Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:00

Цифрлы дәуірдегі әдебиет. Шығарма жазу, оқырманмен байланыс және платформа жүргізу

1
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Бүгінде әдебиеттің дамуы технологиямен тығыз байланысты және оның әдебиет әлеміне тигізетін ықпалы да айтарлықтай.

 Мұны елемеу де мүмкін емес. Бұл туралы түрлі пікірлер айтылып та жатыр. Дегенмен осы мәселе әлем елдерінің әдебиетінде қалай көрініс тауып жатқаны жөнінде біздің білеріміз мардымсыз. Ендеше, технологиямен әдебиеттің байланысы, өзара ықпалы, оның артықшылығы мен кемшілігі турасында шетелдік қаламгерлермен ой өрбітіп көрмеске. «Жас Алаштың» талқысына индиялық ақын Решма Рәмеш, оңтүстіккореялық ақын-жазушы Пен Чоль Кан, әзербайжандық ақын Үміт Нажари және қазақ ақыны Мақпал Жұмабай қатысты.

ЖА: Цифрлық технология қазіргі заманғы жазушылардың шығармашылық үдерісін қалай өзгертті?

Р.Р: Цифрлық технология ақындардың шығармашылық үдерісін түбегейлі өзгертті. Бұл технология жазудың жаңа мүмкіндіктерін кеңейтіп, стильдердің түрленуіне жол ашып, жұмыстың жылдам орындалуына және топпен бірлесе жұмыс істеуге, әлемдік деңгейде байланыс орнатуға ықпал етеді. Жазуға арналған көптеген құралдар арқылы бірнеше қолданушы, соның ішінде редакторлар мен дизайнерлер және басқа да топ мүшелері мәтінге онлайн түрде бір уақытта түзету енгізе алады. Ақындар шабытты экраннан тыс – табиғаттан, айналадағы ортадан алса да, өз нұсқаларын заманауи технология көмегімен тезірек дамытуда. Жазушы қай жерде, қай уақытта және қай құрылғыда жүрсе де жұмысын жалғастыра алады. Ақпаратты бөлісу жылдамдығы жоғары болғанымен, үнемі көз алдында болу қажеттілігі кейде үнсіз ойлануға керекті сәттерді жасырып қалуы мүмкін. Онлайн платформалар арқылы өзін-өзі басып шығару (self-publishing) авторларға кітаптарын бүкіл әлем оқырмандарына оңай таратуға мүмкіндік береді. Жазу құралдарының түрі өзгергенімен, ақын шындықты іздеу жолындағы жанкештілігін сақтап қалды. Поэзияның жаны – ақынның өзінде. Бұл ешбір цифрлық технологиямен өзгермейді.

Ү.Н: Менің ойымша, бұл мәселе аударма еңбектеріне айтарлықтай әсер етті. Қысқа уақыт ішінде көптеген кітаптар мен басылымдар аударылып, жарық көрді. Тіпті бұл жағдай сапасыз әрі «жансыз» аудармалардың пайда болуына да себеп болды дер едім. Сонымен қатар бұл авторлардың аударма еңбектері арқылы табыс табуын шектеді. Иә, бүгінде біз онлайн аударма платформаларын жиі кездестіреміз, оларды әлем бойынша миллиондаған адам қолданады. Алайда мен шығармашылық еңбекті рух пен жаннан бөліп қарауға болмайды деп сенемін. Саадидің бір әдемі өлеңі бар, оның аудармасында: «Жүректен шыққан сөз – жүрекке жетеді» делінген. Жасанды интеллектпен сағаттап жұмыс істеп жүрген адам ретінде мен оның аударма ісіне көмектескенін құптаймын. Бірақ бір ғана шартпен: авторлық құқық мәселесі мұқият қаралуы тиіс. Бұл салаға халықаралық ұйымдар да ерекше назар аударса деймін.

П.Ч.Кан: Бұрын жазушылар жазбаларын қалам немесе қарындашпен жазып, шығармаларын қолмен дайындайтын. Алайда цифрлық технологияның дамуының арқасында бүгінде жазу үдерісі жеңілдей түсті. MS Word, Google Docs, Scrivener сияқты мәтіндік редакторлар нақты уақыт режимінде өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жазушылар онлайн кітапханалар мен деректер базасы сияқты мультимедиалық ресурстарға қол жеткізіп, шығармаларының мазмұнын байыта алады. Ең бастысы – цифрлық баспа дәстүрлі баспаға қарағанда әлдеқайда арзан әрі тиімді, бұл авторларға өз еңбектерін әлемдік аудиторияға тікелей жеткізуге жол ашады. Ақыр соңында, цифрлық технология жазу үдерісін жедел әрі бірлескен әрекетке айналдырды. Бүгінгі жазушы енді тек сөйлемдер құрастыратын адам емес, сонымен бірге мазмұн кураторы және цифрлық баяндаушы, ол сан қырлы, үздіксіз өзгеріп жатқан шығармашылық кеңістікте жұмыс істейді.

М.Ж: Жасанды интеллект белгілі бір саланы түбегейлі өзгерте алмайды. Керісінше, жасанды интеллект белгілі бір саланың жаңа сапалық деңгейіне шығуына көмек береді. Цифрлық дәуірде пайда болып отырған ғылыми революцияның жемісін әдебиет сынды кез келген саланы шыңдауға пайдалануға болады. Осыған орай, ЖИ технологияларын жазушылардың қажырлы еңбегін жеңілдетуге мейлінше қолдануымыз керек. Мысалы, әрбір жазушы өз тақырыбын зерделеуге көп еңбек жұмсап, көз майын тауысып, ізденістер жасайды. Туындының концептуалды бай болуы үшін сюжеттен бөлек, кейіпкердің психологиясы мен генетикасы, қоғамның антропологиясы мен құндылықтар жүйесі, өңірлердің географиясы мен табиғи әралуандылығы, мемлекеттердің геосаясаты мен экономикасы, идеяның философиялық өзегі мен моралі сынды көптеген бір-бірімен ұштасуы керек факторларды астастыру үшін көп тер төгіледі. Осындай терең бойлауға идея генерациясынан бастап, түрлі ғылым салаларына шолу жасауына жасанды интеллект құралдары көмегін тигізе алады. Қазірдің өзінде басқа да шығармашылық салалардың өкілдері еңбектерінің зерделеу кезеңін жасанды интеллект көмекшілері арқылы жүзеге асырып, уақыт және энергия тұрғысынан орасан зор игіліктерге кенелуде.

Ал жасанды интеллектінің әдеби шығарманы өзі жазып шығып, жазушыны алмастыра алады деп ойлау жаңсақ пікір. Себебі жасанды интеллект әлемнің барлық дерегін өз бойына жинаса да, жазушының оқырманын сезініп, сезім клеткаларының деңгейінде жасалатын кейбір шығармашылық шешімдерге бара алмайды. Бұл жерде ескере кететін дүние, цифрлық дәуір жетістіктерінің барлығы адамның қарымын ашып, ойлау шеңберін кеңейту үшін ғана арналған. Жаңа технологияларды пайдаланып, өз-өзін дамытпайтын қоғам тарихтың артқы сахнасында қалып кетуі әбден мүмкін. Сол себепті де, жазушыларға ЖИ туындатып отырған бәсекелестікке өз еңбектерімен, өз артықшылықтарымен төтеп беру керек.

ЖА: Онлайн платформалар әдебиетті насихаттаудың жаңа жолына айнала ала ма?

Р.Р: Қоғам жазушыларға қатты тәуелді, өйткені олар үш маңызды қызметті атқарады: ойды жеткізу, мәдени мұраны сақтау және қоғамға шабыт беру арқылы әлеуметтік өзгерістерге түрткі болып, сыни ойлау қабілетін дамытады. Жазба сөз қоғамның пікіріне әсер етіп, әділетсіздікпен күресуге, дәстүрлерді сақтап қалуға және адам өмірін байытатын көркем дүниелер арқылы ләззат сыйлауға мүмкіндік береді. Жазушылар – мәдениеттің ілгерілеуіне зор үлес қосатын тұлғалар. Олар адамның ішкі жан дүниесін терең түсінуге, сенім жүйесін қалыптастыруға және оқырманға өзін-өзі түсінуге көмектеседі. Әрбір қоғам өзінің алға басуы үшін жазушыларға арқа сүйейді, өйткені олар сол қоғамның күретамыры. Осындай маңызға ие жазушылар үшін әлеуметтік желілер – өз көріністерін кеңейтуге таптырмас құрал. Бұл платформалар арқылы жазушылар өз қолжазбаларын жариялап, мұқабаларын жасап, электронды және қағаз кітаптарын Amazon сияқты сайттар арқылы сата алады. Осылайша, Facebook, Instagram, TikTok және Twitter сияқты желілер авторлар мен баспагерлерге кең аудиториямен байланысуға, шығармаларының үзінділерімен бөлісуге, жаңа туындыларды жарнамалауға және әдеби тақырыптағы пікірталастарға қатысуға мүмкіндік береді. Көптеген ақындар әлеуметтік желіні оқырмандармен байланысты күшейту, өз шығармаларын тың тәсілмен бөлісу, сондай-ақ өз өмірінен үзінділер ұсыну арқылы тығыз байланыс орнату үшін пайдаланып келеді. Бұл бұрын болмаған ұзақ әрі терең байланыс орнатуға жағдай туғызып, аса тиімді (және тегін) тәсілге айналды. Әлеуметтік желілер оқырмандарға жаңа авторларды табуға көмектесіп, әдеби шығармалардың танылуына ықпал етеді. Осылайша, олар автордың беделін арттыруға да септігін тигізеді.

Ү.Н: Әрине, өнерді танып, қадірлейтін мекемелердің саны артуы керек. Үкіметтер мұндай ұйымдарды қолдауы тиіс. Кітаптар мен авторлар туралы ақпаратты тұрақты түрде таратып отыру қажет. Мысалы, түрлі елдерге сапар шеккенде көшелер мен билбордтарда мағынасыз жарнамалар жиі кездеседі. Бірақ кітап немесе жазушы туралы жарнамаларды көрмейміз. Өнерге қатысты кітаптарды насихаттау үшін арнайы мүмкіндіктер жасалуы қажет. Біздің іс-әрекетіміз ірі баспалар мүддесіне емес, жазушының үнін өшірмей, оны елге жеткізу мақсатына негізделуі тиіс.

П.Ч.Кан: Қазіргі таңда әлеуметтік желілер, блогтар, подкасттар секілді онлайн платформалар ақпарат таратудың құралы ғана емес, әдебиетті насихаттайтын және шығармашылықты кеңейтетін жаңа сахнаға айналды. Бұл платформалар дәстүрлі баспа жүйелеріне қарағанда жазушы болу жолын әлдеқайда қолжетімді етіп, оқырманға түрлі бағыттағы шығармаларды табуға мүмкіндік береді. Әсіресе мобильді оқырман қатары көп жастар арасында бұл платформалар әдебиетті жеткізуден бөлек, екіжақты өзара байланысты орнатуға жол ашады. Жазушы мен оқырман нақты уақытта байланысып, пікір алмаса алады, әдеби қауымдастықтар қалыптастырады. Сонымен қатар бұл платформалар әдебиетті жарнамалау мен таратуда да тиімді құрал ретінде қызмет етеді. Жазушылар олар арқылы жаңа кітаптардың жарық көруін, әдеби дәрістерді, сұхбаттарды немесе оқырман кездесулерін жариялай алады. Қорытындылай айтқанда, онлайн платформалар қазіргі әдебиеттің насихаты, таралуы және формалық ізденісі үшін маңызды орталыққа айналып отыр. Олар жазушы мен оқырман арасын жақындатып, әдебиетті цифрлық дәуірде тірі әрі қозғалмалы құбылыс ретінде қалыптастыруға көмектесуде.

М.Ж: Бұл дәл қазірдің өзінде болып жатқан үдеріс. Қазіргі кезде авторлар үшін де, баспалар үшін де әлеуметтік медианың мүмкіндіктерін зерттеу аса маңызды болып отыр. Әлеуметтік медианың мүмкіндіктерін жоққа шығаратын кез келген автор немесе баспа уақыт өте дағдарысқа түсетіндігі белгілі. Себебі бүгінгі күннің өзінде қоғамға әлеуметтік медианың ықпалы өте жоғары екендігін байқап отырмыз. Бұл алдағы уақытта одан әрі арта түспек. Қазір төрешісі, нарықтың шешуші ойыншысы – әлеуметтік медиа. Кез келген тауар өндіруші, оның ішінде кітап шығарушы өз тауарларын әлеуметтік медиа арқылы сатылымын ұлғайтып, тартымдылығын арттыруда. BookTok феномені мұның ең жарқын мысалы. TikTok желісі арқылы #BookTok хэштегімен салынған, кітаптың жазылу процесі мен сюжеттер желісіне қатысты қысқа видеолар тек 2021 жылдың өзінде 20 млн кітаптың сатылуына себепші болған екен. BookTok хэштегінің және TikTok-тағы аталмыш қозғалыстың арқасында қазіргі уақытта АҚШ-та оқырмандар саны артқандығы жөнінде деректер бар. Ал егер авторлар тұрғысынан қарастырар болсақ, жазушы Колин Гувер осы әлеуметтік желідегі белсенділігінің арқасында өз кітаптарының сатылымын 237 мың данадан 2,3 миллионға дейін өсірген.

ЖА: Цифрлық дәуірде жазушының қоғамдағы рөлі өзгерді ме?

Р.Р: Ақынның көзқарасы тұрғысынан алғанда, цифрлық дәуір жазушыларды жеке, үнсіз бақылаушыдан қоғаммен тікелей араласатын, белсенді тұлғаға айналдырды. Бұрын жазушылар өз ойларын баспа беттері арқылы жеткізетін. Бұл алыстан баяу естілетін. Қазіргі заман жазушыны көзге көрінетін, кез келген уақытта өз аудиториясына жауап бере алатын болуға жетеледі. Ақындар өз шығармаларын онлайн ортада бөліскенде, олардың сөзі, бір жағынан, наразылық үніне, екінші жағынан, жұбанышқа айналады. Хэштегтер мен жаңалықтар арқылы жазылған сөздер әлемдік пікірталастарға ұласып, жаһандық толқындар тудырады. Жазушылар әдебиет, тарих және халық ауыз әдебиеті арқылы мәдени мұраны сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізеді. Олар адам әрекетінің жойқын салдарын көрсетіп, азшылық өкілдерінің өмірлік тәжірибесін ортаға салып, адамзат түсінігін кеңейтеді. Әдебиет арқылы олар әділетсіздікке қарсы тұрады, әлеуметтік өзгерістерге түрткі болады және әділетті қоғам құру жолында күреседі. Олар үміт береді. Жазушылар – белсенділер, олар адам құқықтарын қорғап, күреседі. Қазіргі жазушы – тек оқиға жасаушы емес, сонымен бірге идеялардың менеджері, цифрлық ортада өзін жеке бренд ретінде көрсететін тұлға.

Ү.Н: Бұл кезең жазушыларға әсер етпей қойған жоқ. Алайда жазушының маңызды міндеттерінің бірі – қоғам туралы өз ойын еркін жеткізу. Бүгінгі технологиялық заманда әлеуметтік желілерде бейберекет, мағынасыз контент көбейіп кеткені соншалық, адамдардың уақытын босқа алуда. Соның кесірінен жазушының қоғамдағы орны әлсіреп барады. Өз уақытында Сартр, Лорка, Неруда сынды жазушылар қоғамға тікелей ықпал етіп, қоғамдық сананы оятып, оң өзгерістерге ұйытқы болған. Ал бүгінгі заманда популизм алға шықты. Біздің заманның басты трагедияларының бірі – баспа ісінің «демократиялануы». Бұрын жазушылар өз шығармаларын шығару үшін баспаларға тәуелді болатын. Ал қазір кез келген адам блог, Instagram, Medium немесе Substack арқылы өз жазбасын тікелей оқырманға жеткізе алады. Бұл өзгеріс жазушылықты мамандық ретінде емес, көпшілік айналысатын күнделікті әрекетке айналдырып жіберді. Цифрлық дәуірде жазушылар қайтадан қоғамдық, саяси белсендіге айналды. Қысқа ғана твит немесе жазба сананы сілкіндіріп, наразылық тудыруы мүмкін. Бірақ, сонымен бірге, олар цензура мен кибершабуылдардың нысанасына айналып отыр. Мысалы, менің әлеуметтік желідегі аккаунттарым бірнеше рет бұғатталып, тіпті бұзылған. Wikipedia-дегі парақшам да үнемі шабуылға ұшырап, біржақты көзқараспен жойылған кездері болған.

П.Ч.Кан: Бұрын жазушыларды тыныш кабинетте отырып, шығармасын жазатын, кейін оны баспа арқылы жарыққа шығаратын тұлғалар ретінде қабылдайтынбыз. Ал бүгінде жазушы деген ұғым тек «кітап жазатын адам» түсінігімен шектелмейді. Цифрлық ортада жазушылар контент жасаушы, қоғамдық пікір білдіруші, платформа жүргізуші, қоғамдық пікірталастың ұйымдастырушысы ретінде жаңа рөлге ие болды. Басты өзгеріс – жазушы мен көпшілік арасындағы тікелей байланыстың орнауы. Әлеуметтік желілер арқылы жазушылар өз ойларын және шығармаларын нақты уақыт режимінде оқырманмен бөлісе алады. Бұл жазушыға тек әдебиет төңірегінде емес, қоғам, саясат, экология, гендер мәселелері сынды түрлі салалар бойынша пікір білдіруге, ықпал етуге мүмкіндік береді. Цифрлық дәуірдегі жазушы қарапайым автор болудан гөрі, мәдениет өндіруші, коммуникатор және қоғам белсендісі рөліне ие.

М.Ж: Иә, түбегейлі өзгертті! Жазушылардың бұрынғы «оқшауланған автор» моделі жойылып, «демотикалық» автор типі пайда болды. «Демотикалық» грекше «халықтық» деген мағынаны білдіреді. Яғни, жазушылар біржақты ғана коммуникация орнататын жартылай аңыз адамдар емес, оқырмандарымен үнемі байланыстағы интерактивті, прогрессивті, шығармашыл тұлғаларға айналды. Оның негізгі себептерінің бірі – жаһандық индивидуализация үдерісі десем болады. Себебі оқырмандарды енді тек кітаптағы көтеріліп отырған идеялармен қоса автордың тұлғалық ұстанымдары, көзқарастары және оқырманның жеке құндылықтарымен үндестігі де толғандыратын болды. Автордың өзін тылсым әлеммен байланыстыратын тұлға имиджі енді ешкімді аса қызықтыра қоймайды. Оқырмандар тірі, белсенді, «өздері ішкен суды ішіп, ауаны жұтқан» авторларға көбірек сенім артады.

ЖА: Болашақта жазушы мен технология арасындағы шекара қалай дамиды деп ойлайсыз?

Р.Р: Жазушылар бүгінде жасанды интеллект құралдарын өз бақылауында ұстап, оларды мазмұн жасау процесіне этикалық жауапкершілікпен енгізіп, сарапшы, стратег әрі қолданушы құқығын қорғаушы рөлін қатар атқаруда. Технология поэзияны баспадан сандық алаңға көшіріп, оны әлеуметтік желі мен онлайн қауымдастықтарға қолжетімді етіп, тыңдармандар қатарын айтарлықтай кеңейтті. Электронды кітаптар оқу процесін ыңғайлы етіп, шрифтің көлемін, фонда түсті таңдау мен кіріктірілген сөздік секілді мүмкіндіктер береді. Әдебиет – бір жағынан, қоғамдағы өзгерістердің көрінісі, екінші жағынан, сол өзгерістерге әсер ететін күш ретінде қазіргі заманғы баяндау мен тарату әдістерін айқындайды. Цифрлық дәуірдегі ақындар еркіндікті, аударма және сандық баспа мүмкіндіктерін пайдаланып, бүкіл әлемге өз шығармаларын жеткізе алды. Бұл құралдар бұрынғы ұрпақ елестете де алмаған өзгерістерге жол ашты. Әдеби аударма да цифрлық платформалар арқылы жаңаша дамыды – бұл қолжетімділікті, ынтымақтастықты және танымалдықты арттырды. Қазіргі ақындар өз шығармаларын бір сәтте бүкіл әлемге таратып, басқа тілде сөйлейтін оқырмандармен байланыс орната алады. Енді оқырмандар әртүрлі тілдердегі шығармаларды еркін оқи алады. Тамил ақынының шығармасы чилилік ақынға шабыт берсе, суфизм поэзиясы фин блогынан орын алуы – осының көрінісі. Ақын ретінде мен болашақта жазушылар мен технология арасындағы шекара сияның суға сіңіп кетуімен бірдей еріп кетеді деп ойлаймын. Келешектегі жазушылар адам қиялын жасанды интеллект жүйелерімен, виртуалды әлеммен және иммерсивті технологиялармен біріктіріп, мәтінді тек қағазда емес, кеңістікте де өмір сүретіндей етіп жасайды. Жазудың өзегі – адам эмоциясы мен ырғақты өрнек қашанда жазушының қолында болады. Технология дауысқа күш береді, бірақ оның жаны адамда қалады.

Ү.Н: Жақын болашақта «жазушы» мен «технология» арасындағы шекара жойылып кетуі де мүмкін. Болашақ жазушылары технологиямен бәсекеге түспей, керісінше, оны қиялын дамытудың, тілді өңдеудің және баяндау құрылымын жетілдірудің құралы ретінде пайдаланады. Жасанды интеллект – шығармашылық көмекшіге айналады: ол жазушының идеясына идея үстеп, редакциялайды, құрылымдауға көмектеседі. Болашақ әдебиеті тек дәстүрлі мәтінмен шектелмейді. Жазушылар бағдарламашылармен, визуалды дизайнерлермен, дыбыс режиссерлерімен бірігіп, оқиға мәтінін көруге, естуге және сезінуге болатын деңгейге жеткізеді. Технология дами түскен сайын, мәтінді адам жазды ма әлде жасанды интеллект пе – ажырату қиын болады. Мұндай жағдайда адам қолымен жазылған, шынайы өмірден туған шығармаларға деген сұраныс артады. Оқырман тек көркем тілді ғана емес, нағыз адам дауысын, өмірді сезінетін мазмұнды іздейді. Сондай-ақ егер шығарма жазушы мен жасанды интеллекттің бірлескен туындысы болса, онда ол шығарманың иесі кім болады? Бұл сұрақ авторлық құқық бойынша маңызды құқықтық әрі этикалық дауларды туындатып, болашақта заңнамалардың жаһандық деңгейде қайта қаралуына әкелуі мүмкін.

П.Ч.Кан: Қазіргіге дейін технология жазушының шығармашылық процесіне қолдау көрсетіп, оны жеңілдетіп келді. Бірақ болашақта технология шығармашылықтың тікелей қатысушысына, тіпті қосавторға айналуы мүмкін. Әдеби шығармашылықтың табиғаты мен рөлі, сондай-ақ жаратушы тұлғаның өзі жаңаша анықталып жатыр. «Шығарманы кім жасайды?» деген сұрақ алдағы уақытта қызу пікірталас тудырады.

Жазушы мен технология арасындағы шекара біртіндеп жойылып, не қайтадан белгіленуде. Болашақ жазушылары технологиямен біріге отырып, біртұтас әрі тәжірибелік суреткерлерге айналады.

Дайындаған

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН