Тоқаев ел басқарған 882 күн елге сенім ұялата алды ма?!
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті болып сайланғалы бері атқарған шаруалары халықтың көз алдында.
Бұл кезеңдері елде төтенше сынақ та, қалың бұқараға әлеуметтік қолдау да, халықтың мерейін өсірген түрлі байламды шешімдер де айтылды. Басым көпшілік президенттің ел тыныштығы үшін жасаған қадамдарына ризашылық танытып жатса, керісінше, биліктің кем-кетігін іздегендер де болды.
Өткенге көз жүгіртсек, 2019 жылдың 19 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардың эфирінде президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімін хабарлады. Бұдан соң, 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев заңды түрде ел президенті болып сайланды.2019 жылы маусым айының 12-сі күні Тоқаев ант қабылдап, ресми түрде президент қызметіне кірісті. Содан бері екі жыл төрт ай 28 күн өтіпті. Бүгінде Тоқаевтың ел басқарғанына 882 күн болған. Осы аралықта не өзгерді?! Қандай толымды жұмыстар істелді?! Мемлекет басшысы қандай бағытты ұстанды?! Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында біз осы сауалдарға жауап іздегенді жөн көрдік.
Президенттің әр қадамын жіті бақылап, өзінше сараптап отыратын саясаттанушылардың айтуынша, осы екі жыл аралығында Тоқаев халықаралық саяси ареналарда өзін жан-жақты көрсете білді. Саясаттанушылар әсіресе президенттің Ресей Федерациясына барған ресми сапарына, Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапарына және Америка Құрама Штаттарына барған жұмыс сапарына, БҰҰ мәртебелі мінберінен сөйлеуіне оң баға беруде. Бұған қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген саясаттанушы Жандос Өмірғалиев былай дейді:
– Президент болған екі жыл ішінде Тоқаев ғаламдық саяси аренада ең алдымен халықаралық тілдерді меңгеруімен екшеленді. Әлемдегі алып елдердің басшыларымен кездесіп, олармен терезесі тең дәрежеде пікір алмасуы Қ.Тоқаевтың сыртқы саясаттағы қадамдарына үлкен үлес қосты.
Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірнеше тілді меңгергенін саясаттанушылар үнемі айтып отырады. Мысалы, кезінде Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыс елдерінен ислам, христиан, буддизм, иудаизм, басқа да конфессия өкілдері қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде ілеспе аударма жасауға БҰҰ мамандары тартылған болатын. Сол аудармашыларды таңғалдырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың съезді бес тілде жүргізгенін бірқатар БАҚ өкілдері де жарыса жазған еді.
– Ол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлының жалпы жиынды қазақ тілінде жүргізіп отырып, Англия шіркеуінің өкілімен ағылшынша сөйлесіп, буддашылардың жалпықытайлық қауымдастығының өкілімен қытайша тіл қатып, православие дінінің өкіліне орыс тілінде, Франциядан келген дін өкілдеріне французша сөйлегені бірқатар әріптестерімізді таңғалдырды. Міне, оның бұл қасиеті кез келген саясаткерде бола бермейтінін мойындауымыз керек, – дейді саясаттанушы Жандос Өмірғалиев.
Саясаттанушылардың пайымдауынша, Тоқаев өзі көп тілді меңгере отырып, қазақ тілінің мәртебесін өсіруді де ұмытқан жоқ. Шет тілдерін, соның ішінде қытай тілін жоғары дәрежеде меңгерген Қ.Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына сапары барысында қазақ тілінде сөйлеуі осының бір дәлелі.
– Қалың Қытай халқының алдында тұрып президенттің қазақ тілінде сөйлеуі бұқара халықты сүйсіндіріп, халықты өзіне тағы бір қадам жақындата түсті десек, қателеспейміз. Қытай тілінде еркін сөйлейтін Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз елінің мемлекеттік тілінде сөйлеуі – ана тіліне деген құрметтің белгісі, – дейді сала мамандары.
Тек тілдің жайы ғана емес, халықтың әлеуметтік ахуалы да президенттің назарында үнемі болуы керек. Мәселен, 2019 жылы Тоқаевтың президент болып сайланғаны туралы ресми ақпарат жарияланғаннан кейін Арыстағы оқ-дәрі қоймасындағы жойқын жарылыс елді дүр сілкіндірді. Қарапайым халық шулап, шошып, баспанасынан айырылып, абдырап қалды. Сол тұста мемлекет басшысы дер кезінде Арысқа жетіп, халықтың арасында болды. Арыс қаласы тұрғындарының «Президенттің келгенін естігенде қатты қуандық. Ол кісінің ортамызда жүруі үлкен демеу болды. Бас иеміз бар екенін түсіндік» деп тебіренген сөзін БАҚ өкілдері де жарыса жазды. Әрине, мұндай төтенше жағдайларда халық бұрын да мемлекеттің көмегінсіз қалмайтын. Бірақ бұл арада халық сайлаған президент Ата заңның ең бірінші бабында көрсетілгендей, «ең қымбат қазынамыз – адам және адамның өмірі» екенін іс жүзінде танытты.
Экономист-сарапшы және әлеуметтанушы Марал Төртенованың айтуынша, Тоқаевтың ең басты ұстанымы – халықтың үнін еститін мемлекет болу. Қазірде бұл ұстаным өзінің жемісін бере бастаған.
– Негізінде, Тоқаев билік басына келгенде ел «жаппай өзгеріс жасайды» деп күтті. Бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Президент ауысқанда үкіметтің қоса ауысуы міндетті емес. Қазір көптеген қауырт жұмыс бар. Сондықтан қазіргі кезде үкіметті ауыстырудың қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Ал жекелеген үкімет мүшелерінің қызметі олардың атқарған нақты жұмыстарына қарай бағаланатын болады», – деді. Расымен де, жұмысына салғырт қарап, елдің мұң-мұқтажын ести алмаған үкімет мүшелері креслоларымен қош айтысты. Халық министрлердің жұмысын анық көре бастады. Үкіметке елдің тарапынан ашық сын айтыла бастады. Үкімет мүшелері де халықтың даусын ести бастады. Бұл әрекет болашақта елдің билікке деген сенімін арттыра түседі, – дейді әлеуметтанушы Марал Төртенов.
Расында да, үкіметке сын демекші, Тоқаевтың бастамасымен сыни пікірді ашық жеткізу, митингілерге шығуға рұқсат беру, саяси тұтқындардың түрмеден босауы, партия шегінің төмендетілуі сияқты жайттар орын алды. Тіпті былтыр президент Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жасаған үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Мемлекет басшысының бұл бастамасына халық та, саясаттанушы мамандар да оң көзқарасын білдірді.
Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік ахуалын көтеру мақсатында бірқатар шаралар атқарылып, мұқтаж жандар да мемлекеттік қолдауды сезініп үлгерді. Мемлекет басшысы «қарызға батқан азаматтардың жағдайына бейжай қарай алмайтынын» мәлімдей отырып, борыш жүктемесін азайту туралы шешім қабылдады. Мұның нәтижесінде көпбалалы аналардың, атаулы әлеуметтік көмекке зәру отбасылардың несиелері кешірілді. Арнайы мемлекеттік жеңілдіктер жасалды. Жеңілдік жасалатын санаттарға көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, бала жасынан мүгедектері бар отбасылар, жетім балалар, ата-анасынан жастай айырылған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар кіретіні де нақты анық айтылды. Бұған қоса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы жолдауында үкіметке жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинақтарын мақсатты түрде пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырды. Бұл реформа 2020 жылдан бері жүзеге асып, қазірде халық зейнетақы жинағын ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй заемын алу, ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны енгізу, ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру, зейнетақы жинақтарын туысыңызға беру, емделу тәрізді мақсаттарға қолдана бастады. Аталмыш бастаманың аясында 16 075 қарыз алушы 62 миллиард 41 миллион теңге ипотекалық қарызын толық өтеген.
Жалпы, ел президентінің ұстанған бағыты – ең алдымен ынтымақ, білім игеру, тәрбие және үнемі жаңа кәсіпті меңгеру. Бұл ретте мемлекет басшысы «Мықты мемлекет болу үшін елдің білімді болуы, кәсіпті меңгеруі, ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде ұйымдасқан ұтады» дегенді жиі айтады. Әрине, қиын кезеңдерден ұтып шығу кез келген мемлекет үшін маңызды. Болашақта біз де даму жолында ұтылғымыз келмейді, ұтсақ дейміз. Сондықтан Қазақ елінің кемелді келешегіне сенім артамыз.