Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:18, 14 Сәуір 2025

Қытай Трампты өзара тарифтерді жоюға шақырды

АҚШ пен Қытай
Фото: kare11.com инфографикасы

2025 жылғы 13 сәуірде Қытайдың Сауда министрлігі АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігін 145 пайыздық "өзара баж салығын" толығымен жоюға шақырып, бұл шараны "қателік" деп атады.

 Бұл туралы CNBC арнасы Қытай үкіметінің ресми мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Қытай тарапы өз мәлімдемесінде АҚШ-ты "халықаралық қауымдастық пен ішкі саясаткерлердің ақылға қонымды үндеріне құлақ асуға" шақырып, сауда соғысының орнына тең және өзара құрметке негізделген диалогқа оралуға үндеді.

Сонымен қатар, Қытай кейбір технологиялық тауарларға енгізілген баж салығынан босату шараларының салдарын бағалап жатқандарын мәлімдеді. Бұл тізімге смартфондар, компьютерлер, жартылай өткізгіштер, күн батареялары және флеш-жадылар кіреді. Бұл шешім Apple сияқты Қытайда өнім өндіретін ірі технологиялық компаниялар үшін үлкен жеңілдік ретінде қарастырылып отыр.

Трамп – жеңілді ме, әлде тактикалық қадам ба?

Бейжіңдегі мемлекеттік басылымдар мен әлеуметтік желілерде бұл жеңілдік АҚШ-тың тағы бір шегінісі ретінде көрсетіліп, Қытай өндірісінің орны толмас екендігін дәлелдейтін жайт деп бағаланды. Weibo желісінде “Трамп әкімшілігі тағы да шегінді” хештегі үздік трендке шықты.

Алайда, АҚШ үкіметі қытайлық тауарлардың барлығына 20 пайыздық базалық баж салығын сақтап қалды. Бұл — Вашингтонның сауда қысымын толық доғаруға әлі де ниетті еместігін білдіреді.

Қытаймен қарым-қатынасқа қатысты Ақ үй тарапынан ресми жауап берілмеді. АҚШ-тың Сауда өкілі Джеймисон Грирдің айтуынша, Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин арасында жақын арада келіссөз жоспарланбаған.

"Бұл мәселе тек жоғарғы деңгейдегі шешімді талап етеді", – деді ол CBS арнасына берген сұхбатында.

Қазақстан да Трамптың баж салығына ілінді

2025 жылдың көктемінде Трамп әкімшілігі енгізген жаңа сауда баждарына Қазақстан да ілінді. 

Жарлыққа сәйкес, Қазақстаннан АҚШ-қа әкелінетін өнімдерге 27% көлемінде баж салығы салынады. Бұл — Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары мөлшерлеме. 

ТМД елдері үшін жаңа тарифтер мынадай:

  • Қазақстан — 27%

  • Молдова — 31%

  • Армения, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан — 10%

Кейіннен Сауда және интеграция министрлігі "Дональд Трамп 2 сәуірде жариялаған жаңа кедендік баж салығы Қазақстанның Америка Құрама Штаттарына экспорттайтын өнімдерінің басым бөлігіне әсер етпейді" деп мәлімдеді.