Тоқаев елде карантин екі аптаға созылатынын мәлімдеді. Үкімет мұқтаждарға 42,5 мың теңге төлемек
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілде күні Twitter парақшасында елде карантин тағы екі аптаға созылатынын жазды.
Тоқаевтың сөзінше, үкіметтегі комиссия 14 шілдеде шешім қабылдайды. Бұдан бөлек, билік табыссыз қалғандарға 42500 теңге (шамамен 95 доллар) төлемек.
"Қазір жағдайдың реттеле бастағанының алғашқы нышандары байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға үкімет шілде айына 42,5 мың теңге төлейді" деп жазды президент.
Қазақстанда коронавирус өршіп кеткен тұста билік 5 шілдеде екі аптаға карантин жариялап, қызмет көрсету саласындағы бизнестерді жауып, қалааралық автобус қатынасына тыйым салған. Елде коронавирусқа байланысты 16 наурыз — 11 мамырда төтенше жағдай жарияланған. Жұрт осы уақытта қатаң карантинде отырған. Сол кезде үкімет табыссыз қалған жұртқа екі ай 42500 теңге төлеген.
- Қазақстанда 13 шілде – пандемия құрбандарын еске алу үшін Ұлттық аза тұту күні.
- Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, елде 60 мыңға жуық адамнан коронавирус табылды. COVID-19 індетінен 375 адам қайтыс болды. Министрлік коронавирус жұқтырған жүзден астам марқұмды "өлімі басқа дерттен болды" деп ресми есепке қоспай отыр.
- Елде коронавирус өршіген тұста пневмонияға шалдыққандар да көбейді. Қазір елде 50 мыңнан астам осы дертпен ауырып жатыр. Министрлік олардың 30 мыңнан астамының анализінен коронавирус табылмаған деп отыр. Пневмониядан мыңнан адам қайтыс болды. Қазақстанда пневмониядан көз жұмғандардың нақты статистикасы жарияланбады.
- ДДСҰ Қазақстандағы пневмонияны COVID-19 індеті болуы мүмкін деген.