21:38, 14 Қараша 2018
Төлеген ҚАЖЫБАЙ. Жалғыз бауыр

ЖАЛҒЫЗ БАУЫРәңгіме І– Ойбай-ай, жетпегір-ай, көзін ағыздың ғой сорлының.
Оң жақтағы жүк жиналған темір кереуеттің қырлы сирағына маңдайын соға-моға шар етіп құлаған Сақыштың үстіне төне қалған апасының оқыс даусынан шошынғандай орнынан атып тұрған Бозымбек аяқ-қолы жерге тимей сыртқа ата жөнелген. Үйді бір айналып шыққан ол ауыл шетіндегі іргесін тал шарбақпен шегендеп тастаған жатаған қой қоралардың бірінің төбесіне барып жасырынды. Әлденені бүлдіре қалса, қашып осы араға келетін әдеті. Өйткені, соңынан салып ұрып қуғыншы шықса, осы арадан бұқпантайлап жатып алып бағдарын білуге қолайлы-ақ. Бірақ мұның соңынан кім қусын. Марқұм әкесі маңдайынан шерткен емес. Анасы жер сабалап бажылдағаны болмаса, ауылдың әлдебір әйелдеріндей өкшелей қуып, өзеуреген кезі жоқ. Сақышты қойшы, соңынан қуалай қалса жолдан тосып алса да, кеудесінен нұқып қалып шалқасынан түсіреді, немесе аяғының астына жата қалып етпетінен сұлатады. Сөйтеді де, мазақтап тайып тұрады.Қой қораның шетіне таяу тұсқа жылжып келіп басын көтерді де жаңа ғана тастап қашып шыққан үйінің төңірегіне көз жүгіртті. Манағысын жабуға үлгере алмай аңырайта ашып кеткен есік сол қалпы тым-тырыс тұр. Одан тарс етіп тысқа шыққан ешкім бола қойған жоқ. Бәлкім таяу арада ешкім шыға да қоймас.Бозымбек шақырайған күн көзіне сықсия қарап тамсанып қойды. Түс те болып қалыпты. Қазір апасы тысқа шыға келеді де, күннен көзін алақанымен көлегейлей тұрып, жүзін әр тұсқа бұрып тастап: «Әй, Бозымбек, әй көкшешек неме, жүр үйге, шайыңды іш» деп қиқу салады. Бұл қораның үстінде етпетінен түскен күйі дым естіп сезбеген жандай жайбарақат жата береді. Апасы одан әрі екілене түседі. «Бозымбек деймін, әй, Бозымбек. Атың өшкір, қайда жүрсің. Ана шайың суып қалды. Бол енді, бас-басына шай қойып отыратын уақытым жоқ. Қырманға барып астық қабылдауым керек. Бол ойбай, бол енді», деп үйдің алдынан қотан ортасындағы тас құдықтың түбіне келеді. Бұл сонда да болса міз бақпай сіресіп жатады да қояды. Сол кезде оң жақтағы тоқал үйден қақырынып-түкірініп ақсақ Сәлкен шығады балдағына артылып.– О не, келін, тағы да ана жүгірмек пе зарлатып жүрген… Әй, Бозымбек, түс бермен, – деп қой қора тұсқа үңіледі. – Жаңа ғана осылай қарай жүгіріп бара жатқан сияқты еді.– Құлыным, әй Бозжаным, келе ғой енді, кел. Тимеймін, келе ғой. Ана шайы түскірің суып қалды. Сақышпен отырып іше ғой. Кешке дейін өзегің талады енді. Мен келгенше шай қайда, біреу қайда.– Не істеп еді соншалықты үйден безгендей?– Е, не істеді деріңіз бар ма, қайнаға. Ана үйдегі ала мысықтың құйрығына от қойып, қора-қопсыны өртеп жібере жаздаған жоқ па.– Алла, не дейді… Мына пәтшағарың бұзық қой, ойбай, бұзық...– Тек, олай демеңіз. Еркелігі де.– Әй, келін шырақ-ай, сондай да еркелікті көрсемші. Бүйте берсе бүкіл ауылды өртеп тынар. – Сәлкен сылти басып, үйіне еніп кетеді. Бозымбек сонда ғана қора төбесінен түсіп, қабақ астынан ұрлана қарап үйге беттейді.Бұл жолы да апасының қотанды басына көтере қиқулап шарқ ұрып іздеріне, жалынып үйге шақырарына шүбәсіз сенген Бозымбек сол сәтті тоса-тоса төбесінен өткен күн нұрынан маужырап қалжырап барып қалғып кеткенін де сезбеген. Содан шошып оянды. Самайынан аққан ащы терге қонған тозаңнан бет-аузы салтақ-салтақ, таңдайы кеуіп қаталап барады. Күн әлдеқашан тас төбеден құлдилай құлап, көкжиекке иек арта тоқтаған екен.Бозымбек сол баяғы тырс етіп дыбыс шығармай үнсіз тұрған есікті көрді. «Бұларға не болған. Әлде апам мен ұйықтап кеткенде тысқа шығып, әдетінше айғай салып іздеді ме екен? Әлде Сақыштың көзі шынында да апам айтқандай ағып кетті ме екен? Көз қалай ағып кетеді, су емес қой ағып кететін. Ұршықты жіберіп қалғаным артықтау болды. Қаттырақ тиіп кетті-ау деймін. Дәл көзіне тисе Сәлкеннің ала өгізіндей соқыр болып қалуы да мүмкін ғой. Бекер лақтырыппын ұршықты. Әй, өзінде де бар, жай отырмай, кебеже қарын дейді. Ештеңесі жоқ, кәдімгі қарын. Ептеп үлкендеу, әйтпесе... Бозымбек сиса көйлегінің етегін түріп сыпырып қарнына қарады. Қабырғасы ырсиып манағы тамырайып тұрған қарны опырайып ішіне түсіп-ақ кетіпті. Қарны ашқан-ау, іші құрылдайды.Ол қой қораның төбесінен сырғып жерге түсті де, шеткі үйлердің тасасымен бұқпантайлап келіп, өз үйінің терезесі тұсына жетті. Мойнын созып ішке үңілді де, әлденеден шошынғандай ыршып кетті.«Сұмдық-ай, Сақыштың көзін ақ орамалмен таңып тастаған апасы қасында жылап отыр ғой. Шамасы көзі ағып кеткен болар. Апасының мұны іздемегені, үйге жүр, шай іш демегені осы екен ғой. Сақыштың көзі ағып кетсе шай қайда… Қолға түссем түтіп жер. Масқара!».Бозымбек терезе түбінен атып тұрды да, беті ауған жаққа қаша жөнелді. Қаша жөнелгені – қорыққаны. Апасының мұны іздемегенінде бір сұмдық жатыр. Сақыштың көзі ағып түскен, әйтпесе, апасы мұншама уақыт тысқа шықпай қызының басында отырып егілмесе керек еді. Қолға түссе-ақ таяқтап алары сөзсіз. «Қап, ұршығы түскір қолына қайдан түсіп еді. Сабының үшкір ұшы тиген ғой. Оңдыра ма, ағып түссе ағып түскен шығар. Тап осы жолы апасы жүндей түтеді. Талай еркелігіне кешірім болса да тап осы жолы бір тықыр таянған-ақ шығар...» Осы бір үрей Бозымбекті ауыл қотанынан бездіріп жіберген.Содан мұны келер күнгі сәскеде Қарақоғаның сайынан қой қайырып жүріп, Қали шал тауып алған.Имене басып үйге енген Бозымбекті жерден алып жерге салып ұрсудың орнынан апасы бас салып боздап қоя берсін. «Құлыным-ау, әкеден қалған жалғыз тұяғым-ау, шешеңді шерменде қылып қайда жоғалып кеттің. Түні бойы іздеп осы ауылды шарқ ұрдым. Тірідей өлтірдің ғой мені» дейді. Сөйтеді де, құшағында отырған Бозымбектің өзі ме, әлде басқа біреу ме дегендей қайта-қайта бауырына басып өксиді. Апасының жылағаны жылас па, жалғыз көзден (бір көзін танып тастаған ғой) сорасы бұршақтап Сақыш жыласын. «Мені өлді дедің бе сонша шошынып. Безіп кеткенің не бізден. Мені қойшы. Бір басқа бір көз де жетеді. Сенен айырылсақ не боларын білмедің бе Бозжаным» деп тұрып жылайды. Екеуінің егілгеніне қосылып бұл жыласын. Бірақ өзінің не үшін жылап отырғанынан хабары жоқ Бозымбек сәлден соң қалжырап барып төсекке құлаған.Ертеңінде Сақыш көзін байлаған орамалын шешті. Ар жағында не бүлініп, не қойғаны белгісіз, қып-қызыл болып долырып ісіп кеткен көзін аша алмай басыр болып қалды.Бозымбектің лақтырған ұршығынан ұшынды ма, әлде басқа бір пәлекет жабысты ма, әйтеуір, Сақыштың сол көзіне келе-келе тарыдай ақ байланды. Бой түзеп сыланған құрбыларының қатарына қосылып үлгерсе де, Сақыш өз бойына жабысқан осы бір пәлекеттен қорынып, көзіне қамшы тиген малдай бұқпантайлап, қорғалап үй маңынан озып шыға алмайтын халге жеткен. Ауыл баласына тән ибалық мінезге бай Сақыш соңғы кезде жігіт-желең бас қосқан ортадан аулақтап, бар ермегі аядай үйдің тірлігі болып алған. Апасының да «қатарыңнан кем қалмай жиын-тойға барып жүрсеңші. Жұқаштың қотан аяқ қара қызы Асылдан кем бопсың ба?» дегенін де тыңдамай үй ішінің күйбеңімен күн өткізеді. Көз тоқтатып қарарлықтай-ақ әдеміше дидары, беліне оралған қолаң шашы бар, талшыбықтай солқылдап өскен Сақыш Бозымбек десе ішкен асын жерге қоятын бауырмал көңілден суынып көрген емес. Анасы екі аяқтан баса алмай үйде отырып қалғанда оқудан қол үзіп барып сауыншы болған. Күні бүгінге сол салпақтан әлі құтылған жоқ. Өңірі мен етек-жеңі сауыс-сауыс қақ болып, қысы-жазы сиыр бұтын қақтаумен күндері өтіп келеді.Бозымбектің әлі есінде: өз ауылынан он бес шақырымдағы Қызылқайың колхозының орталығындағы интернатқа анасы қоярда-қоймай зорға апарған. «Мен тірі тұрғанда сенің оқымай қалуың өлім емес пе. Ана апаң Сақышты да оқыта алмаған күнәм де бір басыма жетер. Оқымаймын дегенді қой» дейді баяғы. Бұл болса «оқымаймын, жұмыс істеймін» деп қисаяды. «Бұғанаң бекімей жатып жұмыс неңді алған. Ана Сақыштың салпағы да жетер» деген апасы қойсын ба, жетелеп әкеліп тарантасқа отырғызды. Почташы Бегімбек Қызылқайыңға күн ара қатынайды. Тарантасқа жегілген ала өгіздің тұяқ сыртылын санап соңдарынан жаяу ерген апасына өкпелеп Бозымбек теріс қарап отырып алған.– Келінжан-ау, шаршадың ғой, мен түсейін, отырсаңшы келіп, – дейді аппақ сақалын саумалап сылаудан қолдары босамайтын бүкір шал ала өгізді шыбыртқымен осып-осып жіберіп, артына еңсеріле бұрылып.– Атасы-ау, маған алаң болмаңыз. Мына Бозжаным шаршамаса болды да. Қызылқайың мына тұрған жер емес пе, несіне шаршайын, – деп апасы көнбейді. Шал жаңағы бір ұсынысын Қызылқайыңға жеткенше сан рет қайталап әлектенсе де, апасы тарантасқа аяқ артпай-ақ жетер жеріне жетіп жығылған.Содан мұны интернатқа орналастырған анасы Бегімбекке ілесіп кері қайтқан. Өз ауылынан сүйем қадам тысқары жерге шығып көрмеген Бозымбектің бір жеті өтпей жүрегі елжіреп, аяғының басына түссін. Сондағы сағынатыны – ауылы. Ауылда қалған бірге ойнайтын балалары, кеудесінен нұқып қалып шалқасынан түсіретін Сақышы, ауылды басына көтеріп мұны шарқ ұрып іздеу салатын баяғы апасы есінен шықпайды. Ауылда өткен әр күні қызық еді ғой шіркін. Ондай қызықты күндер енді қайдан болсын.Жол тосып жүріп почташы шалға апам келіп кетсін, сағындым деген дұғай-дұғай сәлемін айтқан. Қырыс шал мұның сәлемін ұмытып кетті ме, кім білсін. Апасы екі жетіні өткізіп барып зорға келген. «Қазір қыдырыстап жүретін заман ба. Соғыс болса анау, жиналмай жатқан астық болса мынау. Бригадирі түскір зорға босатты» деген апа сөзі мұның санасына онша қонақтай қоймайды. Бар қуанышы апасының келгені. Келгені не керек, бір сағаттан соң қайыра кетпекші болды. «Жұмыстан қолым босасымен жиі келіп тұрамын. Алаңдамай оқуыңды оқы. Бостан құданың үйіне бірер пұт ұн мен құрт-май беріп кеттім. Қарның ашып қалмасын, сол үйге барып тұр» дегенді жүре айтып тарантастың соңынан ілбіді.Жұт жеті ағайынды дегендей күндердің күнінде мұның интернат берген табандаулы пимасы жоғалсын. Күз бойы төпелеген тас ұлтан қытай бәтеңкесімен сақырлаған сары аязда да оқуға барып жүргенін көрген интернат меңгерушісі пиманың жоғалғанын бірден білген. Сол-ақ екен, мұны қаға берісте ұстап алып құлағын бұрап тұрып, «мемлекет берген киімді неге жоғалттыңға» салып сілкілесін. Жоғалтайын деп жоғалтты ма бұл. Әлдекім ұрлап алған да. Содан бұл колхоз кеңсесін жағалап почташы Бегімбекті үш күн бойы тосып жүріп, зорға кезіктіріп, мән-жайды жылап тұрып айтып еді. «Апам қалай да ауылдан табандаулы пима жеткізсін» болды сәлем аяғы.Бұл хабар апасына сол күні-ақ жеткен. Сақыштың аяғындағы пиманы шешіп алып, қолтығына қысқан бейбақ таңнан Қызылқайың қайдасың деп алып ұшқан. Қыс көзі қыраулы, жаяулыға жуыр маңда жеткізсін бе Қызылқайың. Сол боранның айдауымен беті ауған жаққа ығып кеткен бейбақ неме Қаранардың сорына ұрынсын. Арқаның сақылдаған көкшұнақ аязында да беті жыбыр-жыбыр етіп қатуды білмейтін тұзды сорға белшесінен малтыға батып әбден қалжырап барып жығылған әйелді ертеңінде Қызылқайыңның мал іздеген жылқышылары тапқан.Үсік шалып, діңкелесе де қолтығына қысқан қос қоңыр пимадан айырылмаған әйелдің қайраты жылқышыларды қайран да қалдырып еді. Апасы Қызылқайыңға келгенде Бозымбек шырт ұйқыда жатқан. Үсікке ұрынып, қатты қажыған ана ұлын ояттырмаған, сол түні ауылға апарып тастауды өтініп еді. Онысы жөн де болыпты. Келе басын көтере алмай төсек тартып жатып қалды. Ал, Бозымбек болса ертеңгісін төсегінің аяқ жағында тұрған қос қоңыр пиманы көріп, қуанып кеткен, интернат бастығына көрсетуге асыққан.Бозымбек анасының өлім халінде жатқанынан хабарсыз еді. Бірақ үйінде төсек тартып ұзақ жатқан анасының жоқтығын Сақыш білдірген жоқ. Қыс бойы сан қатынап, көңілін жұбатып кететін.«Апам неге келмейді?» – дейді Бозымбек Сақышқа бұртиып. «Ойбай-ау, апамның былай-былай жүруге қолы тие ме. Сауын сиырға кірген. Завферма тастаяқтай қағыстырып ешкімді босатпайды» дейді Сақыш бір түрлі жыламсырап. «Е, сен неге бірер күн орнында қалып сиыр сауыспайсың?». «Оған завферма көне ме». «Завфермаға бәрібір емес пе, кім сауса да». «Жоқ, бәрібір емес, әркім бір сауса сиырдың сүті кетеді» дейді. Бозымбек иланған болады. Бірақ апасы былайша тым ұзақ уақыт соқпай кетпесе керек еді.Сол жолғы суықтан оңалып кете алмаған апасы үш жыл бойы домалап жатты да қойды ғой.Почташы Бегімбекті интернат үйінің алдында жолықтырған.– Ата, жәй жүрсіз бе? – деген Бозымбек шалдың мына жүрісінен секем алып. – Апам аман ба?..– Әй, шырағым-ай, қайдан жай жүріс болсын апаң қысылып жатыр. Мін арбаға, – деді шал. Жүзі төмен, өңі сынық еді.Почташы Бегімбектің тарантасына мініп түс ауа зорға жеткенде, ауылдың ақ сақал-қара сақалы апасын ауыл сыртындағы зиратқа жерлеуге әкетіп бара жатқан. Бұл мойнындағы бір кездегі апасы тігіп берген шүберек сөмкесін лақтырып жіберіп, топ соңынан ұша жөнелсін. Қари молланың айбат шақырып ақырғанына да қарамастан, апасының сүйегі оралған ақ киізді жұлқылай ашып тастап, өлікті емірене құшақтап егілген. Арғы жақтан, жан дүниесін алау-жалау етіп өртеген өксікті, өкінішті, күйінішті халін аңғартар ащы жас лықсып-лықсып ақтарылған да, тыйылмаған. Қабір басындағылар түгел күңіренді.Әлдекімдер мұны жұлқылап, қолдарын қайырып зордың күшімен өліктен ажыратқан. Бұл арғысын білмейді – бәрі бұлдыр, бәрі күңгірт беймәлім дүние...– Тұра ғой, балам, жылағанмен апаң енді келмейді. Бозымбегім деп маңдайыңнан иіскеп бауырына баспайды енді. Әй, шіркін бейбақ, мұңдардың сен дегенде шыбын жаны бөлек еді ғой. Тілі байланғанша «Бозымбегім» деп жатты, бейшара. Сен дегенде алабөтен еді ғой көңілі… Уа, дариға-ай… Арманда кетті ғой… Тұр, тұра ғой енді...Оның құлағына еміс-еміс, үзік-үзік жеткен осы бір жұбанышты сөздер есін жиғызғандай еді. Ол анасының жас топырақ жамылған қабірін құшақтап жатыр екен. Манағы жұрт тегіс кетіп қалыпты. Мұның қасында балдағына сүйеніп көршісі Сәлкен шал тұр. Оның да жанарын жас жуып, көңілін өрт жайлағандай екен.Орта мектепті бітіргенше Бозымбек сан толқып, сан бұзылған. Сақышқа салатын сондағы қиғылығы: «Оқуды тастап ауылға барамын. Етікші Көшеннің Аманкелдісі құсап трактор мініп, еңбек етемін, әкемнің шаңырағына ие боламын». Оған көнетін Сақыш па. Қасында Бозымбектің болғанын іштей ұнатқанымен апасына берген уәде бар, асылындай ардақтап өтер ана аманаты бар.Күн кешкіріп қалған уақыт еді. Даладағы малды жайғастырып үйге енген Сақышты төр алдындағы құс төсекте сарыла тосып жатқан апасы қасына шақырған.– Ботам, мен енді көп ұзамаспын. Бұғанаң бекімей жатып міндет жүгімді жалғыз сенің мойныңа артып қойғаным маған да оңайға түсіп жатқан жоқ, ботам. Енді оның бәрінен құтыласың… Әттең дүние-ай.– О, не дегенің апатайым-ау, не деп кеттің? Жүгің не, міндетің не?.. – Сақыш апасының қымтана жамылып жатқан көрпесіне бетін төсеп өкси-өкси жылаған.– Әкең марқұм үш күн бойы түсімнен шықпай-ақ қойды. Жүрсеңші, келсеңші дейді. Мен сенің қасыңа бармайын деп жүр деймісің, ана екі шикі өкпені қимаймын да деймін. Оларға алаң болма, ана Сақышың барда Бозымбек кемшілік көрмейді дейді әкең. Сонысы рас та шығар. Мен олай-бұлай болып кетсем, сол жалғыз бауырыңа ие бол, қатарымнан кем қалдым демесін. Оқыт, сиыр соңында жүрген сенің де салпағың жетер. Осы үйдегі азды-көпті дүние екеуіңнің ырыздығың… Өзі ептеп кісікиіктеу, кекшіл ме деймін. Жетім баланың әдеті де… Әйтеуір, ренжіте көрме, аруағым разы болсын десең… Жалғыз бауырысың ғой… Әттең дүние-ай, теңіңді тауып қоса алмай барамын. Уһ, жалған-ай...Көкірек тұсын керіп бара жатқан осы бір сырларын қинала жеткізген ана таң алдында дүние салып еді. Сақыш осының бәрін қалай ұмытсын.***Қызылқайыңнан он жылдықты бітіріп, оралған Бозымбектің қуанышы деп, Сақыштың істемегені жоқ. Өзі де алдын ала дайындықта болса керек, сол күні-ақ ашытылған екі фляг сыраның аузын ашты. Ауылдың ақсақал-қара сақалы түгел осы үйде болды. Ет жесіп, сорпа сімірісіп, бата беріскен шал-шауқан тарасқанмен, ауылдың бірсыпыра қыз-қырқын, жігіт-желеңі ұзақ түнге кеселеп сыра сілтесіп, аста-төк ән шырқасып мәре-сәре болысты. Үшінші рет шайға жүгініскенде, бастауыш мектептің мұғалімі Өтеш жұлынып, сөзге шыққан.– Жолдастар, – деген ол колхоздың басқармасының жиналысында сөз алған шолақ белсендідей омырауын желпіп тастап, – біз бауырымыз Бозымбектің орта мектепті бітірген тойында отырмыз. Әке-шешесіз демесең қайсыңның бауырың осындай дәрежеге жетіп отыр. Кәне айтыңдаршы. Соның бәрі мына қарындасым Сақыштың арқасы. Так что, Сақыш мына кесе толы сыраны алып қоямын.– Бәрекелді, Өтеш, өте дұрыс айттың. Мен де кеттім.– Жөн, сөзің әділ. Сақыш үшін ішейік.– Шаңырақты шайқалтпай түтін түтетіп отырған Сақыш үшін деуіңнің жөні бар. Әй, Бозымбек, ертең апаңның осы еңбегін ұмытпа.Ду-ду әңгіме жаңа бір белеске өрлеп шығып, өрістей берген. Бозымбектің осы халге жеткендігі жалғыз апасы Сақыштың арқасы дескен бір ауызды пікірге қол қойысқан көпшілік тұжырымы апаңды ренжітпе, сыйла деген ақылға барып сайған. Оны сезіп білмейтін Бозымбек кеще, не дүңгене емес, бәрін де біледі, бәрін де түсінеді. Қазір оны алаңдатып отырған басқа жай – ана бір қатпа жігіттің жылмаң қылығы болып отыр. Осы үйдің екі туып бір қалғанындай «алыңдар, ішіп қояйық» деп майлы қасықтай жылп-жылп етеді. Анда-санда Сақышқа сүйкене күліп, әлдене деп, әзіл тастарын қайтерсің. Бозымбектің жыны әбден келді. Жұрт жыртыла айырылысып орындарынан тұра бастағанда, Бозымбек атылып барып Сақыштың оң жағында шай әперіп, сыра үстемелеп отырған қатпа қараның жағасынан ала түсті.– Әй, Бозжан, не болды саған? – деген Сақыш орнынан атып тұрды.– Мынаған не көрінді, қонаққа қол жұмсағаны не сұмдық?– Қой, Бозымбек, мұның не, ағаңдай адамның жағасынан алғаның, – дескен жігіттер жағы көзі шатынап, жер тепкілеп шыға келген Бозымбекті қоржын үйдің төргі бөлмесіне алып кеткен.Сақыш жаман қысылды. Сәлкен шалдың аудан орталығында тұратын немере інісінің баласы Әлімнің келгенін естіп тойдың ішінде бол деп өзі барып әдейілеп шақырып келген еді. Анда-санда ауылға соға жүріп, Әлімнің өзі десе ықыластана қалатын қылығын қыз жүрегі сезбейді емес, сезетін. Несі бар, өңі ептеп қаралау демесең ешкімнен кем емес. Бетіне ас құйып іше ме, сыйласса болды емес пе. Аудандағы бір мекемеде қызмет істеп жүр. Соғысқа да сол қызметінде жүріп броньмен бармай қалған көрінеді. Жұмысы жауапты болмаса, броньмен қалмаса керек. Өңі қараның іші сара шықпасына кім кепіл. Қуыс үйде қу тізесін құшақтап отыра бермек пе осылай.– Қап, мына неме бәрін де бүлдірді-ау. Кешіріңіз, Бозжан ептеп… Кешіріңіз, Әлеке, кешіріңіз. – Сақыш бәйек болып жатыр.– Ештеңе етпейді Сақыш… Мен… кетейін. Ештеңе етпес...– Ештеңе етпейді емес, етеді. Әйда, кет бұл үйден. Сені кім шақырды өзі. Басынайын деген екенсің… – Төргі бөлмеден шар-шар еткен Бозымбектің даусы өңменінен өткендей суық еді.– Қой енді тентек неме. Бірдеңе бүлінгендей не болды сонша. Ұят емес пе өз тойыңда.– Сен де қой әрі. Той менікі емес, сенікі… Мені әдейі көз қылып… Ана қасыңдағы сығанмен танысқың келген ғой.Сақыш төргі үйге жетіп барды да, екі жігіттің ортасында екіленіп тұрған Бозымбектің жағынан тартып-тартып жіберді. Баланың өңі құп-қу болып бозарып кетті.– Әй, қой, Сақыш, сабыр ет, – дегенше болған жоқ, солқ-солқ етіп жылаған қыз далаға атып шықты. Бозымбек болса сол тістеніп сазарған қалпы төргі үйдегі апасының кереуетіне сүйеніп тұрып қалып еді.Апасы Сақыштың ақ кіреуке көңіліне көлеңкесін түсіріп, тұралатып кеткен осы бір оқиға Бозымбектің де кінәмшіл, өзімшіл көңіліне де жібімес өкпе-шемен болып қатып қаларын кім білген.ІІ– Ал, Бозымбек Балабекович, құттықтап қоюға рұқсат ет, – деді шаңырақ көзілдірікті былшық сары айналмалы мамық орындыққа шірене шалқая түсіп. – Қорытынды сөзің сәтті шықты. Шалымыз разы болып қалды.– О не дегеніңіз Жәке, бәрі сіздің арқаңыз. Алдымен сізге рахмет айтуым керек.– Үлкенді сыйлағаннан қор болған қазақты көргем жоқ. Әне көрдің бе, ағаңның бірауыз сөзін жерге тастамап едің… Қорытынды сөзің кіріспедегідей сүрініп-жығылған бірдеңе бола ма деп күдік илеп едім. Жоқ, сәтті сөйледің. Қазір үлкендерге не керек. Көпіртіп көпшік қоя білсең және оның тігісін жатқызып, былайғыларға иланымды етіп жеткізсең жетіп жатыр. Ха-ха-ха… Шал сенің сөзіңнен кейін өзін шынында да, ғұламалардың бірі екенмін деп қалды. Оған шүбә жоқ, ха-ха-ха...Былшық сары одан әрі шірене түсіп, керіле есінеп алды да, сұр папканы бұған ұсына берді.– Мынау менің қолжазбам еді. Академияның келер айдағы «Вестнигінің» жоспарында тұр. Соны бірер күніңді қиып қарап шығып, машинкадан өткізіп әкеп бергейсің. Өз жұмысыңа да қол босамайтын заманға қалдық қой. – Түсінем, Жәке, қазір үйге барысымен қарап шығамын… Бәрі көңілдегідей болады, Жәке.– Ал, онда қайыр қош. Гүлнәр келінге сәлем де.Ат шаптырым кабинеттен мысық табандап тырс еткен дыбыс шығармай шығып кеткен Бозымбек өз кабинетіне де соқпастан лифтіге жүгірді.Ол қуанулы еді. Көптен тосқан қызметке жоғарылатылып жатса қуанбағанда қайтеді. Бұған алдымен Гүлнәр қуанады.– Жұрттың байы әне, қызметке кірді дегенше бір жерден тесіп шығады. Сен болса әлі күнге бір бөлімге қолың жетпей салпақтап жүргенің мынау. Біздің Жәкең, біздің Жәкең дегенде сондайсың. Осы үйде болып адал дәміңді татып отырып жарылқағанда сондай. Неге айтпайсың былай… Ғылыми мақалаңа соавтор болғанда да алдыңа жан салмайды. Бір жәрдемін бермей ме енді, – деп құлақ етін жейтін еді. Енді не дер екен.Бозымбек бастығының сұр папкасын ғайыптан пайда болған асыл бір заттай, бар бақыт тірлігі осы папкада тұрғандай қапсыра қысып, қаттырақ ұстамаса, әлдекім қолынан жұлып әкетіп айырылып қалардай аса бір ыстық ықыласпен бауырына баса ұстап аялдамаға қарай үкідей ұша жөнелді.«Шіркін, Жәкеңдер кісі ғой. Шыда бала, қисынын келтірсек, бөлімнен бір-ақ шығасың деп еді. Айтқаны келді. «Шалымыз көңіл-күйдің адамы. Көңілденіп отырған кезіне кезіксек болды. Бәрі де реттеледі. Адам қартайған сайын, көңілшек, мақтан сүйгіш болып кетеді. Сондықтан жел сөзді аяйсың ба, осы институттың тірегі де, жүрегі де өзіңізсіз, сіз кетсеңіз не боламызға жақындатып көсіліп бір бер. Бірақ оның аргументированный болсын. Әйтпесе дұшпан көз көп, жалған сөйлеп тұр деп ойлаулары мүмкін. Ойлағаны сол, сырт айнала беріп шалға теріс жеткізеді де, бәрі зая кетеді. Онда шақар шалдың оң жамбасына түстім дей бер» деген ақылды да, осы Жәкең құлағына сіңірудей сіңірді ғой.Бәрі де ойдағыдай болды.«Үлкенді сыйлағаннан қор болған қазақты көргемін жоқ» деуі де жөн. Бірер ғылыми мақаламда соавтор болғанда не тұр. Қайта былайғылар мына Балабековичтің істес адамы осал емес екен демей ме. Сонда Бозымбегің бір оқпен екі жақты да тырайтып салған жоқ па – Жәкең де разы, дұшпан көз де ығынып қалды.Бәрінен де біздің бәйбіше осал емес. Жәкеңмен жанастырып, институттан соң сол кісінің қарамағына барсаң өлмейсің дегенді біздің Гүлекең айтқан жоқ па. Әй Сақыш-ай, Гүлнәрға қосыламын дегенде ерін бауырына алып мөңкіді ғой біраз. Сондағы айтатыны ат шаптырым Алматыңда жібі түзу қыз құрып қалып па?.. Ойбай-ау, бірер жас үлкендігі, ерден шықты дегені болмаса, қала ортасында қос бөлмелі үйі, тамыр-танысы, мынау деген бір трестің бастығы ағасы бар мұндай келіншек мен сияқты ауылдың жалаңаяқтары үшін қойма емес пе. Көңіл жарастығы дейді, ол жүре болатын нәрсе ғой. Құдай дес бергенде ана сары үрпек қызымыз дүниеге келді. Бұл да болса дәнекер. Өмір бәрін де жарастырып, бәрін де өз орнына қойып береді әлі. Тек Жәкең айтқандай асықпай-аптықпай қыбын тап та ептеп қимылдай бер».Бозымбек қиял құсын көкке өрлеткен осындай бір тоқтық көңілдің пәлсапасынан арыла алмаған қуанышты сезім үстінде үйіне қалай жеткенін де білмей қалған. Гүлнәр тағатсыз тосып отыр екен.– Шалым-ау, кешіктің ғой, – деді мол денесіне лайықтап тігілген патсайы халатының еден сызған етегін серпіп тастап, орнынан көлбеңдей көтеріле беріп.– Сүйінші, Гүлеке, сүйінші. Шалың жаңа ғылыми кеңестен шықты. Бөлімге бекітті.– Қойшы-ей, мынауың түйе сойып жасайтын қуаныш қой. – Гүлнәрдің ақ сары жүзі бір түрлі толқып, шексіз қуаныштың нышанындай құлпырып шыға келген.– Әй, Жәкең жарады, ретін келтіремін-ақ деп еді. Бәсе, уәдесін жерге тастамас деп едім-ау өзім де… Жарады, жарады. Мә, айтпақшы телеграмма келген екен ғой. – Гүлнәр ұсынған телеграмма Сақыштан еді.– Е, бұл неге мезгілсіз желігіп...Төргі бөлмеге өткен Бозымбек костюмін шешіп мамық орындықтың арқалығына аса салды да, телеграммаға қайыра көз жүгіртті. «Бұл поезы қай уақытта келуші еді. Ойбай-ау, жұмыс уақытында ғой. Қап, жаңа ғана бөлімге орналасып жатқанда. Мұны қарсы аламын деп...»– Гүлеке, мынау Сақышты көрдің бе? Жұмысты тастап қалай қарсы алсақ екен.– Соны айтам. Ертең менің де қолым тие қоймас. Культоргтің қоймасына барайық деп, келісіп қойып едім біреумен.– Бөлімге бара салып шапқылап кеткенім қалай болар екен. Әй осы қазақ, ел қыдырмаса іштері кебе ме осы.– Кел тамағыңды іш. Бір жөні болар. Болмаса үйді біледі, есік алдында күте тұрар.– Кілтті Иван көршіге тастап кетсек қайтеді.– Қой, ойбай, тастап кеткені несі. Ана жетпегір баласы ішіп жүреді, сыпырып кетсін деп отырсың ғой барыңды.– Онда білмедім... ***Бір қолында жетелеген үш-төрт жастағы қызы, бір қолында бүйірі жер сүйреткен қапшығы бар Сақыш ақ тер-көк тер болып жолсеріктердің көмегімен вагоннан зорға түсіп еді.– Ту, күндерің күйіп тұр ғой. – Желкесіне қарай сыпырылып кеткен тер сіңді ала орамалын шешіп сілкіп қайыра байлады. – Жүрсеңші қиралаңдамай, сен де басыма пәле болдың-ау. Адам көрмеп пе едің? Неге қарайды төңірегіне. Бол жүр.Сақыштың оң қолынан тас қып ұстап алған кішкентай қыз абыр-сабыр халыққа әрі таңдана, әрі тосырқай қарап қапшықты көтере алмай сүйрете жөнелген анасының етегіне оралып жүргізбей келеді.– Бозжанның келмегені не? Әлде үйінде болмады ма екен. Олай болса Гүлнәрдің келуі керек еді ғой. Телеграмі түскір жетпеді ме екен? Қойбағардың келініне-ақ жаздырып едім. Қап, енді қайттім.Сақыш қаптаған халық ішін тінте қарап, вокзал алдында аз-кем кідірген. Бірақ өзі ойлағандай Бозымбек те, Гүлнәр да топ ішінен жарқ етіп шыға келмеді. Жүргіншілердің вокзал ішінде лықсыған қалың нөпірінің қақпақылдауымен ілгері жылжып келіп, босағаға тірелген Сақыш пора-порасы шығып әбден терлеп қалжыраған қалпы босағаға сүйей салған қапшықтың үстіне отыра кетті.Қатты күйінді. «Мұнысы несі? Көңіл қосатын болдым, тойға керек-жарағыңды алып жет» дегенде тап осылай бір ұбап-шұбап келгеннен соңғы келісі осы емес пе. Оған да санап отырса, он үш жыл болып қалыпты. Өзін әлденеше рет шақырып, елге бір келтіре алмады. Ауылдағы әйелі өлген сиыршы Анарбектің етегін ұстап, екі жарты бір бүтін болғалы да бес жылға аяқ басты. Сол хабарды естісе де, естімеген болып тым-тырс жатып алып бір еңіретіп еді осы жалғыз бауыры. Сонда менде бауыр да жоқ, тірек те жоқ деп егілген. Содан ауылдағы фельдшер қыз рахат дей ме, рахит дей ме (ондай да аурудың аты болады екен) мына қисық аяқ кебеже қарын қызы Ырысжан өмірге келгенде хабар бергізген. Тап осы жолы келер-ақ деп күтінген. Келмек түгілі құтты болсын деген бір жапырақ қағаз да жіберген жоқ Бозымбек. Әлде Сақышқа өкпесі бар ма? Не деп өкпелейді. Той деді, біреуден ілгері, біреуден кейін тойын жасады. Әкеден қалған қоңыр биені құлынымен сатып ақшасын қолына санап берді. Қысқы соғымның жарты етін тік көтеріп той қазанына салды. Өлгені тіріліп, өшкені жанғанда несін аянсын, аянған жоқ. Жаза басқан жері «ат шаптырым Алматыңнан жібі түзу бір қыз таппадың ба» дегені болды. «Ай, Сақыш-ай надандығың қалмайды-ау сенің» деген де қуарып сала берген Бозымбек апасына тіксіне қадала қарап теріс айналған. Баяғыда Әлімнің жағасынан ала түскенде тап осылай тіксініп, сұрлана қалып еді. Содан бар әңгіме тыйылған. Өзіне жақсы болса Сақыштың не алғаны бар. Ынтымақтары жарасса, ат атандырып, сүйек сындырмаса болды да.«Бүтін ауылды дүрліктіріп жалғыз бауырыма барамын деп шыққанда, Бозымбегім жер соқтырып кетті-ау. Сонда мұның жалғыз бауырға керексіз болғаны ма. Қолына қызмет тиіп, оңы мен солын таныған соң, мұның керексіз болғаны да. Әйтпесе, он үш жылда бір келгенде қарсы алатын-ақ жөні бар емес пе».Сақыш құлазыған жан дүниесін жайлап алған күйініштен өз-өзіне ие бола алмай солқылдап қоя берді. Шұбырған халықтың аяғы астында ешкімге керегі жоқтай ағыл-тегіл жылап отырған Сақыш жападан-жалғыз қалған жандай өзін бір түрлі дәрменсіз сезінді. Біреу иығымен, біреуі етегімен қағып өткен сайын сол дәрменсіз халі ауырлап, жетім жүрегін өртеген күйінішті сезім қинай түскен.– Апа, неге жылап отырсыз?– Ә… ә… Мен жай әншейін. – Сақыш иығына жайлап қолын салып, өзіне күлімдей қарап тұрған бейтаныс жас жігіттен қысылып қалды. Орамалының ұшын көзіне апара берді.– Ініме телеграмма салып едім...– Қарсы алмады ма? Үлкен қалада ондай-ондай болады ғой. Телеграмма қолына тимеуі де мүмкін. Бір себеп болғаны да. Әйтпесе, қарсы алмауы мүмкін емес.– Иә, иә қарағым, өзім де мүмкін емес-ау деп ойлаймын. Өздеріне бірдеңе болмаса жарады да. – Сақыш етек-жеңін қағынып орнынан тұра бастады. – Мына балам үшін ғой. Сонау елден етегіме сүрініп келгенім. Ана көзін көрсетейін деп. Еңбектеп жүріп көзін орындықтың қырына ұрып алып, жазған неме, содан. Асқынбай тұрып емдетем бе деп алып келгенім ғой.– Ойпырмай, сақтаған екен әйтеуір. Мұнда жақсы көз дәрігерлері бар ғой. Көрсетсеңіздер тәуір болып кетеді. – Бейтаныс жігіт Сақышқа қарап «өзіңіздің көзіңізге де сондай жазатайым бірдеңеден ақ байланған ба», деп сұрай жаздап барып іркілген.– Міне, мен де қарсы ал деген телеграммамен шығып едім. Апам жоқ. Бірдеңе болған ғой, әйтпесе жүрем деп тұрып жолынан қалмас еді. Жүріңіз, адресін білсеңіз апарып салайын ініңіздікіне.– Құдай жолыңды оңдағыр, дұрыс кездестің-ау, қалқам. Міне, адресі осы болуы керек. – Сақыш әбден сары тап болған төрт бүктеулі қағазды ішкі қалтасынан алып, бейтаныс жігітке ұсына берді.Бұлар келгенде, Бозымбектердің үйі жабық болатын.– Жұмыстың аяқталуына бір сағаттай қалды. Тоссаңыз отыра тұрыңыз, болмаса біздің жатақханаға жүріңіз. Жұмысқа жаңада ғана орналастым. Үй жағы әлі болмай тұр. Мына қарындасым шөлдеп қалды ғой.– Қалқам, ештеңе етпес. Көбіне шыдадық қой, жұмысыңнан қалмай жүре бер. Көп жаса, қарағым. Апаңа менен сәлем айт. Сендей қайырымды ұл өсірген бақытты екен, шырағым. Енді адал сүт емген бір келін тауып берсең болды да. Бізге бұдан басқа нелерің керек… Бара ғой, қалқам, бара ғой.Подъездегі алақандай алаңқайдың бұрышына қамзолын жайып жіберіп, бір шетіне өзі жайғасты да екінші жақ өңіріне қызын орап жатқызды. Жол соқты болып қалжыраған ба, сүйей салған қапқа арқасын беріп қисайған қалпы қалғып кетіпті. Иттің арс еткенінен шошынып селк етіп оянды. Тізесіндегі жатқан қызы да шар ете түскен. Әуелгіде өзінің қай жерде қалғып отырғанын аңғара алмаған Сақыш:– Өй, мынау ит қайдан кіріп кеткен, Анарбек-ай, есік ашық қалған ба? Кет, шық әрі, – деп атып тұрған. Салпиған ұртынан сілекейі шұбырып өзіне алайған қып-қызыл көздерін қадаған бульдог қарғы бауын шірей тартқан иесін ілгері жұлқып «ыр-ыр» етіп төне қалыпты.– Мынау несі… – Қызын жерден тік көтеріп алған Сақыш қапшыққа сүріне-қабына бұрышқа тығылды.– Мен… мен мына Бозымбекке… Апасы едім. Ауылдан келген едім...– Ә, ауылдан. Жақсы апа, жақсы. – Шашы бұрқырап иығына түскен қара көзілдірікті жігіт итінің қарғы бауын жұлқи тартып. – Улан, вперед, Улан, – деп жоғары қабатқа көтеріліп кетті. Жаңағының не үшін «жақсы» дегенін, ауылдан әдейі Бозымбекті іздеп келгенін, не болмаса былайша жағасы жайлау отырысын жақсы дегенін ұғына алмаған Сақыш ұсқыны жаман иттен құтылғанына қуанып еді. Қамзолын қағып үстіне киген ол түрінен адам шошырлық жаңағы бір иттен үрейі ұшқан қызын жұбата алмай әлек болып тұрғанда, Бозымбек те жетіп еді.– О, Сақыш, келіп қалдың ба? Қарсы ала алмадым. Қол тимеді. Жұмыс. – Бозымбек алыстан келген апасына күнде көріп жүрген әншейінгі бір танысындай селсоқтау қол беріп, сыпайы ғана амандасқан. Бозжан қазір жарқ етіп шыға келсе, өкіріп жылап жіберермін, болмаса өзімді өзім ұстай алмай мойнына асыла кетермін деп әрі-сәріде тұрған Сақыш та:– Шүкір, аман-сау болдың ба? Гүлнәрдің дені-қары сау ма? – дегеннен аспай ыздия қалған. Бауырының сырбаз қылығы тұла бойын билеп әкетіп бара жатқан сағыныш отына су сепкендей сабасына түсіріп, алып ұшқан көңілі демде басыла қалып еді.Гүлнәр келгеннен кейін де емен-жарқын әңгімеге көше алмай, сыпайылық шекарасын сақтап, бір-бірінің артық ауыз кетпеуін күзетіскен жандарша ұзақ арбасқан.Осы сырбаздық ас бөлмесінде Сақыштың аузын тас қып буған қапшығы шешілгенде ғана бір шайқалып барып тынып еді.– Бозым, апай ауылды түгел көшіріп әкеліпті ғой, – деген жарқын дауыс естілген ас үй жақтан.– Иә, сонша не бопты?– Бір қарын май, құрт-ірімшікпен бірге жылқының қос қазысын қара. Жаз бойы бүлдіріп алмай қалай сақтағансыз, апашка. Просто молодец. Нағыз деликатес… Үлкен қонақтарымызға таптырмайды, – деген Гүлнәр үнінде Сақыштан гөрі қапшық түбінен шыққан сыбағаға құлай қалған тәбетті жанның ризашылығы аңғарылған.– Холодильнигің толатын болды да. Ертең Жәкеңнің дачасына барып, жеңгей мен ағайды сыйлап жіберсек қайтеді. Қазақы тағам десе, аузынан суы құриды да отырады. «Шіркін жылқының қазысы салынған қымызға не жетсін. Біздің елдегі келіндер құрт қайнатып, ірімшік жасауды ұмытты ғой. Қарынға май салуды ұмытқан соң олардан не сұрайсың. Інілеріме барған сайын құдайдың зарын қылып отырып, жарты қарын май жинатып ала алмаймын ғой» дегенді Жәкеңнің өз аузынан естідік қой. Мынау бір сәті келген жұмыс болды. – Бозымбек дастарқанды тастай беріп, ас үйге жүгірді.Бұлар ас үйдегі шаруаларын тындырып бола бергенде, телефон шырылдады.– Алло, иә, мен… Ә, кешіріңіз, Жәке. Иә, иә, ол жұмысты тастай… Иә, иә, ертең бастырам. Жәке деймін, Жәке, ертеден Гүлнәр екеумізге деген көңіліңіздің көлдей екенін… Иә, иә, ха-ха-ха… Елден біреулер келіп еді… Солардың дәмінен, иә, иә, дачаңызғ