Трамп Иранмен соғысты мамырдың ортасына дейін тоқтатқысы келеді – БАҚ
АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің командасына Иранмен соғысты ұзаққа созбай, жақын апталарда аяқтауды қалайтынын жеткізген, деп жазады The Wall Street Journal.
Басылым дереккөздерінің хабарлауынша, Трамп кеңесшілерімен әңгімесінде Иранмен соғыстың шешуші кезеңінде тұрғанын айтып, оның төрт-алты апта ішінде аяқталуы қажет деп санайтынын мәлімдеген.
Ақ үй өкілдері Трамптың Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен 14-15 мамырға жоспарланған кездесуі қарсаңында соғысты аяқтауды көздеп отырғанын жеткізген.
Алайда WSJ атап өткендей, Трамптың соғысты тоқтату бойынша оңай жолдары жоқ, бейбіт келіссөздер тек бастапқы деңгейде ғана жүріп жатыр.
Басылым мәліметінше, АҚШ президенті Ирандағы соғыс оның басқа мақсаттарына назар аударуына кедергі келтіріп жатқанын айтқан. Ол бұл "басқа мақсаттардың" нақты не екенін ашып айтпаған. Алайда WSJ кейбір дереккөздері бұл Кубадағы режимді ауыстыру туралы болуы мүмкін деп болжаған.