Тозған Қазақстан: Жол ескі, көпір ескі, апат та ескі. Билік жаңа!
Қазақ даласын тағы да су алды. Тағы да қара халық зардап шекті. Бұл жылда қайталанатын құбылыс. Ресми дерек бойынша, су тасыған 10 облыста 1 267 жеке тұрғын үй мен 486 аула су астында қалып, 39 автожол мен 1 көпірді сел шайып кеткен.
Шенділер осыдан кейін ғана ұйқысынан шошып оянғандай іске кірісті. Бірнеше өңірде төтенше жағдай жариялап, тасыған судың жолына тас пен құм төсеп, арамтер болып жүр. Бірақ жыл он екі ай жылы кабинетте отырып, дәл сел келген күні бір уыс құм салынған қапшық көтеріп шыққаннан не пайда?! Әбден күш алып алған қызыл су оған дес беремесі анық. Үкімет кеш қозғалғандықтан 25 наурызда басталған су тасқынының беті әлі қайтпай тұр.
Біздің билік түрлі апатпен қағаз жүзінде күресуге әуес, кез келген тосын жайға сақадай саймыз деп есеп беріп жатады. Бірақ шенділердің мұндай «отчетына» табиғат заңы бағынбайды. Биыл да үкімет өз жұмысын дұрыс атқара алмады. Вице-премьер Роман Скляр мен су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов және бірнеше облыс әкімі қатаң сөгіс алды. Бірақ бәрі қызметінде қалды. Осыған дейін бірнеше мәрте сыннан өте алмай келе жатқан Склярдың артында қандай тіреуіш тұрғанын білмей елде аң-таң, апам да аң-таң.
Бірінші сынақтан сүрінген Бектенов
Биылғы су тасқыны – айтып келген апат. Өйткені ақпанның аяғына дейін жауған қалың қар, оны дер кезінде тазаламаған үкіметтің салғырт жұмысы және наурыздың ортасында күрт жылынған ауа райы ауыр апатқа меңзеп тұрған. Мұны мамандар да айтып жүрді, халық та қалың қардан тіксініп, дабыл қаққан. Тіпті жауапты шенділердің өзі тасқынға дайын емес екендерін анық білді. Мысалы, 20 ақпанда өткен үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынына қарсы дайындық дұрыс жүріп жатпағанын айтқан. «Селге қарсы 218 іс-шараның 92-сі әлі орындалмай отыр. Жұмысқа бұлайша селқос қарауға болмайды» деп ескерткен еді.
Бірақ антикордан ауысып келген «адуын» премьердің пәрменін жауапты министрлер мен әкімдер жүре тыңдаған сияқты. Сол күні баяндама жасаған төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов және көлік министрі Марат Қарабаевтың Бектенов берген тапсырманы толық орындамағаны енді белгілі болды.
Сол жиналыста Бектенов су тасқыны жылда қайталанатынын айтып, өзіне дейінгі үкіметтің жұмысын сынағандай көрінген. «Барлық өңір су тасқынына толық дайынбыз деп баяндайды. Ал сайып келгенде тұрғындар зардап шегеді. Бұл тасқынға қарсы оқу-жаттығулар формалды түрде өтетінін, ал дайындық қағаз жүзінде ғана қалатынын көрсетеді. Биыл пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет» деп тұжырды. Ол 217 елді мекенге тасқын қаупі төніп тұрғанын айтып, тіпті қай облыстың қай ауылы су астында қалуы мүмкін екенін болжаған. Бірақ бәрін бес саусағындай білетін премьер өз тапсырмасын ойдағыдай орындата алған жоқ. Бектенов үкімет тізгінін ұстағаннан бергі алғашқы сынағында-ақ сүрінді.
Су тасқынына жол беріп алған Бектенов «апатқа кінәлі тұлғалардың бәрі тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Зардап шеккен адамдарға шығынның бәрі өтеледі» деп бейнеүндеу жариялады. Видеодан премьердің жүзі сынық көрінді. Президенттен ауыр сын естігеніне немесе қол астындағыларға сөзін өткізе алмағанына қапалы сияқты. Қалай болғанда да Бектенов пен оның командасына айтылар айып көп.
«Әй, ауыл кетті, түгел ағып кетті»
Қызыл судың ортасында қалған үйінің төбесіне шығып, көмек күткен жүдеу тұрғын; шырқырай кісінеп, суға ағып бара жатқан жылқы; қатты ағысқа қарсы тұра алмай құлаған үй, қираған инфрақұрылым. Сұрапыл сел буған қазақ даласының қазіргі көрінісі – осы. Тіпті кей өңірде тасқын ауыр жүк көлігін аударып, тракторды ағызып кеткенін көрдік. Осыдан-ақ биылғы апаттың беті қатты екенін аңғаруға болады.
Ресми дерек бойынша, елдегі 10 облыста су тасып жатыр. Бірнеше өңірде төтенше жағдай жарияланды. Бірақ үкімет нақты қанша үйді су алып, қанша шығын келгенін қолмен қойғандай айта алмай отыр. Төтенше жағдай министрлігінің 1 сәуір 12:41-дегі есебі бойынша, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ұлытау және Абай облысында 13 659 адам эвакуацияланды, оның 5 250-і бала.
Министрлік апат жайлы ақпарат таратуда сараңдық танытып отыр. Олар қанша елді мекенді сел басып, қанша тұрғын баспанасыз қалғанын, қанша мал-мүлік суға кеткенін емес, 4,6 миллион м3 қар суын шығарып, 370 мың қапшық төсегендерін мақтана жазады. Құтқару жұмысына 8 458 адам мен 2 124 техника жұмылдырылыпты. Сондай-ақ 1 267 жеке тұрғын үй мен 486 аула су астында қалғаны ғана белгілі.
Ресми органдардан жеткен ақпарат осы ғана. Ал тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Баспанасы мен мал-мүлкінен айырылған тұрғындар үкімет пен жергілікті әкімдіктің жауапсыз жұмысына наразы болып отыр. Әлеуметтік желіде тараған жазбалардан апаттың ауанын байқауға болады. Мысалы, бүкіл Қазақстан белгісіз әкенің қаладағы баласына жазған аудиохатын естіді. «Қалайсың, балам! Әй, ауыл кетті, түгел кетті. Үй де кетті, көзіммен көрдім ғой, үйдің құлағанын. Дым қалған жоқ, опырылып, судың ортасына түсті. Балабақшаның төбесіне шығып қарап тұрдық, ауылдың бүкіл үйі құлады» дейді шарасыз тұрғын.
Желіде тараған осы дауыс тұтас елді жайлаған тасқынның көрінісі мен апатқа ұшырған халықтың мұң-зарын бейнелеп тұрғандай. Бұл дауыстың авторы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Екпетал ауылының тұрғыны Самат есімді азамат екен. Ол кісінің өзіне хабарласып, мән-жайды сұрадық.
«Екпетал ауылында тұрамыз. Су келеді дегенді естігеннен бастап топырақ үйіп, тасқынның алдын алуға тырыстық. Таңғы бесте ауылға су келді, биікте тұрған үйлерге қаштық. Жартымыз гараждың, жартымыз балабақшаның төбесіне шығып алдық. Сонда тұрып ауылымызды сел алғанына қарап тұрдық, не істей аламыз басқа. Көз алдымызда үйлер құлап, тірі малдардың өзі суға кетіп жатты. Өзімнің 1972 жылдан бері тұратын қара шаңырағым құлағанын көрдім. Балалық шағым өткен, 50 жыл тұрған баспанам су астында қалды. Осының бәрін көзіммен көріп, балама айтып жатқан сөзім ғой.
Мұндай апат ауылымызда төртінші рет болып отыр. Алғаш рет 1993 жылы сел жүрді. Онда жас жігітпін, тұрғындармен бірге ауылды тасқыннан аман алып қалдық. Содан араға көп жыл салып, 2022 жылы және 2023 жылы тағы су басты. Ол екеуінде де халық болып күндіз-түні күзетте тұрып, үйлерге су кіргізбей аман алып қалдық. Осы жолы да баспанамызды құтқарып қалармыз деген үмітпен ауылда қалып, селмен күрестік. Бірақ қолдан келмеді, қайтеміз енді, бәрі көз алдымызда суға кетті. Ауыл тып-типыл болды, мұнда тұру мүмкін емес. Судан үйлердің шатыры ғана көрініп тұр», – деді тұрғын.
Тұтас ауыл суға кеткенін Ойыл ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Аманбек Бақытов та растады.
«Қазір судың беті қайтты. Бірақ ауданнан шыға алмай отырмыз, Ойыл ауылына кіре берістегі көпірді сел бұзып кеткен. Екпетал ауылында жалпы 66 үй болған, соның бәрін су шайып кетті. Оның қаншасы құлағанын, қаншасы қалғанын комиссия анықтайды. Биылғы су апатына қар еріп, Ойыл мен Қиыл өзенінің қатар тасуы себеп болды. Су өте көп, бөгеттен бір метр асып кетті. Екпетал ауылынан 200 адамды эвакуацияладық. Бірінші күні бала-шаға мен қарттарды алып шықтық. Ол күні ерлер ауылда күзетте қалған, ертесі оларды тікұшақпен құтқардық», – дейді.
Жеріміз бірде көл, бірде шөл
Дәл қазір жер де су, көк те су болып жатқанымен, шын мәнінде Қазақстанда су ресурсы тапшы. Ірі өзендердің көбі көрші елдерден келеді. Жазда үнемі қуаңшылық болып, мал мен егінге су жеткізе алмай жатамыз. Басқаша айтқанда, жазда қуаңшылықтан, көктемде топан судан зардап шегеміз. Демек, билік суды дұрыс басқарып, сақтауды білмей отыр.
Мамандар біз секілді су тапшы елдер жаңбырдың әр тамшысы мен қарды құр жібермей жинайтынын айтады. Ал біз жаңбыр түгіл, көктемде еріген көл-көсір қар суына ие бола алмай отырмыз. Оның көбі көрші елдерге ағып кетеді екен. Мысалы, Ертіс өзені арқылы жылына 23-25 млрд текше метр су сыртқа шығады. Егер осы суды өзімізде іркіп қала алсақ, жазда ұшан-теңіз егіндік жерді суаруға жетер еді.
Ол үшін әр елді мекен маңындағы су ағар жағалауын биіктетіп, кеңейтіп, су қоймасын жасау керек. Сонда ең алдымен елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, екіншіден, суды жинап кәдеге жаратуға мүмкіндік туады. Бірақ қазір бар су қоймаларының өзі дұрыс жұмыс істемейді, көбі тозған, жөндеуді күтіп тұр. Елде жалпы 1,5 мың гидротехникалық құрылыс бар, оның 537-сі жөндеуді қажет етеді. Ал 304-і халықтың өміріне тікелей қауіп төндіріп отыр. Мұндай жағдай бұрын болған, 2010 жылы Қызылағаш су қоймасы жарылып, 45 адам көз жұмғанын ешкім ұмытқан жоқ. Осы деректердің өзі қазақ билігі «сумен ойнап» жүргенін аңғартады.
Апаттан сабақ алмайтын Қазақстан
Қазақстанда көктем сайын су тасқыны болады. Тіпті бұл 4 маусымның айналып келетіні сияқты, заңды құбылыс болып кеткен. Өкініштісі, билік содан сабақ алар емес. Жыл сайын тасқыннан соң миллиардтаған қаражат бөлінеді, бірақ ол алдағы жылдарда тасқыннан сақтануға емес, сол жылғы апат салдарын жоюға ғана жұмсалады.
Мысалы, былтыр Абай, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан және Павлодар облысында сел жүріп, 163 тұрғын үй су астында қалды. Ал 2022 жылы тағы бірнеше облыста тасқын болып, 185 тұрғын үй мен 78 саяжайды су басты. 1165 адам эвакуацияланды. Айта берсек, дәл осылай жалғаса береді. Тіпті кейінгі 15 жылда су тасқыны болмаған жыл жоқ.
Жыл сайын қайталана беретін су тасқынынан жалыққан жұрт мұны табиғи апат емес, сыбайлас жемқорлықтың жолы деп атап жүр. Өйткені кейбіреуге жазда су қоймасын салып, қыста қар күреп, көктемде селден аман қалғаннан гөрі, елді апатқа беріп, төтенше жағдайда бөлінетін көл-көсір қаржыға қарқ болған тиімді болуы мүмкін. Төтенше жағдай кезінде тендер бәсекесіз, бір көзден беріледі. Ондай сәтте заң талаптары сақталуы қиын. Сарапшылар бұл апаттың салдарын жою үшін деген желеумен мол қаржыны қалтаға басуға таптырмас мүмкіндік деп санайды.
Үкіметтің салғырттығынан жылда тасқын жүреді. Қызыл су үйлерді, жол мен көпірді және өзге нысандарды шайып кетеді. Оның бәрін қалпына келтіріп, кеткен шығынды өтеуге мемлекет бюджетінен қаржы жұмсалады. Айналып келгенде, бұл да халықтың қалтасынан шығатын қаржы. Ол аздай, апат болса билік өкілдері «күшіміз бірлікте» деген сияқты акциялар өткізіп, жұрттан ақша жинайды. Сондай-ақ кәсіпкерлердің қалтасына қол салады. Ал апатқа кінәлі шенділер сөгіс, ескерту сияқты жеңіл жазамен құтылып кетеді.
Биыл да үкімет барлық шығынды толық өтеуге уәде беріп отыр. Ол үшін үкімет резерві мен «Қазақстан халқына» қорының қаржысы жұмсалады. Соңғысы 5 миллиард теңге бөлді. Демек, негізгі салмақ үкімет резервіне түскелі тұр. Резервте 320 миллиард теңге ғана қалды деген ақпарат бар, салғырттықтан туындаған апат сол қордың өзін орталатып кеткелі отыр. Оның үстіне осы қаржының өзі керек жеріне жетіп, жыл сайын болатын су тасқынына тосқауыл қоятынына сенім аз.
Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Батыс және Шығыс Қазақстан өңірінде жағдай ушығып тұр. Үкімет ештеңеге дайын емес, тіпті құтқару жұмыстарын қалай жүргізіп жатқаны да белгісіз. Халыққа қажетті ақпарат өте аз, ел көлемінде қанша ауылды су басқанын, шығынды қалай есептейтінін де жариялаған жоқ. Шамасы бәрі жабулы қазан жабулы күйде қалатын сияқты.
Биліктің қолға алған ең «үлкен» жұмысы Қаңтар оқиғасынан бері тасада жүрген Қанат Бозымбаевты премьер-министрдің орынбасары етіп тағайындау болды. Ол үкіметте өңірлік саясат, төтенше жағдайлар және су ресурстары мәселелеріне жауапты болады. Бектеновте бұған дейін 6 орынбасар бар еді, енді жетеу болды. Бірақ үкіметтегі бір қора шенді жиналып, су тасқынын тоқтататын амал таба алмай отыр. Ал баспанасынан айырылған халық әлі «далада» түнеп, ертеңгі күні не болатынын білмей отыр.
Қуаныш Қаппас