Трамп Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруде Еуропа кең көлемде қатысатынын мәлімдеді
АҚШ Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселесінде Еуропамен келіссөздер жүргізіп жатыр және Еуропа бұл кепілдіктерге елеулі деңгейде қатысады.
Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп 25 қарашада Air Force One ұшағында журналистер сұрағына жауап бергенде айтты.
Журналист Трамптан: «Қауіпсіздік кепілдіктері және Украинаның НАТО-ға қосылуы мәселесі не болады?» деп сұрағанда, президент:
«Біз бұл мәселе бойынша Еуропамен келісімге келіп жатырмыз. Еуропа бұл іске өте үлкен деңгейде қатысады. Еуропа, шынын айтқанда, бұл (Ресейдің Украинаға қарсы соғысының) мүмкіндігінше тез аяқталуын шын ниетпен қалайды», - деп жауап берді.
Тағы бір журналист Трамптан бейбіт жоспардың алғашқы 28 тармағы көптеген республикашылдар тарапынан «Ресейге тым тиімді» деп сыналғанын және ол құжаттың өзгерген-өзгермегенін сұрады. Трамп:
«Бұл тек жалпы концепция ғана», - деп атап өтті.
Ресейге ықтимал аумақтық жеңілдіктер беру мәселесіне тоқталған Трамп:
«Егер қазіргі жағдайға қарасаңыз, бәрі бір бағытта жүріп жатыр. Демек, бұл өңірлер бірнеше айдан кейін бәрібір Ресейдің қолына өтуі мүмкін. Онда тағы 50-60 мың адамды жоғалту үшін күрескіңіз келе ме? Әлде қазір бірдеңе жасағыңыз келе ме? Кей жағдайларда процесс кері бағытта да жүруі мүмкін. Олар келіссөз жүргізіп жатыр, мұны аяқтағысы келеді. Әр тарап шекараға ие болғысы келеді, бірақ шекара магистраль жолдың немесе қаланың дәл ортасынан өте алмайды», - деді.
Ресей қандай қадам жасауы керек деген сұраққа Трамп:
«Ресей расында да белгілі бір жеңілдіктерге баруда: олар енді соғыс жүргізбей отыр және жаңа аумақтарды басып алмайды», - деп жауап берді.
«27 қараша – дедлайн емес»
Трамп Украина оның «бейбіт жоспарын» 27 қарашаға дейін мақұлдайды деген сөзін жұмсартып, бұл күн қатаң мерзім емес екенін айтты:
«Мен үшін дедлайн – бәрі қашан аяқталса, сол кезде», - деді ол. Дегенмен бұл күннің жақын болатынын да жоққа шығармады.
Уиткофф пен Ушаков кездесуі туралы
Bloomberg-тің хабарлауынша, Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Ресей президенті Владимир Путиннің кеңесшісі Юрий Ушаковпен Украина жөніндегі жоспарды талқылаған және Путинге Трамппен қалай сөйлесу керегі туралы кеңестер берген.