Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:55

Трамп Ирандағы наразылық білдірушілерді мемлекеттік мекемелерді басып алуға шақырды

Трамп
Фото: REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы наразылық акцияларына қатысты мәлімдеме жасап, шерушілерді қарсылықты тоқтатпауға және мемлекеттік мекемелерді басып алуға үндеді.

Ол бұл үндеуін Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

Трамп өз жазбасында ирандықтарға қолдау білдіріп, «көмек жолда келе жатыр» деп мәлімдеді.

«Ирандық патриоттар, наразылықты жалғастырыңыздар – өз мекемелеріңізді басып алыңыздар! Қанішерлер мен зорлықшылардың атын ұмытыңыздар. Олар бұл үшін  өтеу төлейді. Мен ирандық шенеуніктермен барлық кездесулерді наразылық білдірушілерді мағынасыз өлтіру тоқтағанға дейін тоқтаттым. Көмек жолда. Иранды қайтадан ұлы елге айналдырайық!» - деп жазды АҚШ президенті.

Бұған дейін Дональд Трамп АҚШ әскерилері Ирандағы жағдайға байланысты «өте қатаң нұсқаларды» қарастырып жатқанын айтқан. Ол сондай-ақ наразылық кезінде бейбіт тұрғындар қаза таба берсе, Вашингтонның араласу мүмкіндігін жоққа шығармаған.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт президенттің қажет деп тапқан жағдайда әскери нұсқаларды қолданудан тайынбайтынын мәлімдеді. Алайда оның сөзінше, Трамп үшін дипломатиялық жол әлі де негізгі басымдық болып қала береді.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Ирандағы наразылықтарда кемінде 648 адам қаза тапқан. Алайда интернеттің толық бұғатталуына байланысты құрбандардың нақты саны бірнеше мыңға, тіпті 6 мыңға дейін жетуі мүмкін.

Ирантанушы Жәнібек Көпжасардың жазуынша, қаза тапқандар саны 12 мыңға жетуі мүмкін.

 Интернеттің толық шектелуіне байланысты нақты ахуалды тәуелсіз түрде растау әзірге мүмкін болмай отыр.