Трамптың сауда соғысына жауап ретінде Қытай Boeing сатып алудан бас тартты

Қытай билігі америкалық Boeing компаниясынан ұшақ, қосалқы бөлшектер мен техникалық жабдықтар сатып алуға уақытша тыйым салды. Бұл шешім АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының ушығуы аясында қабылданды.
Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Өткен аптада Қытай АҚШ-тан әкелінетін бірқатар тауарларға 125% көлемінде жауап баж салығын енгізген болатын. Бұл Boeing өнімдерінің құнын екі еседен де артық өсіріп, қытайлық әуе тасымалдаушылар үшін оларды сатып алуды тиімсіз етті.
Bloomberg-тің хабарлауынша, Қытай билігі елдегі әуе компанияларына Boeing ұшақтарын сатып алмауға тікелей нұсқау берген. Сонымен қатар, Пекин Boeing ұшақтарын лизингке алған тасымалдаушыларды қолдаудың тетіктерін қарастырып жатыр.
Bloomberg мәліметінше, Қытай алдағы жиырма жылда әлемдік әуе кемелеріне деген сұраныстың 20%-ын қамтамасыз ететін негізгі нарықтардың бірі болады. 2018 жылы Boeing компаниясының өнімі Қытай нарығының шамамен төрттен бірін құраған. Алайда кейінгі жылдары сауда шиеленістеріне байланысты Boeing Қытайдан ірі тапсырыстар алмай келеді.
Boeing өкілдері сауда соғысының ушығуы пандемиядан кейін енді ғана қалпына келіп жатқан жеткізу тізбектеріне де қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.
Boeing-тің позициясын әлсіретіп отырған тағы бір фактор — Қытайдың Airbus және отандық Comac C919 ұшақтарына бет бұруы. Әзірге қытайлық әуе компанияларының флотында Boeing ұшақтарының саны көп болғанымен, олардың техникалық қызмет көрсету, жөндеу және бөлшектермен қамтамасыз ету қажеттіліктері сақталуда.
Айта кетейік, 13 сәуірде Қытайдың Сауда министрлігі АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігін 145 пайыздық "өзара баж салығын" толығымен жоюға шақырып, бұл шараны "қателік" деп атады.
Қазақстан да Трамптың баж салығына ілінді
2025 жылдың көктемінде Трамп әкімшілігі енгізген жаңа сауда баждарына Қазақстан да ілінді.
Жарлыққа сәйкес, Қазақстаннан АҚШ-қа әкелінетін өнімдерге 27% көлемінде баж салығы салынады. Бұл — Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары мөлшерлеме.
ТМД елдері үшін жаңа тарифтер мынадай:
-
Қазақстан — 27%
-
Молдова — 31%
-
Армения, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан — 10%
Кейіннен Сауда және интеграция министрлігі "Дональд Трамп 2 сәуірде жариялаған жаңа кедендік баж салығы Қазақстанның Америка Құрама Штаттарына экспорттайтын өнімдерінің басым бөлігіне әсер етпейді" деп мәлімдеді.