Түбектегі елде түйткіл көп
Былтыр еліміз бойынша бірнеше қалада жылыту қазандықтарынан қиындықтар туған болатын, оның айқын көрінісі – Екібастұздағы апат.
Қыс көзі қырауда қазандық жарылып, шағын шаһар жылусыз, сусыз қалды. Бұл мәселе Қазақстанның басқа облыстары мен қалаларында да өзекті. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде осы сұрақты пысықтап, «Каспий» су тұщыту зауытын жаңғырту және МЭК-тің алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысқан.
Премьер-министрге «МАЭК»-тің бас директоры Жасұлан Сүйіншәлиев кәсіпорынның дайындығы және оны одан әрі жаңғырту жоспарлары туралы баяндаған. МАЭК деп отырғанымыз – біртұтас энергетикалық және су өндіруші кешен. Оның негізгі міндеті – Маңғыстау және Атырау облыстарын электр энергиясымен, ал Ақтау қаласын жылу энергиясымен, ауыз сумен, ыстық және техникалық сумен қамтамасыз ету. Мұндағы құрал-жабдықтардың 80 пайыздан астамы тозған.
Былтырғы апат та тозған жабдықтан шыққан жоқ па. Биыл кәсіпорынның өз қаражаты есебінен турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Әбден тозығы жеткен құрылғыларды ауыстыру үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен 2,6 млрд теңге бөлініпті. Үкімет басының тапсырмасы бойынша жаңа жабдықтар мен қосалқы бөлшектер сатып алуға үкімет резервінен тағы 4,9 млрд теңге бөлінген.
Жылу электр орталығы жабдығының тозуына байланысты келер жылы №3 энергоблокты жаңғырту арқылы күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Ал 2025 жылы №2 энергоблокты және 2026 жылы №1 энергоблокты толық жаңғырту арқылы күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жылу электр орталығының бас ғимаратындағы аяқталмаған құрылыс алаңында №4 энергоблок салу жоспары тағы бар. Құрылыс алаңына барлық қажетті инженерлік коммуникация тартылыпты. 2027 жылдың 4-ші тоқсанында барлық жұмыс аяқталу керек. Энергетиктер қолданыстағы энергоблоктарды жаңғырту және жаңаларын салу есебінен генерация тұтастай алғанда 420 МВт-қа артады дегенді айтып отыр.
Апатты жағдайдағы жабдықты ауыстыру комбинаттың техникалық жағдайын жақсартып, жұмыс қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Яғни генерациялық қуат көздерінің өшіп қалуы және тұтынушылар үшін шектеулерді енгізу сияқты тәуекелдер барынша азаяды. Жұмыс сапары кезінде Ә.Смайылов: «Облыс әкімдігі жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын бақылауды қамтамасыз етуі қажет», — депті.
Одан кейін үкімет басшысына «Каспий» су тұщыту» зауытының директоры Нұрлыбай Аққұлов зауыт өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізу жұмыстары туралы баяндаған. Бұл нысанды жаңғыртуға мемлекеттік бюджеттен 12 млрд теңгеден астам, ал үкімет резервінен қосымша 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары тоқсан пайызға орындалып отыр. Кәсіпорын басшысы зауытта жаңа сорғы қондырғылары, суды алдын ала тазарту сүзгілері, суды минералдандыруға арналған сүзгі-кондиционерлер, араластыру камералары, электр желілері мен трансформаторлық қосалқы стансалар орнатылғаны туралы баяндаған.
Түбектегі Маңғыстау халқына ауыз су да үлкен проблема. Мұнайлы және Қарақия аудандарының елді мекендері үшін ауыз судың негізгі көзі осы зауыт. Қазір оның қуаты тәулігіне 20 мың текше метрге жетеді. 180 мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз ете алады. Қалай айтсақ та халықтың жыл сайынғы өсімін, Каспий теңізінің жағалауындағы туристік кластердің дамуын ескере отырып, ауыз су өндірісін ұлғайту мәселесі аймақта өте өзекті. Осыған байланысты президент «Каспий» тұщыландыру зауытын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін кеңейту жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Үкімет те қажетті қаржылық көмегін көрсетіпті. Маңғыстау әкімдігіне жобаны жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін тапсырған.
Ақсұлтан Қалыбек
Маңғыстау облысы