"Төрт ағайынды" қылмыстық тобының жетекшісі Еркін Ізбасар қайтыс болды

Ақтөбеде бұған дейін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған «Төрт ағайынды» ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі Еркін Ізбасар қайтыс болды.
Оның қайтыс болғаны туралы ақпаратты жақын досы Бауыржан Нұрмаханов растады. Сондай-ақ ол Еркін Ізбасарды жерлеуге туған-туыстары мен жақындары дайындалып жатқанын мәлімдеді.
"Иә, бүгін таңертең көз жұмды. Қазір бәрімізге оңай емес. Еркін көптен бері ауырып жүр еді", - деді Бауыржан Нұрмаханов.
Еске салайық, 2018 жылдың тамыз айында Еркін Ізбасар 12 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болған еді. Ол бірқатар айыптар, соның ішінде қылмыстық топ ұйымдастырды деген айыппен сотталды.
2021 жылдың қараша айында Еркін Ізбасардың денсаулығына байланысты жазасын өтеуден босатылғаны белгілі болды.
«Сараптама нәтижелері және сотталған Еркін Ізбасардың анықталған аурулары бойынша арнайы медициналық комиссияның отырысы өтті, оның қорытындысы бойынша сотталушының жазасын өтеуден босатуға негіз болған аурулары бар екені анықталды. Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 19 тамыздағы № 530 бұйрығына сәйкес босатылды», - деп хабарлаған болатын Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық іздестіру департаменті.