Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:07, 08 Қазан 2024

Тіреуішке дейін АЭС үшін жұмыс істеген күн

АЭС
Фото: Жас Алаш коллаж

Елде сайлау немесе референдум өткен сайын Астана бір ғана мәлімдеме жасайды – бәрі жақсы өтті, заңбұзушылықтар тіркелмеді.

Сол уақытта сайлау жәшігіне бума қағаз салып жатқандардың видеосы тарап, есеп беру үшін келген «бюджетниктер» мен дауыс беру барысындағы басқа да «қызықтар» қызу талқыланып жатады... 

Осының бәрін бақылап, рационалды мониторинг жүргізетін – тәуелсіз бақылаушылар. Мұндай «сырт көз» бар кезде сайлау учаскесіндегілер де заңды бұзбауға, бейтарап болуға тырысатыны түсінікті. Бірақ өткен референдумның алдында қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өздерін де, тәуелсіз бақылаушыларын да аккредитациядан өткізе алмай әуреге түскен. Дауыс беру барысында да олардың жұмысына кедергі көп болған.

Тәуелсіз бақылаушы ретінде 18 жасқа толған ҚР азаматтары тіркеле алады. Олар үшін сайлауда немесе референдумда кімнің, ненің жеңетіні емес, жалпы демократиялық процестің әділ өткені маңызды. Осы мақсатта бақылаушылар дауыс беру басталардан бір сағат бұрын сайлау учаскесіне барып, кешке бюллетеньдерді санауға да қатысады. Бұл аралықта қандай да бір заңбұзушылық байқаса, арнайы акт толтырады, ҚР Сайлау туралы заңына сәйкес, фото немесе видеофиксация жасайды. Одан бөлек, сайлау барысы туралы анкетаға жауап береді.

Осыған дейін тәуелсіз бақылаушылардың қызметі сайлау учаскесіндегі комиссиядан бөлек қарала қоймайтын. Бар-жоғы да білінбейтін. Алайда кейінгі жылдары азаматтық қоғамның белсенділігі байқалып отыр. Әсіресе 2019 жылғы сайлауда бақылаушылар көптеген бұрмалау, заң бұзу әрекеттері туралы айтып, дауыстары қатты шықты.

2020 жылы үкімет сайлауға жарғысында бақылау қызметі көрсетілген ұйымдар ғана қатыса алады деген қаулы шығарды. Бұл өз алдына, сайлауда бақылау жүргізу үшін Орталық сайлау комиссиясынан аккредитация алу міндеттелді. Бұрындары қоғамдық ұйымның бақылаушылары қолындағы қызметін куәландыратын құжат арқылы жұмыс істей беретін. Ал ендігіде арнайы аккредитациясыз сайлау учаскесіне кіре алмайды. Оны әрекет ету аумағына қарай Орталық сайлау комиссиясы немесе жергілікті комиссия береді. «Осының өзі демократия принциптерін бұзу. Бұл өзгеріс бақылаудың мәнін жояды», «ОСК-дан аккредитация алып тұрып, оның жұмысын қалай сынайсың? Осы жолы айтсаң, келесі жолы аккредитация бермей қояды», «Сайлауға бақылау жүргізу – демократиялы елдерде ғылыми негізге сүйене отырып қабылданған технология. Оған «мемлекеттік аккредитатор» деген жаңа ұғым қосылса, аталған әдістеменің тәуелсіздігі жойылады» дейді көпшілік. Бұл сөздердің ешбірі ескерілмеді, өзгеріс енгізілді. Ендігіде бақылау жүргізгісі келетіндердің өтініші 30 күн ішінде қаралады, ал аккредитация бір жылға беріледі. Құжаттар толық болмаса, талаптар мен жарғыларға сәйкес келмеген жағдайда аккредитация берілмейді.

Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан 30 күн

АЭС салуға қатысты референдумның нақты датасы белгіленген уақыттан бір ай бұрын ғана айтылды. Яғни аккредитация алуы тиіс ұйымдар тығырыққа тірелді. Олар бір айдың ішінде қаржы тарту мәселесіне де, аккредитация алуға да, бақылаушыларды дайындауға да үлгеруі тиіс еді. Соңғы уақытта қоғамдық бірлестіктерге «ақша табу» да қиындап кеткен. Әсіресе халықаралық ұйымдар саяси процестерді қолдауға келгенде тартқыншақтап қалады екен. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдастықтар донат жинап, «сбор» ашатын болған. Оған қоса, тәуелсіз бақылаушыларды дайындау бірнеше блок арқылы жүзеге асатын ауқымды жұмыс. Осының бәріне және аккредитацияға 30 күн ғана уақыт берілді.

Сонымен, ОСК 3-қыркүйек күні Қазақстан бойынша 10 мың сайлау учаскесі мен сайлау комиссияларының 70 мыңнан аса мүшесі жұмыс істейтінін хабарлады. Ал оларды бақылауға аккредитация алғандар: «Еркіндік қанаты», «Азаматтық сараптама», «Белсенді азамат», «Ел дауысы», «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қорлары; «Ұлы көш», «HAQ» қоғамдық қайырылымдық қоры; «Жастар үні», «Әділ билер», «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы», «Мұқалмас», «Германиядағы кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім шарты әскерінің тобы ардагерлері» AMANAT партиясы республикалық қоғамдық бірлестіктері. Бұдан бөлек, жергілікті сайлау комиссияларынан аккредитация алғандар да баршылық.

Осы ұйымдардың басшылары референдум мен тәуелсіз бақылауға қатысты болжамдарымен алдын ала бөліскен. Мәселен, «HAQ» қорының жетекшісі Тоғжан Қожалы «баяғы сценарий қайталанады» десе, Батыс Қазақстан облыстық «Жария» бірлестігінің үйлестірушісі Бекнұр Сражанов: «Билік бақылаушылар жоқ учаскелерде «явканы» көбейтіп көрсетіп, өздеріне керек нәтижені жасайды. Референдум күні не күтіп тұрғанын бәрі біледі» деген. «Гражданская экспертиза» қорының президенті Данил Бектұрғанов дауыстардың бұрмалануы орын алатынын, сол секілді басқа да заңбұзушылықтарды реттейтін заңнаманың тым жалпылама екенін жеткізген. Ал сол заңбұзушылықтарды тіркеуге тырысқан тәуелсіз бақылаушыларды сайлау учаскесінен шығарып жіберіп жатады. Бұл туралы «Ұлы көш» қорының үйлестірушісі Ерғали Нариманұлы: «Дәстүрлі түрде тәуелсіз бақылаушыларды сайлау учаскесінен шығарып жіберуге тырысады. Мұндай жағдайда біз жазбаша актіні талап етеміз. Онда бақылаушының нақты қандай ережені бұзғаны анық көрсетіледі. Онсыз сотқа шағымдана алмайсың. Бірақ осыған дейін елімізде сайлаудағы заңбұзушылықтарға қатысты қозғалған әкімшілік істер өте сирек. Көпшілігі қараусыз қалады», – дейді.

Сенде бар акт менде де бар

Өз кезегінде бұл болжамдар орындалған да секілді. 6 қыркүйекте «Ұлы көш» қоғамдық қорының өкілі Берік Әбенов Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы №456 учаскеде бақылаушы болған. Ол телефон камерасын қосулы күйде қалдырып, шығып кеткен кезде аты-жөні жарияланбаған әйел бюллетеньдерді жәшікке топтап салған. Видео әлеуметтік желілерде тарап кетті. Тағы бақылаушы Құрал Сейітханұлы Түркістан облысындағы №28 мектептегі учаскеде бір топ адам қайта-қайта дауыс бергенін айтып, прокуратураға шағым түсірген. Алайда референдум комиссиясы оны жоққа шығарған.

Одан бөлек, тәуелсіз бақылаушылардың жұмысына кедергі келтіру, оларды негізсіз шығарып тастау да кездесті. Мәселен, Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің Алматыдағы екі бақылаушысын сайлау учаскесінен шеттеткен. Біріншісін учаскеге тіркелмеген студенттердің дауыс беріп жатқанын видеоға түсіргені, екіншісін компьютердің сымын басып кеткені үшін... Өз кезегінде Жас сайлаушылар лигасы алдын ала қол қойылған бюллетеньдерді де анықтаған. Бұл туралы ұйымның мүшесі, Қызылорда қаласында тәуелсіз бақылау жүргізген Талғат Меңдібай айтып берді:

«Қоғамдық қорымыз Алматы, Қызылорда, Петропавл, Өскемен, Семей қалаларында бақылау жасады, таңғы 6-дан барып, кешке дейін бюллетеньдерді санауға, есеп беруге қатысты. Бірақ кедергілер де кездескенін жасырмаймыз. Ең өкініштісі, бізге аккредитацияны 4 қазан шығарды. Тек 5 қазан күні қолымызға алдық. Оны әдейілеп кеш шығарғандай, әуел бастан кедергі жасалғандай әсер болғаны рас. Одан соң, көп учаскелерде бақылаушыларды алыс отырғызып қойған. Кейбір жерлерде бақылаушының алдында колонналар (тіреуіш) тұрды. Ол да кедергі келтіреді, қолайсыздық тудырады. Және жергілікті комиссия өкілдерінің, мамандардың арасынан «бітімгершілік» іздейтіндер де кездеседі. Алайда біз жұмысымызды соңына дейін атқардық.

Алматыдағы жағдайды естіген боларсыздар. Бақылаушы заңбұзушылықты көріп, акт толтырмақ болғанда, учаске төрағасы оның өзіне акт толтырған. Өскемен қаласында фото, видео түсіруге мүмкіндік бермеген. Өзім Қызылорда қаласында 16 учаскені бақылауға қатыстым. Мұнда өрескел заңбұзушылық тіркелген жоқ», – деді.

Ал референдум күні кеңсесінде байланыс өшіп қалған «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры 7 қыркүйекте баспасөз конференциясын өткізді. Аталған қоғамдық қордың Астанадағы бір бақылаушысын заңбұзушылықты фото мен видеоға таспалағаны үшін учаскеден шығарған. Алдымен бақылаушы ескертпесін қабылдап, қателігін түзеткен сайлау комиссиясының төрағасы артынан ойынан айнып қалса керек... Екінші жайтқа қатысты актіні оқып түсіну мүмкін емес дейді қор өкілдері. Онда бақылаушының 3 камерасы бар екені, оның басқаларға кедергі келтіргені жазылған. Тағы бір учаскедегі тәуелсіз бақылаушыны кешкі сағат сегіздер шамасында келген әлдекімдер күштеп алып кетпек болған. Орындықта отырған жерінен сүйрелей жөнелгенде, айналадағылардың ешбірі шара қолдануға ұмтылмапты. «Еркіндік қанатының» мүшелері бұл істі ішкі істер министрлігі қарауы тиіс деп отыр.

«Біз тек өз тәжірибемізде болған жайттарды айтамыз. Бірақ біз көрген нәрселер барлық Қазақстан масштабында орын алғанын болжау қиын емес», – дейді қоғамдық қордың құрылтайшысы, заңгер Роман Раймер.

Ал Бас прокуратура референдум күні «жеке тұлғаның заңсыз қоғамдық сауалнама жүргізуіне қатысты» және «заңсыз үгіт-насихатпен байланысты» екі іс қозғалып, оларға айыппұл салынғанын ғана айтқан. Басқа заңбұзушылық тіркелмепті... Ал Түркі мемлекеттер ұйымы мен ТМД бақылаушылары «референдум ашық өтті, дауыс берушілердің құқықтары толығымен сақталды» деп мәлімдеген.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: