Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:30

Трамп Иран билігін Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай танкерлерінен төлем алмауға шақырды

Ормуз
Фото: AP Photo / Altaf Qadri

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігін Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай танкерлерінен төлем алмауға шақырды.

Ол 9 сәуір, бейсенбі күні кешке Truth Social әлеуметтік желісінде Иранның танкерлерден төлем алып жатқаны туралы ақпараттарға пікір білдірді.

— Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін танкерлерден ақы алып жатыр деген мәліметтер бар. Олар мұндай әрекет жасамағаны жөн. Егер бұл рас болса, оны дереу тоқтатуы керек, — деп жазды ол.

Тағы бір жазбасында Трамп Иранды Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалы мәселесінде «өте нашар жұмыс істеп жатыр» деп сынға алды.

— Кейбіреулер мұны тіпті әділетсіздік деп бағалауы мүмкін. Бұл біз келіскен нәрсе емес, — деді АҚШ президенті.

Сонымен қатар, Ақ үй басшысы Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмайтынын атап өтті. Ол мұнай тасымалы жақын арада қайта жанданатынын айтты:

— Бұл Иранның қатысуымен бола ма, әлде онсыз — мен үшін айырмашылығы жоқ.

Еске салайық, 8 сәуірге қараған түні АҚШ пен Иран ұзаққа созылған қақтығыстардан кейін екі апталық атысты тоқтату туралы келісімге келген болатын.

Осы уақытта Тегеран билігі Ормуз бұғазын қайта ашуға дайын екенін мәлімдеді. Алайда оны өз бақылауында ұстап, сол арқылы өтетін кемелерден төлем алу ниеті бар екенін де білдірген.

Kpler талдау компаниясының дерегінше, бітім жарияланғаннан кейін бұғаз арқылы небәрі бірнеше кеме ғана өткен, олардың ішінде Иран туы астындағы екі танкер де бар.

Айта кетейік, әлемдегі мұнай тасымалы үшін ең маңызды бағыттардың бірі саналатын бұл бұғаз арқылы қозғалысты қалпына келтіру — Трамптың соңғы апталарда Иранға қойған негізгі талаптарының бірі.

Сарапшылардың айтуынша, Иран АҚШ бастаған әскери әрекеттерге жауап ретінде бұғазды жауып тастағаннан кейін мұнай бағасы күрт өсіп, бұл Трампты күрделі жағдайға қалдырған.

Тегтер: