Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:48, 30 Қыркүйек 2022

Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес

None
None

                                                           «Мағынасыздықты эстетика ғана

                                ақтап ала алады».

 

                                                                                                         Альбер Камю,

                                                                           Нобель сыйлығының лауреаты

      Той – тоқшылық нышаны, бейбіт күннің ажырамас бір атрибуты. Жоқшылық жайлаған жерде, еңсесі түскен елде торқалы той қайдан болсын. Той индустриясы – берекелі бизнес көзі. «Базарға, қарап тұрсам әркім барар» (Абай) демекші, тағдыры ащы болса да, арманы тәтті, үлесіне азапты жол бұйырғанымен бәріне қанағатшыл қабақпен қарайтын қаймана қазақтың әрбірі – тау қарындай таза тілегімен, жомарт жүрегімен, ізгі ниетімен «бір тойым бар»  деп үміт жібін үзбеген. «Айт аттынікі, той тондынікі» деген қадым замандарда айтылған қазақтың қанатты сөзі шамасы келмесе де шашылатын, шабылатындарға сабақ болмай тұр. Той өткізу мәртебелі мақтаныш, қалыс қалуға болмайтын жарыс, бітіспес бәсекеге айналды. Сондай-ақ той-томалақтарға тарту еткен «тойанасын» қайтарып алудың  таптырмас мүмкіндігі десе де болады. «Сен айтсаң, мен де айтамын, айым-қайым» деп қалың елді қайран қалдыруға құмар ақпыз.  Өз  елін өзекке теуіп, Түркияда той өткізіп тайрандап жүрген тәлпіштердің дарақылығы мен дақпырты дүйім елдің дидарына дақ түсіріп жатыр. Бұрынғылардың жаманы жоқ, қазіргілердің жаманнан аманы жоқ, бірақ амалы көп болып тұр.

      Бүгінгі қазақ тойларының қалыптасқан мәдениеті мен форматы, сценарийлері егіз қозыдай ұқсас, бірін-бірі қайталайтын екі бөлімнен тұрады: бірі – нағыз абракадабра болса, екіншісі – аласұрған әуен, дарақы би, даңғаза музыка.  Біздің абракадабра деп отырғанымыз – той төріне көтерілген «шешендеріміздің» мағынасыз, мәнсіз, басы бірікпейтін сөз тіркестерін судай ағызып, бірін-бірі қайталайтын сөз жарысы еді. Сол шіркіндеріңіз торқалы тойдан басқа құдайы ас үстінде де сөз жарыстырып мезі етіп жатады. Ұзақ сөз де ұзын көйлек сияқты, аяққа оратылғыш келеді.

      Той уақытының түгелдей демесек те,  басым бөлігі  ақсақал мен ақжағалылардың ақтарылып айтатын ақ тілектеріне кетеді. Ол шіркіндеріңіз аталы сөз айтып жатса бір сәрі-ау, көзге қораш көрінетін артық саусақ секілді салмағы жоқ, көл де, көңіл де толмайтын көбік сөздерге көміп тастайды. Сөздің парқына бармай тосты төрге оздырып, батаны бақайға түсіріп жібереді. Сөз бәйгесінде қыза-қыза келіп, үйленіп жатқан екі жасқа қаратып: «Өзімен-өзі өсіп, көбейе берсін!» деп жабайылау, құлаққа түрпідей тиетін тілегін сөз тіркесіне қосып жібереді. Көз алдына жайлаудағы жылқы, өрістегі қой, т.б. төрт түлік мал елестеп кете ме, қайдам.

      «Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ» деп Абай айтпақшы, той делегаттарының қайсыбірін тыңдайсың, бірін-бірі қайталап жатқан, бір қайнауы ішінде қойыртпақ сөздер болса. Оны аз десеңіз – той қонақтары құлақ тұндырған музыкадан жалығып, көңіл күйлері түсіп, бір-бірімен дауыс көтеріп, ырду-дырду әңгімеге көшіп, той қызығы жайына қалады. Той ажарын ашатын асабалар тойдың олқы тұстарын аласұрған әуенмен толтырып отырады. Есті әннен гөрі есер әндердің жолы болып жатады. Нобель сыйлығының лауреаты Альбер Камю: «Құл-құтан тәрбиелегің келсе, аста төк әпербақан музыка шалқытып қой. Толстойдың бір неміс князі осындай пікір айтқан деген сөз бар» депті.

 Сол айтпақшы, біздің кез келген тойларымыз даңғаза, ырду-дырду, дарақы, аласұрған аста-төк, делебе қоздыратын  тирандық музыканың ошағына айналып барады. Өмірдің үлкенді-кішілі қызық-қуаныштары бізді алдарқатып, жайбарақаттандырып жібереді. Сергектіктен  жаңылдырады, биікке ұмтылуға деген құлшынысты жояды. Бірақ қызық-қуанышсыз қалай өмір сүресің. Той – өмірдің базары десек, көне сүрлеу, ескі соқпақты малданып келе жатқан бүгінгі қазақ тойларының мәдениеті мен форматын салт-дәстүрімізге барынша жақындатып, дендеп кеткен көптеген қойыртпақ, тозығы жеткен дүниелерден тазартып, мәнін тереңдетіп, мазмұнын байытып жаңа арнаға бұратын кез келді.  Той дирижерлері – асабаларда тұрған ештеңе жоқ.  Олар той иесі айтса көнетін, айдаса жүретін, барын салып той-базардың бағын жандыратын, пайданы да, арды да әріден ойлайтын жалдамалы өнер  «қайраткерлері» ғой. Біздің айтайын дегеніміз: біріншіден, той делегеттарының жарыс сөзін мейлінше қысқартып, шешендердің санын 2-3 адамнан асырмау керек; екіншіден, тойдың басынан аяғына дейін бір сәтте толастамайтын даңғаза, аласұрған әуенді бір жүйеге келтіріп, қонақтардың көңіл күйіне жайлы, жақын әсерлі музыканы таңдап алып, дәстүрлі ән-күй өнеріне де орын берілуі керек; үшіншіден, дыбыс күшейткішті барынша бәсендетіп, қонақтардың бір-бірімен шүйіркелесіп, көптен көрмеген тамыр-таныстарымен, құда-жегжаттарымен әңгіме-дүкен құрып, еркін тыныстап, демалуларына жағдай жасалуы керек.

      Той мұраты ақын Қаныбек Сарыбаев айтқандай: «Тою»  деген сөзден шықса той анық, Әсем ән мен тәтті күйге  тоялық.  Бауырласып тарқайықшы, бойдағы Барлық асыл қасиеттер оянып» дегендей ойларға жетелейді.

      Той тізгінін ұстаған асабалар сөзсіз талантты жандар: әзіл-қалжыңға қарық қылып, күлкіге көміп тастайды. Солардың аузынан естіген бір әзіл-қалжың есімізде қалып қойыпты. Бір келіншектің күйеуінің аты Жаңабай екен. Сол келіншек әкесіне: «Мен Жаңабаймен ажырасамын» депті. Сөйтсе әкесі: «Қой, ажырасқаны несі, біреудің Көнебайын не қыласың?» деген екен. Сол айтпақшы, бүгінгі тойларымыз көнеден қол үзіп, жаңаның жарылқауына жарымай жүрген жайы бар.

Тегтер: