Топ-менеджер
Өзің өмірде көрген, көріп қана қоймай қызметтес болып, көп уақыт қатар жүрген жанды көз алдыңа елестеткенде, есіңе бір нәрсенің келері анық.
Ол: «Бұл әріптесімді ең алғаш қашан көріп, қалай, қандай жағдайда танысып едім?» деген сауал. Талантты да табанды журналист, білімді де білікті басшы, өмірінің соңғы сәтіне дейін жүрдек уақыт жүрісіне лайық жұмыс машығынан танбаған қажыр-қайрат иесі Жұмабек Кенжалин есіме түскенде, міне, жоғарыдағыдай ойдың ортасында қалатыным бар. Десек те адам жады мықты ғой. Сәт салып қарасам, өзім ауызға алған аяулы жанға қатысты жәйттің бәрін болмағанымен, кейбіреулерін ұмытпаппын.
1981 жылғы көктем айларының соңғы күндері болатын. Бірде өзіміз оқып, білім алған КазГУ-дың журфагынан «Лениншіл жастағы» Шәкизада Құттаяқов екеумізге хабар келді. Ондағы үшбу сәлемге қарағанда, кафедра меңгерушісі, профессор Тауман аға Амандосов бізді өзіне келіп кетуге шақырыпты. Барып, амандасқаннан кейінгі әңгімеден ұққанымыз мынау болды. Газет шығару үдерісімен күн сайын бетпе-бет келіп, әр нөмірдің макетін сызу, иллюстрациясын жасау секілді тіршілігімен біте қайнасып кеткен біз алдағы уақытта үшінші курс студенттеріне аптасына бір рет практикалық тұрғыдағы семинар-сабақ өткізіп тұруымыз керек екен. Қажет келісімшартқа қолымызды қойып, сыртқа шықпаймыз ба?! Міне, сонда дәліздегі топ-топ болып, дабырласа тіл қатысып тұрған студенттерді көрдік.
«Не болды әй, жігіттер? – деді осы сәтте Шәкизада оларға өзінің қашанғы еркін жүретін әдеті бойынша тіл қатып. – Қандай сұраққа бас қатырып, нендей мәселені шеше алмай жатырсыңдар?» «Мына Жұмабекке, – деп іле жауап қатты оған ересектеу келген Жайлаубай атты студент күйіне тіл қатып, – мемлекеттік емтихан комиссиясы мүшелері үш деген баға қойып, бәрімізді адам түсінбес жағдайға қалдырып отырғаны. Бұл курстасымызды сіз білетін шығарсыз, ағай». «Ой, білмегенде! Журфактағы жалғыз лениндік стипендиат, қалалық Советке университет атынан жеке өкілдік алған студент-депутат емес пе?! Комиссия мүшелерінің мұнысы несі?» «Қысастық, Басқа түк те емес. Кейде Жұмабек біздің жағдайымыз үшін отқа да, суға да түсіп, осындағы оқытушылармен айтысып қалатын. Соны кек тұтқан олар мына сынақта оны тұқыртып алуды көздеген болулары керек. Әйтпесе...». «Иә», – дедік біз осы араға келгенде ішімізден ашулы топты үнсіз қостағандай кейіп танытып. Өйткені сол кездері журфакта мұндай келеңсіздік ұдайы болмаса да, ара-тұра кездесіп қалатыны анық еді.
Студент достарының ортасында өңі бозарып, жабығыңқы тартқан түбіт мұртты, аққұба жігітке жақындадық. Бұрын сырттай көргеніміз болмаса, бетпе-бет жақын келіп тұрғанымыз – осы. «Ренжіме, айналайын, – дедік алғашқы аман-сәлемнен соң. – Университет қабырғасындағы бес жылдық оқу барысында күтпеген нәрселер көп болады. Мына жәйтті де соның бірі деп біл». Сөйттік те оның көңілін аулау үшін өзіміз білетін төмендегі оқиғаны айттық. Ол Марат Қабанбаевтың басынан өткен жағдай еді. 1968 жылы осы КазГУ-дың журфагына оқуға түскен Мәкең, алғашқы курстарда-ақ әңгіме, повесть жазып, «Жұлдыз», «Жалын», журналдарында жарық көрген туындыларымен Алматыдағы әдеби ортаға тез танылды. Сөйтіп оқуда да, былайғы шығармашылық ортада да өте беделді болды. Рас, мінезінен ептеген шәлкем-шалыстық байқалатын. Талант иелеріне тән сол ерке жүріс-тұрыс елді баяғы қорқытып-үркітіп ұстаумен әдеттенген екі-үш оқытушыға ұнамады. Солардың салқын көзқарасы салдарынан ешбір сабақтан қарызы жоқ ол оқу бітіретін жылы диплом қорғауға жіберілмеді. Бірақ қысастыққа ұшыраған қамкөңіл талантты «Лениншіл жас» қолтығынан демеді. «Дипломы жоқ» демей, жұмысқа алды. Бұл 1973 жылдың жазы еді. Содан кейінгі аз ғана уақыт ішінде республика оқырмандарына тамаша да тартымды туындыларымен танылып, «Бақбақ басы толған күн» повесі арқылы «Жалынның» жабық бәйгесін алған Марат Қабанбаев не істеді дейсіз ғой? КазГУ-дегі диплом жұмысын қорғауға қайта аттанды. Бұл жолы асыл азаматтың сағы сынған жоқ.
Жұмабек осы оқиғаны естіп, қатты толқыды. Артынша көңілденіп: «Апырай, ә? Мәкеңнің басында да осындай жағдай болған екен-ау», – деп ойланып қалды. Сөйтті де көңілін сәл демдегендей: «Рақмет, ағалар! Қиналып тұрғанымда қасыма келіп, басу сөз айтқандарыңызды ұмытпаймын. Жалпы мынау қым-қуыт тірлікте мәселе былай ғой өзі... Жоғарыдағы оқиғаларға қарағанда, емтихандардағы бағалар шартты ма деймін. Ал негізгі, басты бағаны өзіңе кейін өмір беретін сияқты. Иә, сол өмірдің өзі!»
Бұл біз күтпеген жауап еді. Тіпті ойымызға да келмеген жәйт. Мұны естігенде алдымен таңғалдық. Содан соң риза болдық. Жұмабекпен алғашқы таныстығымыз, жүзбе-жүз кездесіп, әңгімелескеніміз, міне, осылай басталған. Университеттің соңғы курсындағы студент жігіттің пайымынан сонда өз басым көп нәрсе ұққандай едім. Оны ешуақытта ұмытпаймын.
Содан көп кешіктей біз Жұмабекпен қайта кездестік. Жүздескен жеріміз қаладағы Баспасөз үйінің алды еді. Алғаусөз көңілмен ашық-жарқын түрде амандасып жатқан сөз арасында ұққанымыз: ол «Социалистік Қазақстан» газетіне жұмысқа орналасыпты. Сөйтіп ылғи болмаса да ара-тұра кездесіп қалғанда, жақсылығына жанкүйер, тіршілігіне тілектес екенімізді білдіріп жүрдік. Байқағанымыз: қимылы ширақ, сөзі сергек, өте кішіпейіл әрі елгезек. Бұған қоса бойына шап-шақ ұнасымды киім киіп, үсті-басына қылау түсірмейтінін қайтерсің. Ал бауырмалдығы... Мұнысында енді шек жоқ. Алыстан көрсе аңқылдай амандасып, жақыннан жүздесіп қалсаң, құшағын ашқан күйі қос қолын ала жүгіре сәлемдесіп жатқаны.
Жоғарыда аты аталған Баспасөз үйі тоғыз қабатты үлкен ғимарат еді. 70-80-жылдары онда қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде жарыққа шығатын 23 газет-журнал редакциялары орын тепкен-ді. Соның үшінші қабатындағы «Социалистік Қазақстанда» Жұмабек жұмыс істейтін. Ал жетінші этаждағы «Лениншіл жаста» мен еңбек ететінмін. Екеуміз, міне, осы келісті корпус есігінен әр таң сайын аңқылдай кіріп, кешке жақын жарқылдай шығып жүрдік.
Осылай төрт жылға жуық уақыт өткен. Бір күні жақсы жаңалық болды. Бұл 1985 жылы Мәскеуде өтетін Жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік ХІІ фестивалінің қарсаңы еді. Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті бекіткен тізімде біздің республикадан баратын делегация құрамында бес газет қызметкері бар болып шықты. Бұлар: «Социалистік Қазақстаннан» Жұмабек Кенжалин, «Лениншіл жастан» осы жолдардың авторы, «Ленинская сменадан» Евгений Гусляров, «Қазақстан пионері» мен «Дружные ребята» басылымдарынан: редакторлар Уәлихан Қалижанов пен Вера Луценко.
Менің Жұмабекті шын мәнінде жақсы біліп, онымен етене араласуым, міне, осы 15 күндік іссапарда болды. 1985 жылдың 22 шілдесінде Алматыдан Ил-62 ұшағына отырып, Мәскеудің Домодедово әуежайына дейінгі аралықтағы төрт сағатқа жуық жолда екеуміздің арамыздағы айтылмаған әңгіме қалған жоқ. Одан «Москва» қонақүйіне жетіп, 601 және 603 бөлмелерге орналасып, күн сайын екі рет астыңғы қабаттағы Баспасөз орталығына бірге барып-қайту, келесі күндердегі әр таңертеңгілік сәттен бастап кешке дейін фестиваль іс-шаралары өтетін Қызыл алаң, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің павильоны мен Орталық демалыс паркіндегі түрлі мәдени бағдарламаларға қатысып, өз газеттерімізге керек хабар, суреттеме, интервьюлердің өзегін құрайтын дерек, мәліметтерді жұп жазбай жүріп жинау – бізді терең табыстырып, туыстырып жіберді десе де болғандай еді.
Жарты айлық сол іссапарда Уәлихан аға, Жұмабек және менің бастан кешірген оқиғаларымыз көп болды. Соның біреуін айтайын. Ол біздің Мәскеуден Алматыға жіберетін мақалаларымыздың көлеміне байланысты жағдай. Уәлихан ағаның шағын форматпен аптасына үш рет шығатын «Қазақстан пионері» газетіне әр нөмір сайын жолдайтыны – 150 жол топтама. Ал Жұмабектің «Социалистік Қазақстанға» арнап күн сайын беретіні – 350 жол есеп. «Лениншіл жастың» жүктемесі болса, бұларға қарағанда ауырлау. Өтіп жатқан форум жастар мен студенттер тақырыбына арналғандықтан, аптасына бес рет шығатын басылымның әр күнгі нөміріне 1200 жол материалдар топтамасын беруім керек.
Алғашқы кездері мен бұл міндетті орындауға онша көп қинала қойғаным жоқ. Өйткені фестивальға байланысты ұйымдастырылған сурет көрмелері мен концерттік қойылымдар, шетелдік делегация өкілдері арасындағы атақты адамдармен кездесулер, сондай-ақ әлем халықтарының қолөнер туындыларына арналған жәрмеңкелер өзіміз тұратын «Москва» қонақүйінің астыңғы қабатындағы холлда, соған жақын жердегі Қызыл алаң және Үлкен театрда өтіп жүрді. Сондықтан ол іс-шараларда өзімнің мақалама қажет кейіпкерлерді тез тауып, аудармашылар арқылы сөйлесуге уақытым толық жететін. Ол кездескен адамдарым: моңғолиялық тұңғыш ғарышкер Гуррагча, туындыларын бейбітшілік тақырыбына құрып, соның нәтижесінде халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты атанған дат суретшісі Херлуп Бидструп, 12 жасында гимнастикадан Олимпиада чемпионы атанғанда сол кездегі Румыния басшылығы оның ғажап жетістігін ерекше бағалап, өз елінің Еңбек Ері атағын берген Надя Команечи еді. Бірақ келе-келе аталмыш форум бағдарламалары өзгеріп, бұлар қаланың Останкино кешені, Коломнодағы ежелгі мәдениет ескерткіштері павильоны мен Тушинодағы әуе кемелері мұражайы алаңына ауыстырылды да, барып-қайтып, материал жазу қиын болды. Соның салдарынан ойымда тың тақырып, жаңа кейіпкер, сирек фактілерге құрылған суреттеме, хабар, интервьюлермен алдағы уақытта редакцияны жеткілікті түрде қамтамасыз ете аламын ба, жоқ па деген алаңдаушылық белең ала бастады. Көңілімдегі осы түйткілді сезді ғой деймін, бір күні кешкі шай үстінде Жұмабек: «Мен бүгін өздері де, өмірлері де өнегеге толы көптеген фестиваль делегаттарымен жолықтым, – деді маған қарап. – Бірақ олардың бәрін қамтып жазуға біздің «СҚ-ның» 350 жолдық талабы мүмкіндік бермейді. Лимит-межеден ассақ, қысқартып тастайды. Сондықтан Орталық демалыс паркінде өзім көрген, әңгімелескен екі-үш фестиваль қонақтары жөнінде жинақтаған фактілерімді сізге берейін. Қажетіңізге жаратып, «Лениншіл жасқа» пайдаланыңыз, – демесі бар ма.
Жұмабектің қойын дәптеріне қарап отырып маған айтқан әңгімесін тыңдасам: тың дерек, соны мағлұмат, қызық тақырыптар. Соның бірі Раджен Чантурия атты кавказдық қартты алып қарайық. Ұлы Отан соғысының ардагері, өмір бойы өзінің туған жері Абхазиядағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етіпті. Ара-тұра облыстық, өлкелік деңгейдегі марафондарға қатысады екен. «1985 жылдың 23 шілдесі мен 7 тамыз аралығындағы Мәскеуде жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік ХІІ фестивалі өтеді» деген хабарды естіген соң 71 жастағы ол форумға жаяу барып қатысуды ойлайды. Сөйтеді де 9 мамыр – Жеңіс күні өзі тұратын Гали қыстағынан шығып, Клухор асуын бетке алады. Одан Сухумиге жетеді. Бұдан кейін Ростов... Волгоград. Кашираға келгенде Раджен қарттың Абхазиядан шыққанына 59 күн болған екен. Осылайша, ол әлемнің 157 елінің өкілдері бас қосқан Мәскеуге 2 221 шақырым жол жүріп жетеді. «Бәрекелді!» – дедім мен мына дерекке қатты риза болып». Сөйттім де, оны шағын мақала етіп жазып, «Жастар форумына... жаяу келді» деген тақырыппен Алматыдағы кешкі редакция қызметкеріне телефон арқылы оқып, жөнелттім де жібердім. Сөз арасында айта кетейін, мұндай фактілерді беруде Жұмабек жоғарыдағы бір күнмен шектеліп қалған жоқ. Келесі, одан кейінгі тәулікте де кешкі шай ішуге бас қосқанымызда: «Жақа, мынау сізге керек-ау деймін», – деп өзі пайдаланбаған екі-үш деректі алғаусыз көңілмен маған ұсынып жүрді. Бұл мысалды еске алып отырғаным, Жұмабектің өзіме ғана емес, өзгеге де болсын деген ізгі ниетке толы аппақ көңілін жұртқа жеткізу.
Жұмабекпен арадағы өмір жолымыздың келесі түйісуі – 1992-1996 жылдары болды. Бұл егемендіктің елең-алаңындағы еркіндік лебімен жарыққа шыққан парламенттік «Халық кеңесі» газетіндегі Сарбас аға Ақтаев басшылық еткен кезең еді. Әлі есімде, онда алдымен Жұмабек Кенжалин, Марат Тоқашбаев, Қыдырәлі Қойтаев және Самат Ибрайымов секілді әріптестеріміз жұмыс істеді. Ұзамай Сарбас ағаның шақыруымен бұл топқа мен де қосылдым. «Халық кеңесі» – демократиялық үрдістегі, жариялылық рухындағы өткір ойлы, алуан пікірге толы басылым болатын.
...1996 жылдың қақаған қаңтарында «Халық кеңесі» жабылды. «Бұл қалай болды? Оның себебі неде?» деген сұрақтың тууы мүмкін. Оған жауап беретін бір материал бар. Ол осы газетті өзі ұйымдастырып, құрып, оның алғашқы басшысы болған Сарбас аға Ақтаевтың мақаласы. Сөзімізді, міне, сол жазбадан үзінді келтіре отырып жалғастырайық. «...Келе-келе, – дейді автор, – газетіміздің мазмұны байып, тың мәселелер көтеруде ол бас басылымның алдын орап кетіп жүрді. Бұл ондағы әріптестеріміздің намысын келтіріп, олар жоғары жаққа жиі-жиі барғыштап, бір елге екі үлкен газеттің керегі жоқ, сондықтан мына басылымды жабу қажет деген мәселені жиі айтатын болды. Уақыт өте келе осы ұсынысты қолдайтын бедел иелері де табылды. Әуелі мені «Ақиқат» журналына бас редактор етіп жіберді. Парламентті екі рет таратып, бір жарым жылдан соң оның газетін де жауып тынды».
Соның салдарынан 1996 жылғы 16 қаңтарда құрамында басшы мен қосшы, шолушы, тілші, техникалық қызметкерлері бар 42 адам түгелдей жұмыссыз қалдық. Бұл бас редактор Жұмабек Кенжалин мен бірінші орынбасар маған, орынбасар Самат Ибрайымов пен жауапты хатшы Қыдырәлі Қойтаев төртеумізге сын еді. Өйткені осы газет арқылы бала-шағасын бағып, өлара шақта өйтіп-бүйтіп күн көріп отырған қызметкерлердің жазығы не? Жұмабек бар, төртеуміз ақылдасуға отырдық. Ақырында бір шешімге келіп, қимылға көштік. Ол – қаладағы газет-журнал редакцияларына барып, жағдайды айтып, бір-екі адам болса да соларды жұмысқа орналастыруға деген ұмтылыс еді. 90-жылдардың ортасында Алматыда нарық қыспағына шыдап беріп, тірлік етіп жатқан 12 қазақ басылымы бар-тын. Бекер обалы қане, олар «Халық кеңесі» қызметкерлерінің шарасыз халіне түсіністікпен қарап, өз қолтықтарының астына ала бастады. Жұмабектің айтуымен жағдайымыздан хабардар болған Президент Әкімшілігі, Жоғарғы Кеңес аппараты және Үкіметтегі жібі түзу, жанашыр жігіттер де өздеріне бір-екі адам алуға дәнекер болды. Осылайша, қыс ортасында шарасыз халде қалған 42 адам газет жабылған екі аптаның ішінде қызметке толық орналасты.
1997 жылы Жұмабек «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы болды. Одан соң 1999 жылы «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамының төрағалығына тағайындалды. Аталмыш медиақұрылымға ол басшылық еткен 17 жылдағы қол жеткен жетістіктерді кейіпкеріміздің биылғы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында оның курстастары жаппай жазып жатыр ғой, сондықтан мен оған тоқталмай, «Қазақ газеттерінің» 2016-2017 жылдардағы басына түскен қиыншылығын аз-кем сөз етейін.
2016 жылдың бас кезі-тін. Алдымен газет-журнал қызметкерлері арасында: «Құрамында 6 бірдей басылымы бар «Қазақ газеттері» жекешелендіріледі екен» деген сыбыс тарады. Келе-келе ол рас сөзге айналды. Рас емей немене, Үкімет сондай қаулы қабылдап, бұл құжаттар республикалық басылымдарға шығып та кетсе. Содан аталмыш медиақұрылымның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек жанұшырсын. Астанаға жиі-жиі келіп, билік орындарының есігін қақсын! «Шешім асығыс қабылданды. Жоғарғы жаққа айтсаңдаршы», – деп, мәселенің қайта қаралуына танымал тұлғаларды тартсын... «Сіз түсінуге тиіссіз, Жәке, – деді ол елордаға келген бір сапарында қатты торығып. – Сатылымға шығарылады деп отырған қазақ, ұйғыр басылымдары күні кеше ғана пайда болған газет-журналдар емес қой. «Ақиқаттың» – 94, «Ұйғыр авазидің» – 58, «Ана тілінің» 26 жылдық тарихы, дәстүрі бар редакциялар емес пе?! Қазір жекешелендіруге түскен оларда 80-ге жуық шығармашылық, техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Ал олардың тағдыры не болмақ?».
Мына сөзді естігенде мен не істерімді білмедім. Қолдан келер қайран жоқ. Қалай жұбатамын деп көп отырдым. Сөйттім де, редакциядағы машбюро меңгерушісі мен жүргізушіні шақырдым. «Мына ағаларың, – дедім, – үлкен бір жұмыспен, өздерің сияқты іні-қарындастардың қамын ойлаған елдік іспен жүр. Сондықтан бұл кісі машбюроға түрлі хат, анықтама қағаз мәтіндерін компьютерге бастырамын деп кірсе, кідіріс болмасын. Ал сен жүргізуші жолдас, Жұмекең өзіңе министрлік, әуежай, теміржол вокзалына барамын деп телефон соқса, сол өтініш үдесінен табыл. Жаяу жүргізбейік».
Десек те Жұмабек – әдепті, қанағатшыл, ішкі мәдениеті мол жігіт еді ғой. Редакцияның қызметтік көлігін көп пайдаланбады. Ал жоғарғы жаққа жіберетін түрлі құжаттарды жаңадан жасап немесе қайтадан бастыру үшін «Егеменге» жиі келіп жүрді. Тіпті министрлікке жазған бір хаттың түзеліп-күзелген нұсқасын біздің қыздарға тергізуге бір күнде екі, кейде үш рет келіп, қайтқанын өз көзіммен көргенім бар.
Осылайша, апта, одан кейін ай өткен. Ал жарты жыл шамасы болғанда... Жұмабектің билік орындарына жазған хаттарының, ондағы кабинеттерден кабинет қоймай жүріп айтқан уәждерінің арқасында тоң жібіп, сең қозғалды. Сөйтіп, «Қазақ газеттері» құрамындағы басылымдар жекешелендіруге түседі деген Үкімет қаулысының тиісті бабын өзгертуге қол жеткізілді. Осылайша, бұл шетін мәселеде тек кәсіби маман, білікті басшы ғана емес, өзі экономист, өзі заңгер, өзі мәмілегер рөлін атқарған ол үлкен жеңіске жетті. Міне, нағыз топ-менеджер! Қазіргі заманғы жаңаша ойлау машығын игерген медиабасшы!
Кейіпкерімізбен соңғы жүздесу... Оның баспасөзде шыққан ақырғы мақаласы... Бәрі-бәрі есімде. Бұларды сөз етсем, әңгіме ұзарып кетуі мүмкін. Сондықтан Жұмабектің өзім білетін үш арманын айтып, жазбамды сонымен аяқтайын. Мұның біріншісі, мақаламыздың басындағы 1985 жылғы Бүкілдүниежүзілік Мәскеу фестивалі бар емес пе?! Міне, сонда екеуміздің шетқақпай көрген кезіміз аз болмады. Бізге бас-көз боп жүрген көккөз куратордан: «Финдер мен канадалықтар барған жерге біз неге бармаймыз? Анау анголалықтар кімнен артық?» – десек: «Сендер өзімізсіңдер ғой. Ренжімеңдер. Олар қонақтар», – деп жалтарады. Нағыз бөлу. Алалау. Осыған күйінген Жұмабек бірде: «Қараңызшы, Жәке, – деді. – Кім не десе о десін, мына Моңғолия журналистері бізден он есе бақытты-ау, ә?! Қалай болғанда да жеке ел деген аты бар емес пе?!» Ол кезде тәуелсіздік ұғымы жоқ. Қиялдап, армандағанда жеке ел деген сөзді қолданатынбыз. Екіншісі, Астанаға іссапармен келген кездерінде кейіпкеріміз өзі жұмыс істеген аға газетке соқпай кеткен емес. Сондағы бір әңгіме үстінде ұлы Дастанның университет бітіріп ержетіп, «Астана ақшамында» тілші боп еңбек жолын бастағанын айтты. Сөйтті де ол «Егеменнің» үлкен мектеп екенін, бір кездері өзі жұмыс істеген осы жерде баласының да тәлім-тәрбие алып, тәжірибе жинақтаса деген ойын айтты. Әңгіменің қысқасы, 2004 жылы Ержұман аға, Еркін және мен үшеуміз ақылдаса отырып, Жұмабектің бұл тілегін орындадық. Ал Жұмабектің үшінші арманына келсек, әріптес ініміз: «Зейнетке жеткенде Қазақ Ұлттық Университетіне барамын. Ғылыми атағым бар емес пе?! Міне, соған орай ондағы журфакта оқытушылық қызмет атқарып, студенттерді баспасөздегі аға ұрпақ өкілдерінен қалған үлгілі үрдістерді мысқалдап жинаттыруға жұмылдырамын», – дейтін. Көңілге медет тұтатынымыз, абзал азаматтың жоғарыда өзі айтқан үш арманының көзі тірісінде екеуінің орындалғаны. Ал үшінші арманы... Иә, оны орындауға үлгермеді. Зейнетке шығуға жарты жыл қалғанда, өмірден озып кете барды.
Ол адал, ақкөңіл еді. Кішіпейіл, ізетті жан болатын. Көңілінде көлеңке жоқ-ты. Содан болар, қай редакциядағы кеңсесі болмасын, оған қарттар «қарағым» деп кірді. Замандастары «бесаспап кәсіби маман» ретінде білді. Жас ұрпақ «жақсы аға, ұлағатты ұстаз» деп жүрді. Халықтық дәстүрге, кісілік қасиет пен жөн-жоралғыға да жүйрік азамат еді...
Жанболат Аупбаев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Астана