Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:27, 17 Қаңтар 2023

Тор

None
None

Іші-сыртының қарамықша бадырайған безеуіші ерінді тырнайтын, өзі зілдей ауыр әрі айналасы екі-үш жерден кетілген, қақ ортасында болымсыз қақыраған сызаты бар, жайпақша құм шынымен толар-толмас ботқаға қоса қара ағаштың қышқыл дәмді жапырағы бірге иленіп пысырылған бу момыны(нан) екі толғап жеп болған, дымқыл, тар камерадағы жалғыз пенде тағы мажаурап ұзақ отырды.

Биіктен түскен көлбеу сәуле қарсы бұрыштағы әлсіз ғана діріл байқатқан, астыңғы бүйірі буазыңқы өрмекші торын ап-анық көрсетіп тұр, екі айдың алдында дәл сол бұрыштан, дәл сол жердің өзінен сондай бір әдемі ұяны өз қолымен тарамысын сыртылдатып үзіп талқанын шығарған.

Жазалы кісі қайран қалды...

Табан астында тапталып жататын ең әлсіз мақұлиқат өрмекші шіркін де адам атаулының жауыздығына қарсылық жасайды, құлаған ұясын өзіндік ерегеспен қайдағы бір басын бәй тіккен ең қимас жерінен табан аудармай өз әйнінде қалқита қояды.

Шүңірейген кішілеу екі көздің оты шырадай жанған әлгі тұтқынға кенет бір тәтті ой біте қалды да, ширай түсті. Әлгінде байсал тарта берген арықша денесін жинаңқырап қозғалып қойды. Сөйтті де ұшатын құс секілді қимыл байқатып қос топшының құрысын жазып, тізе сыртынан айқаса қалған саусақтарын «сырт» еткізіп шығарып алды да алдында түтегі шыққан, әбден жасып топанға айналған сабан үстінде қиғаш тұрған кең ауызды кесеге тұмсығын тығып жіберіп тілін шығарды. Ескекше екі жаққа кезек жүгірген көктамыр тіл ұшының ауырғанын сезген де жоқ, кеседегі мысық жалақ қалған жұғынмен кепкен дүңгіршек секілді тоқ айрағын жібіткен тәрізді, әлгінде ғана ашыла қалған аран бір ауыққа болса да басыла бергендей болды.

Иә, күні кеше оның да өзіндік панасы сонау алыста бұлдыр қиял арасындағы тау ішінде, астауша сай аузында дәл сондай бір тоқыған торы, баспанасы, тірлік ұясы бар еді ғой! Жіңішке әлсіз аяқтарын ербеңдеткен өрмекші шіркін күн көрісі үшін, әлде бір озбыр, бөгде дүлей күштің күйретіп кетуінен сақтыққа сыртқы дүниеге шықты болды өзіндік ғаламат күшке айналатын сілекейін шұбыртса, мынау күнаһардың өзі де сол төрт дауал үшін шүмектеген қан-терін төккен, ол дағы тыраңдап сол панасын ішінде ойнақ салған, арлы-берлі шапқылап жүрген, рахат тапқан. Бірақ қазір бәрі де бітті. Аңдаусызда соққан әлдебір дүлей күштің серпіні қатты жалпақ сыпырғысы, сол құтты мешін ұяның күл-күміренін шығарды. Есіл жер, ен дүние көшкен қорымның, сұр шаңдақтың астында қалды...Өзінің ғана көзі таюы, қолына шынжырлы шұр темірдің түсуі мұң екен, көп ұзамай артта қалған бала-шағасы жер аударылды...Ұзақ жылдардан бері от басындай ортаға үйіліп-төгілген қусаған қорымдар, қопарылған қолаба түсті қара шеке күнқақты үшкіл тастар, жайқалып өскен жалғыз түп бетегенің тамырын жаншыды, сөйтті де үзіліп түскен бұтақшаларды илектеген бетінде алысқа алып жөнелді...

Бітеу қорадағы қамау көрген асау жылқы секілді, айтарға болмаса әбден көндігіп алған көмпіс кісі, көз алдына тасқын, құлан жал көбіктерге толы сең бетіндегі жалғыз түп-тамырымен қопарылған көк өрім талды келтірді. Мүмкін сол құла толқын, қарақұрық дүниенің ортасынан ығысып барып әлдебір жарлауытқа, қайдағы бір қайранның шетіне шығып әлгі талдың тұрақтап қалатыны, көктейтіні болады. Су ішерлігі болғанда оның бала-шағасы, иесіз қалған ұрпағы әлдебір оңалуға жолығып көктейтін де шығар… Бұлт ішінен жарқ еткен сәуле секілді саңлауға, тәтті бір қиялға жолыға қалған қамаудағы кісі дымданып жасыған сабан төсек үстінде шалқалап жатқысы келді, керіліп-созылды. Дәл сол сәтте күзетші есік қақты, сөйтті де, өзіне бұрын мүлдем таныстығы жоқ, өңі суық бөтен бір тергеуші келіп кірді.

— Мен сізге орныңыздан тұрып артымнан еруіңізді бұйырам.

— Қайтесің?

— Тергеймін.

Тергеуге бармағанына жарым айдан асқан қылмысты үлдіреген ескі киізі қайырулы жер төсек үстіндегі қара сырмасын иығына жамылып есіктен шықты, ойланып келеді. «Төбе шашың тікірейген жарау бура секілді түрің сұсты көрінеді. Мүмкін мені бүгін ана сораңдаған жуан, талыстай етігіңнің қатырылған қайыңтозымен дәл бүйірімді көзеп тұрып тепкілейтін боларсың, сәті түсіп азу тістеріңмен келістіріп шайнайын деп тұрсың ғой, қандыр тісіңнің қышуын… неде болса шыдамасқа, көресін көрмеске шара не?!»

Тар залды тік құлдап келіп үлкен терезеден төгілген жарық сәулеге көзін жасқап ұзақ тұрған кісіге тергеуші орындық ұсынды. Өзі дүмін сыртына беріп екі қолын айқастырған қалпында теріс қарап ұзақ тұрды. Жауырыны жалпақ келген, қомдығын май жапқан өгіз секілді, тіпті анау тынымсыз арпалысқан қамшының қысқа сабындай саусақтары да сомбал, түйе палуан порымдас дәудің өзі көрінеді, оңдыратын түрі жоқ. Сұрақшы жүзін тасалаған беті тіл қатты. Бір ғажабы қасында хатшысы жоқ...

— Түзеліп отыр андағы орындыққа, тағы да ескертем, тергеймін.

— Тергеңіз, барымды тапсырайын сізге.

— Жоғыңды жонып тап демеймін, барыңды жасырмайсың, жасырған болсаң өз сорың, осыған келісеміз бе?

— Келісемін ғой.

Ат жақтары сорайып, жуан шықшыты астындағы күре тамырлары білеулене қалған тергеуші енді кейін бұрылды. Ұзынша төмен қойылған самай шаштары қалқиған құлағына төгіле кетті, онысын саусақтарымен кейін қайырып қойды.

— Қайталаймын, албаты сөйлеп мылжыңдасаң, уақытымды жесең, қойылған сұрақтан аулақ кетіп далаға сөйлесең зиян шегесің.

— Айта беріңіз, құлағым сізде.

— Әрине мен сенімен ойнап тұрғамын жоқ.

— Еркіңіз білсін.

Бойы үйрене бастаған жазалы кісі қолдарын ербеңдетіп дауысын қатты шығарғандай болып еді қатал тергеуші қағып тастады.

— Қолдарыңды жаныға түсіріп жөнімен отыр, онан соң шілдехана күзеткеннен амансың айғайлама.

Қылмыскер басыла берді, сұрақшы омырау қалтасына қол жүгіртті де жіңішкелеп бүктелген ұзын жолды оқушы дәптерінің бір бетіне жазылған түсініксіз қағазды жазып жіберіп ұзақ үңілді. Сонан соң тосын сұрақ тастады...

– Түрмеге түскелі неше жыл болды?

— 14 жыл.

— неге?

Айыпкер, тар маңдайының қақ ортасын белдеулеген, атам заманғы су сойды ернеуі тозған орлауыт спетті терең әжімін қозғап қойып сұрақшыға тігіле қалды.

— Қалай жаңылдырсаң да бар-жоғы сол.

— Сол болғанда қандай?

Тыңнан кезіккен сұрақшыға тағы да шынын айтпасқа болмады:

«Ата-анам сорымды қайнатып, тайынша оқыраласа іргелес елге өтіп кететін терінің пұшпағы секілді қағаберіс жерді мекенденіпті де, бір күні үйіме жаяу жолаушы келіп қонды, «астындағы атын жоғалтқан біреумін» деді де түнімен тыныш жатты, қыл бүлдіргіме тиіскен жоқ, ұясынан торғай ұшқанда ол дағы орнынан тұрып жөніне кетті. Үш күн өткен соң «шпион» жасырғандығым үшін қолға алындым. Кеселім бүкіл ауылға тиді, олар да қара орын хан тағынан айырылды, бар-жоғы сол ғана...»

— Үйіңде кім бар еді?

— Екі қызым қалды.

— Әйелің қайда?

— Өзім қолды болған соң жыл уағын тоспастан күйеуге тиді.

— Қалайша?

— Қалайша болушы еді? Қыз күнінен де аққұбаның әдемісі, әрі жібек мінезді кісі секілді еді, бір көргенде көңілім түсіп ала салғам, үйлі-баранды болған соң, қысқасы қайнаған шәугім тасып-төгілсе де бумен бірге бұрқылдайтын күйгелек темір ауыздың өзі болды да шықты, өлгелі жатқан аура шешеме тілі тиген соң тарылып жүріп тарлан қабырғадан теуіп қалып талдырып тастаған кезім де болған. Басыма көлеңке түсті, арадағы бұрынғы жарқышақ ұлғайды, бас еркіндігін сұрап дүркін-дүркін хат жазды, қарсы болғанмен қолдан келер болмады, әйел адам «шығамын» деп тұрса ер адамның қарынның сөлін жұтқан көк бауырша жабысып алуының өзі намыс, мақұл болдым, айта берсең өзі тапқан екі қызымды да ауырлады...

— Үлкен қызыңның аты кім?

Соңғы сұрақ айыпкерді шошытып жіберді. Кішілеу ғана қос жанардан бір түрлі үрей байқалды, тайқыдау келген тар маңдай онан ары құрыса түсті де бар денесі дірілдеп сала берді.

— Айтыңызшы, үлкен қызымды неге сұрадыңыз? баламның ақылдысы сол еді, әлде жазатайым бірдемеге...

— Қорықпа қызың әзірше пәле-қазадан аман. Мен сенен атын ғана сұрадым.

— Ана… р...

Тергеуші адымын жай басып айыптыға таяи берді, қамшыдан ыққан ат секілді әбден запы болған байқұс енді жасқанайын деді. Іштей «Бұлдағы қатынымен қағысқан күні қара киімділерді тепкілеп алақанының қышуын қандыратынның дәл өзі болды ғой» деп бұға беріп еді тергеуші кенет дауысын бәсеңдете сөйледі:

— Қорықпа, мынау сол үлкен қызыңның хаты, тездеп оқып жауабын жазуды бұйырам.

Тергеуші сырты кірлей бастаған қағаз ұсынды, өзі кейін шегініп темекі тұтатты. Сөйтті де көгеннің желісінше тамырлары тарамдалған қылмыскердің дірілдеген арық саусағына бір қарап қойды.

— Оқып болдың ба?

Тергеуші айыптыға темекі ұсынды.

— Болдым.

— Әкел бері, енді менің аузымнан тыңдарсың, көптен бері темекі көрмеген, жүні жұйпаланған құс секілді бейшараның ашты түтінді обырлана қауып жіберіп қақалып қалғанын көрген соң көзін жұмып біраз тұрған тергеуші қысқа жазылған хатты қайталап оқыды:

«Әкем менің, сен кеткенде көзінің жасын көл еткен жетіге толмаған Анарың, жетім лақша түртініп жүріп ержетті, ақыл тоқтатты. Кеше есепші келіп Тана екеуміздің көп жылдары несиеге жеген азық-түліктің сомасын төлеуді айтқанда шошып кеттім, «Бүкіл ауылға кесірі тиген қылмыскердің ұрпағы қанымызды сорып болды» деген айқай-шу тағы көтерілді. Былтыр шешеме барып қайтқам, екі қонған соң үй ішінен жаңжал шықты, жерге қарадым… Енді міне менің ғана бауырымнан панасын тапқан Тананың тағдыры үшін, ұшан-теңіз көз жетпейтін қарызым үшін, бағың жанып басыңнан бұлт айықса, мейлі қурап-семіп ақ сөңке болып оралсаң да, бір сені әлде кімдердің тамызық ермегінен сақтану үшін, өзіңді күту үшін, әйелі өлген сорлының етегінен ұстауға бекіндім. Асыл әкем менің… ықыласыңды бер… ақ батаңды ғана күттім...» Тергеушінің даусынан діріл байқалды. Сақалының қырылғанына ұзақ болмаған қылмыскер өңі құбылып орнынан тұрды, ауыр бір дем шығарып күрсінді, қолын созды да қайталап темекі сұрады, сөйтті де дауысын қоңырлатып шығарды:

— Маған бір бет ақ қағаз, қалам беріңіз.

— Әрине, беремін.

Сағатына қараған тергеуші қағаз, қалам ұсынды.

— Хатың қысқа болсын.

Күресін тарпыған тауықтың саусағы секілді сырты қожырланған мұқыл бармақтар мынаны жазды:

«Күніңді көргейсің, бердім ықыласымды». Әлгіндей емес өңі жылы сезілген тергеуші тездеп тіл қатып үлгірді:

— Бүгінгі тергеу аяқталды, тездеп қайтуыңды бұйырам.

Бұдан бұрын сан кергіге түссе де бақайы майысып көрмеген, ұзыншалау келген арық қара кісі тергеушінің аты-жөнін де сұрап үлгірмеді. Есіктен құр сүлдері шықты. Бөлмесіне кірген соң табалдырық аттай бере оның бұлдырай қалған көз жанары тағы сол баяғы өрмекші торына түсті. Қолжаулықтың жарымындай ғана, сол әлсіз тербелу байқатқан ұсақ тор үстінде енді бұрынғыдай жалғыз емес екі бірдей өрмекші ерсілі-қарсылы шапқылап жүрді. Әнеки манағы сабан төсек үстінде қалған құм шыныдағы ас жұғынына мастанған шыбынның бірі есіктен келген лептен шошынып ұшып шықты да биіктеп барып сол торға соғылды, сол-ақ екен, елеусіз ғана ұяның көзге ілінбейтін құдіретіне байланған, қанаттарын соншалық тез қағып бір түрлі ызың шығарған қара шыбынды екі жақтап тұра ұмтылған өрмекшілер бас салды. Үй ішінен мына күбір естілді:

«Көз ұшындағы екі бірдей қара ноқатым, өрмекшім менің, торғынша толықсыған торыңнан айналдым. Әрқандай арам астың иесі күні ертең-ақ, екеуіңнің мықты тоқыған өрмегіңнің, ақыл-айлаңның құрбаны болмақ!»

Тегтер: