Төреғожинаға Жыланбаев туралы жазбасы үшін айыппұл салынды

Адам құқықтарын қорғаушы Бақытжан Төреғожина “жалған ақпарат таратты” деп танылып, 78 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Бұған дейін Бақытжан Төреғожина белсенді Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлағанын хабарлаған еді. Қорғаушы тарап істі қарау барысында процессуалдық бұзушылықтар мен инспекторға қысым жасалғанын айтып, істің негізі болған хаттама мен рапортты заңсыз деп тануды сұрады. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Рапорт жасаған учаскелік полицей жарияланған жазба “жазаны орындау жүйесіне деген көзқарасқа әсер етеді және нақты деректермен расталмаған” деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Жыланбаевтың жағдайы жақсы, ол кітап оқып, спортпен айналысып жүр.
Төреғожинаның адвокаттары Жыланбаевты сот отырысына куәгер ретінде шақыруды талап еткен, бірақ судья бұл талапты да қанағаттандырған жоқ.
Ал құқық қорғаушының сөзінше, Марат Жыланбаев колониядағы жағдайға байланысты тағы да аштық жариялаған. Оның салмағы сыни деңгейге дейін төмендеп кеткені айтылды.
Айта кетейік, Марат Жыланбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Оған «экстремистік ұйым қызметіне араласты және оны қаржыландырды» деген айып тағылған.
Ресми билік оны саяси тұтқын деп мойындамайды. Алайда құқық қорғаушылар мен белсенділер бұл істің саяси астары бар екенін айтады.