Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:56, 22 Қазан 2022

Төтенше жағдайға еліміз бей жай қарамайды

None
None

Биылғы жылы республика көлемінде бүкіл елді алаңдатқан төтенше жағдай Қостанай өңіріндегі өрт болды.

Бірнеше күнге созылған өрт салдарынан 43 мың га орман шаруашылығы күлге айналып, екі мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшіріліп, он адам зардап шегіп, бір адам қайтыс болды. Орманнан басталған өрт тұрғын жайларға жетіп, 100 ден астам үйдің өрт салдарынан бүлінгені анықталған болатын. Мұндай ауқымды өртке еліміздің Төтенше жағдайлар қызметі де бірнеше күн қатарынан тік тұрып жұмылып қарсы тұрып, жеке құрамнан 600-ден астам адам және 100-ге жуық техника жұмылдырылды. Тіпті тікұшақтар қызметі де іске қосылып ауқымы үлкен өрт әзер сөндірілген еді.  Тілсіз жаумен күрес оңай емес. Онымен келісімге келу де мүмкін емес. Тек қарсы тұрып не алдын алу арқылы жеңе аласың. Осы орайда еліміздің Төтенше жағдай қызметінің тілсіз жаумен күрестегі еңбегін ерекше атап өту керек.

Осындай едел жедел жүргізілген жұмыстардың арқасында бір ғана адам шығыны орын алған. Мәселен өрттің бірінші күні жедел штаб құрылып, 1893-тен астам адам, 224 техника, 6 тікұшақ және 5 өрт сөндіру пойызы жұмылдырыпты. Соның арқасында Озерное және Аманқарағай ауылдарының тұрғындарын көшіру уақытылы, дер кезінде жүргізілген. Бір өкініштісі еліміздің эколог мамандары «Қостанай өңірінің экожүйесін қалпына келтіру үшін кем дегенде енді 70 жыл қажет» деген пікір айтуда. Демек өңірдегі орман қорына, жасыл массивтің тіршілік иелеріне айтарлықтай зиян келді деген сөз. Сондықтан әлі де болса төтеншелік мамандар өрттің алдын алу жұмыстарын күшейту қажет деген ұстанымдарын қайталауда. Қазіргі таңда өрттен келген шығынның орнын толтыру, Қостанай өңірінің жасыл желегін, топырағын қалпына келтіріп, көшеттер отырғызуға дайындау секілді жұмыстар жасалуда. Негізі бұл өңірде соңғы рет өрт 2004 жылы тіркеліп, ол кезде 3 мың гектар жасыл желек жанып кеткен болатын. Алайда ол кезде де өрттің салдарымен жұмыстар жүргізіліп, жаңа ағаштар отырғызылған болатын. Он сегіз жыл дегенде әзер қатарға қосылған ағаштар кеше қайтадан отқа оранды. Сондықтан енді жергілікті мамандар тағы да өрт салдарымен күресуде.

Атап өтер жайт мемлекет төтенше жағдайдан соң әрқашан халықты қамқорлығына алып, баспанамен қамтамасыз ету, бір жолғы көмек беру секілді жұмыстарды ешқашан естен шығарған емес. Бұл жолы да Әулиекөл халқын баспанасыз қалдырмай, өрт кезінде үйлері жанып кеткен тұрғындарға жаңадан үй салып беру жұмыстары қолға алынған болатын. Екі ай ішінде сол үйлердің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қысқа жеткізбей тұрғындарды сол үйлерге қоныстандыру жұмыстары басталып та кетті. Бүгінгі таңда жарық, газ, ғаламтор және сумен толық қамтылған, 91 тұрғын үй пайдалануға толық дайын. Үйлер түскен көшелерге асфальт та төселіп, қысқа толығымен дайын үйлер бастап берілуде. Құрылыс жұмыстары барынша тез жүріп, күздің суық күндерінде тұрғындар суыққа қалмас үшін жалпы құрылысқа 16 мердігер компания тартылған көрінеді. Баспанамен қатар зардап шеккен барлық отбасы қоғамдық қорлардан материалдық және гуманитарлық көмек те алған. Жалпы төтенше жағдай кезінде еліміздің бір атаның балаларындай жұмылып, қиындықты бірге көтерісуге тырысқаны анық байқалды. Түрлі мамандық иелері зардап шеккен тұрғындарға бір күндік жалақыларын аударса, азық-түлік, киім кешектерін де жинап берген халық болды. Мұның барлығы халқымыздың төтенше жағдайда ауызбірлігі көрінетінінің белгісі. Мемлекет тарапынан арнайы 2,3 млрд теңге бөлініп салынған тұрғын үйлер бүгінде халықтың да көңілінен шығуда. Өйткені «қайыр қылсаң бүтін қыл» ұстанымымен, қазіргі таңда демеушілер тартылып, аталмыш үйлерге  жиһаз бен тұрмыстық техникалар да сатып алынып жатқан көрінеді. Тіпті жаңа оқу жылы алдында Әулиекөл ауданында табиғи өрттен зардап шеккен отбасылардың балаларына қажетті оқу құралдары да таратылған болатын. «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының  хабарлауынша «23 мыңнан астам отбасындағы 42 мың оқушыны мектеп формасымен, рюкзакпен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілген».

25 қазан Республика күні қарсаңында өрт кезінде үйлерінен айрылған отбасылар енді су жаңа үйлерінің кілттерін алады деп күтілуде.  зардап шккен тұрғындар өздерінің жаңа, жайлы үйлерінің кілттерін алады. Осыған дейін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «Әулиекөл ауылының жоспарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына жалпы ауданы 53 гектар жер учаскесі бар. Осы учаскеден 10 сотық учаскеде әрқайсысының ауданы 100 шаршы метр тұрғын үйлер салу үшін 12 гектар бөлінді. Жер учаскелері қажетті инфрақұрылыммен: су, газ, электр энергиясымен, сондай-ақ кіреберіс жолдармен қамтамасыз етіледі. Жер учаскелері бар жаңа үйлер өрт салдарынан зардап шеккен азаматтардың меншік құқығына берілетін болады», – деген еді. Бүгінде сол мақсаттың орындалғаны тұрғындарды да, жергілікті атқарушы билікті де қуантып отыр.

Жалпы ел билігі осыған дейін де су тасқыны, зілзала секілді төтенше жағдай кездерінде де зардап шеккен халықты қараусыз қалдырмай баспанамен де, материалдық тұрғыдан да қамқорлықтарын көрсеткен болатын. Бұл еліміздің төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарымен де айналысып, салдарымен де күресуге барынша машықтанғанын аңғартады. Сондай ауқымды өрт кезінде ең бастысы адам шығынына жол бермеуге тырысу, ал материалдық шығынның орнын уақыт өте толтыру еліміздің Төтенше жағдайлар қызметінің басты ұстанымы деп айта аламыз. Салыстырмалы түрде мамандар елімізде төтенше жағдайлардың азайып келе жатқанын айтуда. Демек еліміздің төтенше жағдай кезіндегі бірлесе атқарған істері оң нәтиже беруде.

Бүгінде тұрғындардың екі ай ішінде су жаңа үйлерге көшірілуі халқымыздың мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қостанай жеріне келген ортақ қасіретті бірлесе еңсергенін аңғартады. Тұтас қоғам өрттен зардап шеккендерге қамқорлық  танытты, гуманитарлық көмек көрсетті. Әулиекөл орман өрті тек Төтенше жағдай қызметін ғана емес, кәсіпкерлерді де, жергілікті атқарушы билікті де бей-жай қалдырмады, өз еріктерімен көмекке келген еріктілердің қосқан үлесі де орасан зор болды.

Айтпақшы кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің Төтенше жағдайлар қызметіне қарасты мамандық иелері құтқарушыларды мерекесімен арнайы құттықтады. «Құрметті достар! Баршаңызды Қазақстан Республикасының «Құтқарушы күні» кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Сіздер өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, үнемі төтенше жағдайда жұмыс істеп жүрсіздер. Бұл мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап. Табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті сын сәтте сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Халқымыздың игілігі мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғап, бүгінге дейін мыңдаған адамның ғұмырын сақтап қалдыңыздар. Сондықтан ерен еңбектеріңіз ең жоғары бағаға лайық. Сіздер алдағы уақытта да қызметтік борыштарыңызды мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссияны жалғастыра бересіздер деп сенемін. Жауапты жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — делінген құттықтауда.

Бұл аталмыш мамандық иелерінің елдің қалыптасуындағы еңбектері орасан зор екенін аңғартады.

Тегтер: