Тоқаев Щучинсктегі баланы құтқарған мектеп мұғалімін өлімінен соң марапаттады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Щучинск қаласында баланы құтқару кезінде қаза тапқан мектеп мұғалімі Александр Руденконы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Астана қаласы әкімдігінің «№ 32 мектеп-гимназия» МКК алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Александр Иванович Руденко ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталсын (марқұм). Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», — делінген жарлық мәтінінде.
Еске салайық, шілдеде Щучинскте 65 жастағы мектеп мұғалімі көлге батып бара жатқан баланы құтқару кезінде қаза тапқан болатын. Ер адам баланы аман алып қалды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жедел жәрдем келгенше ер адамды жағаға шығарып, жүрегіне массаж жасап, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Өкінішке қарай, оны құтқару мүмкін болмады.