Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 11 Мамыр 2023

Төрағалыққа талас

None
None

Қазақстан жазушылар одағы төрағасын сайлау Қазақстан президентін сайлаудан да қиын шаруа болып барады.

Біреулер өзін өзі ұсынды, енді біреулерді рухтас, мүдделес жақындары ұсынып жатыр. Қазірге дейін бірнеше кандидаттың аты-жөні аталды. Олардың арасында жазушылар одағын 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін басқарып келген Ұлықбек Есдәулет бар. Төрағаның бірінші орынбасары Ақберен Елгезек пен тағы да бір орынбасары Мереке Құлкеновтің аттары аталып жатыр. Жазушы-драматург Думан Рамазан мен жазушы Арман Әлменбет – өзін-өзі ұсынғандар. Ақын Нұржан Қуантайұлы мен Жүсіпбек Қорғасбектің кандидатурасын лайық көргендерді де атап өтейік.

Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан бір ерекшелігі – президенттікке түскен кандидаттар сияқты төрағалыққа үміткер жазушылар өз бағдарламаларын ұсынуда. Мұны алдымен Арман Әлменбет бастады. Одан кейін бағдарламасымен бәйгені Думан Рамазан жалғастырсын. Нұржан Қуантайұлы да қалысқан жоқ. Олар фейсбукке жариялаған бағдарламаларында жазушылар одағында қандай қызметтер атқару керек, қаламгерлердің кітабын шығару, қаламақы төлеу тәртібі қалай болу қажет деген сауалдарға жауап іздеген.

Сайлау сайын жазушылар арасы жік-жікке, руға, жерге, кланға бөлініп айтысып-тартысатын ескі дерт бар еді. Бұл жолы да сондай көне ауру қозып, ескі індет есіріп бара жатқандай. Бұған дейінгі сайлауларда әлеуметтік желінің ықпалы болмаған. Бұл жолы газет пен сайттарға фейсбук қосылып, «майдан» қызып бара жатыр. Бірін-бірі сыртынан қаралап, әлеуметтік желіге салып масқаралауды көріп отырмыз. «Анау Ақорданың батасын алыпты», «Мынау министрдің адамы екен» деген сияқты қаңқу желдей еседі.

Сайлауға екі күн қалды. Әркім хал-қадірі жеткенше, шамасы келгенше дайындалып жатса керек. Біз алдымен тәртіп бойынша одақты бес жыл басқарған Ұлықбек Есдәулетке хабарластық. Ол құрылтайда оқитын баяндамасын жазып, тұмсығынан шаншылып жатқанын айтып, сұрақтарымызға орынбасары Бауыржан Жақыптың жауап беретінін жеткізді. Бауыржан Жақыпқа қоңырау шалдық. Ол «Жазушылар одағы нақты бір кандидатты дайындап ұсынғалы отыр. Оның кім екенін айтпай-ақ қояйын. Құрылтай кезінде көре жатасыздар» деді.

«Әлеуметтік желіде өздерін ұсынып жатқан қаламгерлер сайлау тәртібі бойынша кандидат ретінде тіркеле ала ма?» деп сұрадық. Б.Жақып: «Әлеуметтік желіде өз өздерін ұсынып жатқан кандидаттардың бәрін құрылтай күні басқарма мүшелерінің талқысына саламыз. Басқарма мүшелері мақұлдаса, үміткер ретінде сол жерде тіркеліп, сайлауға қатысады», деп қысқа қайырды.

Өз бағдарламасымен өзін өзі ұсынып жатқандардың бірі Думан Рамазан. Жазушы «аттың жалы, түйенің қомында» ешнәрсе айта алмайтынын меңзеп: «Уақыт тым тығыз, бауырым! Ертерек айтпадыңдар ма? Тырс етуге уақытым жоқ. Айып етпеңдерші!» деді.

Өзін ұсынғандардың тағы біреуі Арман Әлменбет «Жазушылар одағына төраға боламын дегендегі мақсатым – елдің назарын аудару да емес, сеңді қозғау да емес, ең әуелі сол одақты құтқарып қалу. Тез арада реформаламаса, одақтың болашағы жоқ деп білемін. Олай болмаса екен деп тілесем де, шындық осылай болып тұр. Рим империясының құлдырауы 300 жылға созылған екен. Осы 300 жылда келген әр император империяны дамыту үшін әрекет етіп жатырмыз деп ойлаған. Бірақ ешкімнің қолынан ештеңе келмеген. Оның бір себебі империя мәңгілік деп ойлағандығында болса керек. Бұрынғы үлгімен ойланатын әр төраға одақты тура солай дамытамын деп ойлайды. Бірақ тарихи үрдіске сырттан қарауға тырыссақ, одақ құрдымға қарай кетіп бара жатқанын көреміз. Күрт реформа жасамай, бұл жолдан шыға алмаймыз» деді.

«Сізді одақтың мүшесі емес деп жатқандардың уәжіне не айтасыз?» деп сұрадық. Ол «Мені одақтың мүшесі емес деп отырып алмай, құрылтай күні-ақ мүшелікке қабылдап, кандидаттар қатарына қоссын! Бір дауыс ала алмасам да, ризамын. Бірақ осындай идея болғанын, одан жазушылар бас тартқанын құжат күйінде бекітуіміз керек», – деді.

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбекке хабарластық. Ол уақытының тығыз екенін айтып, сұхбат бере алмайтынын жеткізді. Сонда да бір-екі сұрақ қойып үлгердік. «Мені қаламдас бауырларым ұсынып жатыр. Солар бірдеме айтатын шығар, хабарласып көріңіздер» деді. Қорғасбекті фейсбук арқылы ұсынған, қаламдас бауырларым деп отырғаны – жас прозашы Қанат Әбілқайыр. «Жүсіпбек ағаны біз ұсынып жатырмыз. Егер басқарма мүшелері қолдаса, Жүсекең сайлауға түседі. Әрине, басында қарсы болды. Бірақ қазір келісіп отыр», – деді, Қ.Әбілқайыр.

Әлеуметтік желіде замандастары көбірек қолдау білдірген Нұржан Қуантайұлына қоңырау шалдық. Ол «Жауап бермеймін» деп шолақ қайырды. Ақберен Елгезектің телефоны «байланыс аясынан тыс жерде». Қалай айтсақ та, бұл сайлау бұрынғыларынан өзгеше өтетін сияқты. Бірін-бірі қаралау, топ болып мақтау, өзін-өзі ұсыну, біреулер арқылы түсу, басқалар арқылы пост жаздыру, қысқасы, толған интрига. Ал қоғамда бірімен-бірінің басы піспейтін мұндай одақтың кімге керегі бар деген пікір басым. Оны уақыт әлдеқашан көрсеткен, тек қаламгер қауымның мойындамай жүргені болмаса?!.

Тегтер: