Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:45

Трамп Нобель сыйлығын алуға бар күшін салып жатыр — Bloomberg

Трамп
Фото: Bloomberg

АҚШ президенті Дональд Трамп бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алуға қатты ұмтылып отыр.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, ол жария түрде де, жабық кездесулерде де өз кандидатурасын қолдауға қатысты іс жүргізіп жатыр .

Бұл науқан 10 қазанда жарияланатын лауреат есімі алдындағы соңғы күндері айтарлықтай күшейген.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Трамп:

«Барлығы менің бейбітшілік үшін Нобель алуым керек деп айтып жүр», – деген.

Оның айтуынша, өзі де, АҚШ та «Авраам келісімдері» деп аталатын – Израиль мен бірқатар араб елдері арасындағы қатынасты қалыпқа келтірген тарихи келісім үшін лайықты мойындауға ие болмаған. Бұл құжаттар 2020 жылы, Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде қабылданған еді.

Сондай-ақ президент 2025 жылдың қаңтарында Ақ үйге қайта оралғаннан бері кемінде алты соғысты тоқтатқанын жиі қайталайды.

Оның тізімінде тіпті Үндістан мен Пәкістан арасындағы, сондай-ақ Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыстар да бар. (Басылым Трамп кейде Арменияны «Албаниямен», ал Әзербайжанды «Камбоджамен» шатастыратынын атап өтті.)

Алайда Трамптың «бейбітшілік жолындағы жетістіктерін» барлығы бірдей мойындап отырған жоқ. Сыншылардың айтуынша, ол аталған соғыстарда арағайындық рөл атқармаған,
көп жағдайда қақтығыстардың өзі әлдеқашан тоқтаған немесе шағын көлемде болған.

Bloomberg жазғандай, Трамптың Нобель комитетіне ықпал ету әрекеттері қыркүйек айының соңында АҚШ-тың жоғары әскери басшылығымен өткен кездесуде де байқалған.
Сол жиында ол:

«Олар (Нобель комитеті) ештеңе істемеген әлдекімге марапат береді. Бұл – Америка үшін үлкен қорлық болар еді», – деген.

Бұл мәлімдеме Трамптың Газа секторындағы соғысты тоқтату жөніндегі «Трамп жоспары» жарияланғаннан кейін бір күн өткен соң жасалған.

 Трампты кім қолдап отыр?

Президенттің өзінен бөлек, оның командасы да бұл бастаманы ашық қолдап отыр.
Мысалы, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф тамыз айында өткен үкімет отырысында:

«Нобель комитеті енді жұмысқа кірісіп, сыйлықты біздің басшымызға табыстауы керек», – деген.

Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, Уиткофф бұл тақырыпты еуропалық әріптестерімен жеке кездесулерде де көтерген. Сондай-ақ бұл идеяны АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да қолдап отыр.

Бұған қоса, бизнес өкілдері де Трампты қолдап шықты.

Pfizer компаниясының бас директоры Альберт Бурла президенттің COVID-19 вакцинасын жылдам әзірлеуге бағытталған «Operation Warp Speed» бағдарламасын жоғары бағалап:

«Трамптың бұл еңбегі бейбітшілік үшін Нобель сыйлығына әбден лайық», – деп мәлімдеген.

 Нобель комитетінің ұстанымы

Нобель комитеті өзіне тікелей саяси қысым көрсетілмегенін атап өтсе де, соңғы уақытта жария және жасырын түрде жүргізіліп жатқан бірнеше науқанға назар аударғанын растады.

Bloomberg атап өткендей, Норвегия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас соңғы айларда Газа қақтығысы және сауда тарифтері бойынша ушығып тұр. Трамп әкімшілігі кезінде АҚШ Норвегиядан әкелінетін тауарларға 15 пайыздық салық енгізген еді. Ал кейбір республикашыл сенаторлар Норвегияның суверенді қорына қарсы виза шектеулерін енгізуді талап етіп отыр.

 Биылғы үміткерлер

2025 жылғы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына 338 кандидат, оның ішінде 94 ұйым үміткер болып отыр. Лауреаттың есімі 10 қазан күні Норвегияда жарияланады.

Бақылаушылардың пікірінше, Трамптың Нобель сыйлығын алу жолындағы белсенді әрекеттері
оның ішкі және сыртқы саяси беделін нығайтуға бағытталған, алайда бұл науқанның сыйлық нәтижесіне әсер ету ықтималдығы аз.