Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:17, 11 Ақпан 2025

Трамп палестиналықтарды Газадан толығымен эвакуациялауды жоспарлап отыр

Трамп
Фото: foxnews.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторынан көшірілген палестиналықтардың басқа елдерде тұрақты түрде қалатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың туған жеріне оралу мүмкіндігі болмайды.

Олар үшін жаңа үйлер салынады, бұл үйлер бұрынғы үйлерінен әлдеқайда жақсы болады», - деді Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында. 

Трамптың айтуынша, жаңа қоныс 1,9 миллион палестиналықты қауіпсіз әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз етеді және бұл елді мекендер қазір олар тұрып жатқан аудандарға жақын болады. Оның айтуынша, Газа секторынан тыс жерде палестиналықтар өмір сүре алатын алты мемлекет – оның ішінде Мысыр, Иордания, Марокко және Сомали бар. Алайда Мысыр мен Иордания бұл ұсынысты қабылдамаған.

4 ақпанда Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесуінде  Палестиналықтарды Газадан шығаруды ұсынды. Оның ойынша, әскери қақтығыстардан қираған бұл аймақты туристік демалыс орнына айналу керек. 

9 ақпанда Трамп Газа секторын «сатып алу» және бақылауға алу ниетін айтты. Ол исламшыл ХАМАС тобының елге оралуына жол бермеу үшін аймақты толығымен қайта құру қажет екенін айтты. Осы мақсатта БАӘ, Сауд Арабиясы және басқа да Таяу Шығыс елдерінің қатысуымен Газа секторын қалпына келтіру жобасын қаржыландыру жоспарлануда. Қолданыстағы ғимараттардың барлығы бұзылған соң, қаланы қалпына келтіру жұмыстары басталады.

Бұл мәселе осы аптада Вашингтонда АҚШ президенті Трамп пен Иордания королі Абдалла II арасында талқыланады. Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Вальц президенттің бұл мәселе бойынша басқа елдермен де келіссөздер жүргізетінін айтты.

Әзірге бұл бастаманы тек Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ғана қолдады. The Jerusalem Post басылымының хабарлауынша, Нетаньяху АҚШ Сенатынан бұл ұсынысқа қолдау көрсету үшін Вашингтонда бірнеше кездесулер өткізген.

Сонымен бірге, бұл ұсынысқа Таяу Шығыстың басқа елдері де теріс пікір білдірді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұл идеяны «абсурд» деп атап, «бұл назар аударуға немесе талқылауға тұрарлық дүние емес» деді.

Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Трамптың Газаға бақылау орнату және палестиналықтарды көшіру жоспарына қатысты қосымша мәліметтер қажет екенін атап көрсетті. Владимир Путин Газа мәселесінде «толық құқықты Палестина мемлекетінің» құрылуын қолдайтынын білдірді. Бүгінге дейін 147 мемлекет, соның ішінде Ресей мен Қытай  Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін ресми түрде мойындады.

Тегтер: