта белгілі бір бай-манаптарға қаражатты бере беруге болмайды. Нарыққа жаңа жобалар келуі керек. Олар жүзеге асуы қажет. Сонда ғана экономикада әділетті бөлініс сақталады. Осыдан барып экономика дамиды. Ал қазіргі ұстанған бағытымен ҚДБ экономиканы дамытпайды», – дейді экономист.

Жалпы, «Қазақстан Даму банкі» – 100 пайыз мемлекетке бағынатын институт. Банктің құрылтайшысы – үкімет, қаржы министрлігі, жергілікті атқарушы органдар.

ҚДБ жұмысына кіріскелі 20 жыл. Банкті ашудағымақсат – мемлекеттік инвестициялық қызметті жетілдіріп, тиімділігін арттыру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, елдің экономикасына ішкі және сыртқы инвестициялар тартуға жәрдемдесу болған. Қазіргі жеткен күйін өздеріңіз көріп отырсыздар.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ