Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға уәде берді
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп инаугурация алдында Вашингтонда өткен үндеуінде Украинадағы соғысты тоқтатуға, Үшінші дүниежүзілік соғысқа жол бермеуге және Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтатуға уәде берді.
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Украинадағы соғыс пен Таяу Шығыстағы соғысы тоқтатып, Үшінші дүниежүзілік соғыстың алдын алуға уәде берді. Бұл туралы ол жексенбі, 19 қаңтарда өзінің инаугурациясы қарсаңында Вашингтонда өткен үндеуінде мәлімдеді.
«Америка халқы бізге сенді, біз оларға Америка тарихындағы ең жақсы бірінші күнді, ең керемет бірінші аптаны және ең сәтті алғашқы 100 күнді береміз», - деді Дональд Трамп АҚШ астанасында жақтастарына.
Рейтер агенттігінің хабарлауынша, саясаткер президенттігінің алғашқы сағаттарында-ақ жүзге жуық атқарушылық жарлыққа қол қоюға ниетті.
Трамп өзінің алғашқы бастамалары АҚШ шекарасының қауіпсіздігін, заңсыз иммигранттарды жаппай депортациялауды, әртүрлілік бастамаларын шектеуді, 2021 жылғы 6 қаңтарда Капитолийдегі наразылық акциясына қатысқандарды кешіруді, табиғи ресурстарды өндіруді арттыруды, мемлекеттік қызметкерлердің айналымын және басқа да саясат мәселелері туралы айтты.
Ол Джо Байден әкімшілігінің «әрбір радикалды бұйрықтарын» қызметіне кіріскеннен кейін бірнеше сағат ішінде жоюға уәде берді. Сонымен қатар, ол 20 қаңтар күні кешке қарай АҚШ-тағы заңсыз бандалармен күресті бастап, елде «Темір күмбез» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құруға ниетті екенін хабарлады.
Сондай-ақ Трамп әлеуметтік желіні Қытайдан тыс жердегі адамға сатуды талап ететін заңның орындалуына байланысты бір күн бұрын америкалық қолданушылардан уақытша бұғатталған TikTok қолданбасының тақырыбын да назардан тыс қалдырған жоқ.
АҚШ-тың бұрынғы генералы: Трамп Путинге күшін көрсетуге тырысады
АҚШ-тың отставкадағы генералы Бен Ходжес АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен қарым-қатынасында өзінің мықтылығын көрсетеді деп сенеді. 17 қаңтарда Der Spiegel басылымына берген сұхбатында АҚШ-тың Еуропадағы бұрынғы бас қолбасшысы: «Президент Трамп жеңілгісі келмейді деп үміттенемін», - деді.
Украинадағы соғысты реттеу үшін келіссөздер жүргізу мүмкіндігі туралы сұраққа Ходжес Трамптың сайлауалды үгіт-насихат мәлімдемелерінің барлығын тура мағынада қабылдамайтынын айтты. Сайлау науқаны кезінде республикашыл Украинадағы соғысты 24 сағаттың ішінде аяқтай алатынын бірнеше рет мәлімдеді.
Оның тәсілі Ресей мен Украинаға келіссөздер жүргізіп, тез бітімге келу үшін қатты қысым жасау болды. Бұл Трамп Украинаға көмекті қысқартуы мүмкін деген алаңдаушылықты арттырды. Бірақ сайлауда жеңіске жеткеннен кейін республикашыл, атап айтқанда, алты ай ішінде соғысты тоқтатудың шешімін табамыз деп үміттенетінін айтып, сақтықпен сөйледі.