Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 19 Қараша 2023

Толымбек Әбдірайым. Таяқ (Новелла)

Толымбек Әбдірайым
Фото: из открытых источников

«Дүниедегі зұлымдық атаулы қашанда

надандықтың жемісі...»

 

Альбер Камю.

Шағын шаһар шетіндегі әскери казармадан аумайтын ұзыннан-ұзақ салынған, бір қабатты сұрқай ғимараттың алдына шілде айының ыстық күндерінің бірінде түс ауа шымқай көк «Лексус» темір тұлпар келді де, бір құшақ қою шаңды бұрқ еткізе тоқтай қалды. Кабинадан түскен ұзын бойлы, қара көзілдірік таққан, қара кәстөм-шалбар киген қара торы жігіт жан-жағына қарап тұрды-тұрды да аяқтарын санап басып, сұрықсыз ғимаратқа беттеді. Бұл жерге не үшін келгенін есіне түсіргісі келді ме екен, бірер қадам аттаған соң тоқтап, қалтасындағы жылтыр темекі қорабынан бір талын шығарып, оттықпен тұтатты. Жылтыр түсті темекі қорабын әспеттеп, жан қалтасына қайыра салды. Асықпай шылымын үсті-үстіне сорып, тапжылмай біраз тұрды. Кенет бұл жерге неге келгені есіне түскендей, үсті-басын реттеп, галстугін түзеп алға аттаған.

***

Жасы сексеннен асқан, жұрт «профессор» атайтын Ошан қарт дүние салған. Қарттар үйінің басшылығы облыс орталығында тұратын ұлына хабарласқан. Қалта телефоны өшірулі. Одан соң да бірнеше рет қоңыраулатқан, жауап жоқ, ләм-мим.

– Қанша күтеміз? Күн ыстық, мәйіт иістеніп кетер, жерлемесе болмайды, – деген байлау жасады қарттар үйінің басшылары.

Ертеңінде марқұмды аудан орталығындағы мешіттен келген молда бастаған бес-алты кісі жуындырып, ақыретке орады. Шариғат талабына сай барлық рәсімін сақтап жаназа намазы оқылып, жер қойнына тапсырды.

Ошан ақсақалдың екі-үш айда бір мәрте келіп тұратын баласын білетін қарттар жағаларын ұстады.

– Мұндай тасжүрек баланы көргенім жоқ, – деді шоқша сақалды Декей қарт басын шайқап.

– Әй, Деке! Неге таңғаласың?! – Дәйім саясат сапырып отыратын Төрекелді ақсақал арықша келген, аласа бойлы Декей құрдасына дүрсе қоя берді.

– Баласының тасбауырлығын айтам. Жүрегінде зәредей иман – адамгершілік болса, зауал шағында көзін жәудіретіп әкеліп тастай ма әкесін?!

– Оның енді шын...

– Атаңа не істесең, алдыңа сол келер! Ана ұл да қартайар!.. Бойынан күш-қайрат қайтар!.. Құдай құтқармас!..

– Жә, ақымақ ұлдың жетесіздігіне бола тәжікелесіп қайтеміз. Өзіміз де сау сиырдың боғы емеспіз? Кімге ақыл айтқандаймыз, ойлашы?!

– Тасбауыр балалар көбейіп бара жатқан сияқты...

– Бұрын қарттар үйінен қазақтарды сирек көретінбіз...

– Ақырзаман белгісі болар...

– Қара аспанды төндірмеңдер өйтіп... Сол кереғарлыққа, мына – біз де кінәліміз!..

– «Қойын алдырып, қорасын бекіткен» соң, айттың не, айтпадың не?!.

– Бұл дүниенің қысасы, ол дүниеге кетпес...

***

Арада алты күн өткен...

Қара көзілдірік таққан, қара кәстөм-шалбар киген ұзын бойлы қара торы жігіт жан-жағына қарап тұрды-тұрды да аяқтарын санап басып, сұрықсыз ғимаратқа беттеді.

Бұл – Ошан қарттың ұлы еді.

Қарттар үйінің басшысынан әкесінің қайтыс болғанын естіп, аздап қамығып, аздап қайғырып, үндемей тұрып қалды. Қайтсін? Қалай дегенмен, туған әкесі ғой!

– Аяқ астынан, жүректен кетті... Сізге көп хабарластық, жерледік содан соң... Қазаның қайырын берсін! Басына барам десеңіз, осындағы қарттардың біреуі алып барар... Өзіңіз таба алмассыз бейітін...

Қара көзілдіріктің астындағы көзден ештеңе сезілер емес...

Қара торы жігіт кенет тіктеліп:

– Әкемнің таяғы бар еді, – деді төбеден түскендей.

– Таяқ дейсіз бе? Сән үшін ұстамаса, әкеңіз таяққа сүйенбейтін.

– Менің сұрап тұрғаным – таяқ! Кәдімгі іші қуыс, темір таяқ!.. Басы имек, әдемі! Арнайы тапсырыспен жасатқам...

– Айып етпеңіз! Жұмысыңыз, соған ғана тірелсе, қарайық! Іздейік таяқты.

– Іздеңіздер! Жылдам тауып беріңіздер! – Қара көзілдірікті жігіт ашуланды. – Ойнап жүрген ешкім жоқ!.. Жұмыс деген бастан асады!.. Менің облыстық көлік басқармасында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары екенімді білетін шығарсыз...

– «Нұр Отанның» бұл жерге қандай қатысы бар?

– Байқап сөйлеңіз! – деді қара көзілдірікті жігіт қызарақтап. – Байқап сөйлеңіз!.. Елбасы төрағалық ететін бірден-бір көшбасшы, жетекші партияға деген көзқарасыңызды дереу өзгертуіңізді... тоист... құрметпен қарауыңызды сұраймын...

Ошан ақсақалдың бөлмесі астан-кестең ақтарылды. Таяқ ұшты-күйлі жоқ! Табылар емес. Қарттар үйінің басшысынан бастап ақсақалдар тегіс жұмылды іздеу жұмысына.

Қара көзілдірікті жігіт дызақтап мазаны алып барады.

Қарттар арасында сыбыр-күбір молайды:

– Тірі күнінде әкесінің қадірін білмеп еді!

– Соны айтсаңшы!

– Олай сөйлемеңдер, – деді Әбуталап қария. – Біле білсеңдер, әкесінің таяғын іздеп жатқаны кісілігі оянғаны емес пе?! Адамгершілігі!.. Сөгуге даяр тұрасыңдар қашан да!..

– Таяқты әкесінің көзіндей көргені де!..

– Бәсе десеңші!

– Таяқ та болса, әкесі тұтынған зат емес пе?!

– Сөге-жамандамаңдар баланы...

Кенет астан-кестең бөлмеде, абың-күбің жүргендерді көрген Қажыбек ақсақалдың дауысы елді елең еткізді.

Ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, байырғы мұғалім Қажыбек қарт пен Ошекең сыйлас-сырлас болатын.

Өмірден түйгені мол, көп оқитын, ешқашан асып-саспайтын, Қажыбек қарт таң-тосын.

– Ошекеңнің таяғы ма іздегендерің? – деді мойын бұрып.

– Иә.

– Ошекеңнің таяғын іздеп жатырмыз...

-Білсең айт! Баласы асықтырып, екі аяғымызды бір етікке тығып жатыр.

– Е-ей, солай ма? Таяқ қой іздегені... Әкесін неге іздемеген тірісінде, а?! Ой, Алла-ай!.. Таяқ деңіз-з!.. Таяқ қой керегі...

Қажекең қалың қасын керіп, қалтасынан оймақтай күміс шақша шығарды. Сасар емес. Күміс шақшаның қалпағын бұрап ашып, оң алақанға тық еткізе бір шөкім насыбай салды да, лып еткізе ерінге тастап жіберді.

– Қажеке-ай! Не деген саппас едіңіз!.. Ошекеңнің таяғын іздеп ошарылып тұрғанымызды көрмейсіз бе?! Сіз болсаңыз... насыбайыңызды асықпай атып... одан сайын тағатымызды тауыстыңыз...

– Қайсың өткізіп қойып едіңдер маған таяқты?! О несі... ұлардай шулап...

– Білсеңіз, айтсаңызшы, – деді шыдамы таусылған қарттар үйінің басшысы тықыршып.

– Ал менде болсын-ақ!.. Не істемексіздер оны?!

– Баласы іздетіп жатыр емес пе?!

– Ғибраты мол мына бір оқиғаны тыңдаңдар, – деді Қажыбек қарт айылын да жимастан. Балам тақау кел. Саған да қатысы бар бұл әңгіменің.

Түрі қаталдау, қалың қастың астындағы көзі өңменнен өтетін мына кісінің әңгімесін тықыршып асыққанымен Ошекеңнің ұлы да құлақ қоя тыңдады.

– Ертеде бір жігіт жолда келе жатса, жол екі айырылыпты, – деп бастады хикаясын Қажекең. – Біреуі – шариғат жолы, екіншісі – еркіндік жолы. Сонда әлгі жігіт, шариғат жолымен жүру қолымнан келмес, аса ауыр ғой, әлі жаспын, ойнап-күліп қалайын деп еркіндік жолын таңдаған екен.

Қалың орман ішіне енеді. Жан-жағына қарап беймарал келе жатса, артынан бір арыстан қуып келеді екен. Жанұшыра қаша жөнелгенде, алдынан бір құдық шығады. Не де болса құдыққа түсіп жансақтауға ыңғайланғанда салбырап тұрған ұзын арқанды көріп жүрегі жарылардай қуанып кетеді. Арқаннан ұстап төменге түсіп келе жатса, төменде айдаһар жатыр дейді ысқырып. Жігіт сасып жоғары қараса, ақырып арыстан тұр.

Төменде – айдаһар.

Жоғарыда – арыстан.

Не істеу керек?!

Сол екі арада бір ақ, бір қара тышқан арқанды кеміріп, қия бастайды. Сөйтіп тұрғанда қолы араның балына тиеді. Тәтті балды жалаған кезде ақырған арыстанды да, құдық түбіндегі аждаһадай ақырған Айдаһарды да ұмытады. Аяқ астынан жіп-арқан үзіліп кетеді. Шошып оянса түсі екен. Келіп ұстазына көрген түсін баяндайды. Сонда ұстазы:

– Мейірімді Алла түс арқылы тәубаға келсін деп саған аян беріпті.

Арыстан – сенің ажалың!

Айдаһар – сенің қабірің!

Ақ пен қара тышқан – күн мен түн.

Балам, сен өміріңді қалай болса солай өткізіп жатыр екенсің. Тәтті балды жегенде боқ-дүниеге салынып, Арыстан – ажалды да, құдық түбіндегі Айдаһар қабірді де ұмытқан екенсің. Тезірек иманға кел! Ертең кеш болады, – деген екен.

Бәріміз де жастық шақта «жаспыз» деп уақыт өткізіп аламыз, ажал айтып келмейді! Адам баласының барар жері – қабір! Арғы дүние!

Әкеңе жасаған қателігің өтті-кетті!.. Ол саған кіна артқан жоқ!.. Қайта сенің болашағыңның жақсы болуын тілеп өтті жалғыз Жаратқаннан!..

Сол үшін, жақсылап басын көтер!.. Құран-хатым түсірт!.. Жетісі, қырқы, жылы сияқты игі істерді атқар!..

– Ғажап хикая!

– Керемет әңгіме!

– Тағылымы мол! – деп сөз қосты қарттар.

– Таяқ менде, – деді бір кезде Қажыбай қарт.

– Бәсе, бәсе!.. соны... сол таяқ құрғырды іздеп... тайлы-таяғымызбен... сүрініп... – Қарттар үйінің қасқа бас басшысы тұтықты.

– Сіз... менің әкемнен қалған асыл таяқты, неге «құрғырға» теңейсіз, а?! Қара көзілдірікті жігіт шытыр етті.

– Сіздің қолыңызға қалай түскен, соны айтыңыз?

– Өзі берді ме? – деді қарттар үйінің басшысы дегбірі қашып.

– Ошекең, өлерінен тура бір күн бұрын қайтыс боларын сезді ме екен жарықтық, маған қалдырған.

– Сізге сыйлады ма, сонда?!

– Жоқ!.. Ұлыма табыста деп берді. Ол – аманат!.. Аманатқа – қиянат жасауға болмайды!

– Қайда, ол таяқ?

– Орнында шығар.

Қажыбек қарт алға түсіп бөлмесіне келді де, өзі жататын төсектегі матрас астынан таяқты алып берді.

Қара көзілдірікті ұл әкесінің таяғын көріп, жерден жеті қоян тапқандай көзі жарқ етті. Біреу тартып алардай таяқты қыса ұстап, алды-артына қарамастан, тез тысқа шығып кетті.

Ел-жұрт айран-асыр...

Қара көзілдірікті жігіт аулада тұрған дәу «Лексус» темір тұлпарының қасына келіп, кабинадан сырылған жұқа көрпе шығарып, капот үстіне жайды. Одан соң темір таяқтың әдемі имек басын бұрап ашып, төңкеріп еді, кептеліп қалған ба, біраз сілкіп тықылдатқан соң ішінен шиыршықталған бес-он, жиырма мыңдық теңгелер түсе бастады. Соңында алтын сырға, жүзік, алқа дейсіз бе, біраз заттар сауылдасын. «Бар-жоғы осы ма?» дегендей таяқ ішіне үңіле қарап, тағы сілкіген. Таяқ босаған сияқты.

Көрпедегі ақшалар мен алтын заттарды мұқият орап, кабинаға апарды...

Аз-кем жан-жағына қарап тұрды...

Қалтасынан шылым шығарып, асықпай шекті...

Қарттар үйінің қызметкерлері мен қариялардың көздері атыздай.

Қара көзілдірікті жігіт таяқтың басын қайыра орнына бұрады да, бар пәрменімен қатты сермеп, аулаққа лақтырып жіберді.

Көп ұзамай дәу «Лексус» қарттар үйінен ұзап, шаңдатып бара жатты.

Қыркүйек, 2023 жыл