Түбектегі тіршілік, өнім мен өсім

Соңғы уақыттарда Қазақстанның әр өңірінде экономикалық өсімнің артқаны жөнінде жиі айтылады. Бұл өсім, әрине, жалпы ел экономикасына оң әсерін тигізетіні анық. Дегенмен жетістікпен қатар кемістіктің де болатыны рас. Әр өңірде ақсап жатқан салалар да аз емес. Бүгін біз Маңғыстау облысының жай-күйін баяндап, өңірде істеліп жатқан нақты жұмыстарға шолу жасап, істелуі керек шаруаларға тоқталмақшымыз.
11 млрд инвестиция қайда жұмсалды?
Жыл басынан бері облыста 12 инвестициялық жоба іске қосылды. Ал құйылған жалпы инвестиция көлемі 11 млрд теңгеден асып жығылады. Ақша құйылған салалар қатарында ет комбинаты, металл прокат, арнайы жабдықтар мен техника, сондай-ақ темірбетон мен антифриз өндірісі бар. 2023 жылдың аяғына дейін жалпы құны 9 млрд теңге болатын тағы ауқымды үш жобаны іске қосу жоспарлануда. Жоба іске асса, өңірде 90-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Облыста алдағы үш жылда тағы 54 инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде. Жобалар өңір экономикасына 1,4 трлн теңге көлемінде қаржы тартып, 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында іске асуы қажет. Негізгі жобалардың бірі – Svevind неміс-швед компаниялар тобы жоспарлаған жасыл сутегі зауытының құрылысы. Бұл жоба тұщыландыру зауытының құрылысын, жаңартылатын энергия көздері станциясын және өз кезегінде 2 млн тонна «жасыл» сутегі өндіретін зауытты пайдалануды қамтиды. Сондай-ақ ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясының қатысуымен «Қаламқас», «Хазар» және «Әуезов» кен орындарын игеру жобасы іске асады.
2024 жылы өңірде алдын ала жобалауды іске асыру кезеңін бастау жоспарлануда. Жобаны ұйымдастырудың бастапқы кезеңінде 2 мың жұмыс орны құрылмақшы. Ауқымды жоба 2028 жылы басталып, жылына 4 млн тонна мұнай өндірмек. Сонымен қатар Kazpetrodrilling қазақстандық компаниясымен стратегиялық ынтымақтастық шеңберінде Маңғыстау аумағында құбыр өнімдері мен сорғы-компрессорлық құбырлар өндіретін зауыттар салуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Kazpetrodrilling АҚ вице-президенті Қайырбек Елеусіновтің айтуынша, жергілікті кадрларға басымдық беріледі және жоба құны 530 млн АҚШ долларын құрайды.
«Зауыттан алынатын салық жергілікті бюджетке үлкен көмек болады деп ойлаймын. Алдағы уақытта 570 жұмыс орны ашылады. Жасалатын 270 мың құбыр Маңғыстау облысын түгелдей қамтиды. Қазақстанның басқа аймақтарынан ұсыныстар түссе оларға да жеткізіп беруге болады. Елімізде құбыр көп шығарылмайды, шетелге жалтақтап қалатын едік. Бір жақсысы енді ондай мәселелер болмауы керек», – дейді Kazpetrodrilling АҚ вице-президенті.
Экологиялық мәселелер және метанмен жүретін автобус
Осы уақытқа шейін өңірдің басты проблемаларының бірі – экологиялық мәселелер еді. Ұзақ жылдардан бері бұл түйіннің шешімі табылмай келе жатыр. Енді бұл түйткіл де оң шешімін табатын көрінеді. Істің нақты шешімдерінің бірі – облыста метанмен жүретін, өңір экологиясына оң ықпал ететін автобустардың жаңа буыны пайдалануға берілуі. Ақтауда қалалық бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайтын 30 жаңа автобус өз жұмысын бастап та кетті. Су жаңа автобустар «Ақтау – Әуежай» бағытында қатынайды. Жақын арада тағы 90 автобусты пайдалануға беру жоспарлануда.
Қоғамдық көліктер жергілікті бюджеттен және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаражаты есебінен сатып алынды. Жалпы жоба 9,2 миллиард теңгеге бағаланады. Жергілікті бюджет есебінен – 1,1 млрд теңге, 8,1 млрд теңге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржыландырып отыр. Автобустар ауаны баптау жүйесімен, бейнебақылау камераларымен және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен жабдықталған. Көліктерді отынмен қамтамасыз ету үшін облыста алғашқы рет газ құюға арналған метан станциясы пайдалануға берілді.
Маңғыстау облысында жолаушылар көлігінің қауіпсіз, жайлы және сапалы қызметтерін қамтамасыз ету өңірдегі басты мақсаттардың бірі. Алдағы уақытта аймақтағы метанды пайдалану сұйытылған газға жүктемені төмендетуі қажет. «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Бекнұр Бейісов автобустар әлі де толықтырылатынын жеткізді
«Алдағы уақытта тағы да 90 көлік сатып алынбақ. Жыл соңына дейін автобустар толық келетін болады. Бұлар өнеркәсіпті қолдау қорының қолдауымен 7 жылға лизингке алынған автобустар», – дейді Бекнұр Бейісов.
Ескірген энергетикалық жабдықтар
Маңғыстау облысы халқының қарқынды өсімі мен экономикалық дамуы мәселелерінің бірі – коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту және оның қуатын арттыру. Қазір облыста түйткілді шешу үшін тіршілікті қамтамасыз ету, инженерлік желілер мен сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Салада назар аударуды талап ететін негізгі факторлардың бірі – «МАЭК» кәсіпорны. Кешеннің энергетикалық жабдықтарының тозу деңгейі қазіргі уақытта 81%-ға жеткен.
Осыған байланысты президентің тапсырмасы бойынша облыста су тұщыту, бу-газ қондырғылары және турбоагрегаттар сияқты жабдықтарды салу және жаңғырту бойынша бірнеше негізгі жобаларды іске асыруды көздейтін кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасы әзірленді. «МАЭК» ЖШС бас директоры Жасұлан Сүйіншәлиевтің айтуынша, жыл басынан бері кәсіпорынның өз қаражаты есебінен турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
«Биыл жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Өзіміз 46,8 млрд теңге ақшамызды бағыттап жөндеп жұмыстарын бастап кеттік. ҚР Үкіметінің резервінен тағы 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді», – дейді бас директор.
Облыста қордаланған мәселе аз емес. Соның бірі – Ақтау қаласындағы инженерлік желілерді қайта жаңарту жұмысы. Енді бұл бағыттағы істер де ақырындап атқарыла бастайтын көрінеді. Әкімдіктің хабарлауынша, халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға дейін Ақтау қаласының 25 шағын ауданын 5 аймаққа бөліп, жалпы ұзындығы 919 шақырымды құрайтын су, кәріз, жылу сияқты инженерлік желілерді жаңарту жоспарланып үлгерген.
«Бүгінгі күні 1-кезең бойынша жалпы сомасы 20,4 млрд теңге қаржыны құрайтын 19 жоба әзірленді. Биыл Ақтау қаласының 3А, 3Б және 1-шағын аудандарында жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Ақтау қаласының 31А шағын ауданында жылу желілерін жаңарту жұмыстары басталды. Бұл нысан биыл желтоқсанда аяқталады деп күтілуде», – дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қалған шағын аудандарды жаңарту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Инфрақұрылымды жаңартудың маңызды аспектісі ретінде аймақты ауыз сумен толық қамтамасыз ету маңызын жоғалтпақ емес. Маңғаз далада жаз мезгілінде су тапшылығы тәулігіне 77,2 мың текше метр суды құрайды. Жыл сайын суға сұраныстың өсімін ескере отырып, 2025 жылға қарай жалпы қуаттылығы тәулігіне 136 мың текше метр суды тұшытатын алты жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұған қоса, өңірдің әр тұсында жаңа тұзсыздандыру зауыттарының құрылысы белсенді жүргізілуде. Жобалар су тапшылығын жоюға ықпалдасады. «Каспий» су тұшыту зауыты қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізудің 2-кезеңі бойынша жұмыс жалғасуда. 2022 жылдың жазғы кезеңінде тәулігіне 5 мың текше метр суды тұшытатын қондырғы пайдалануға берілді. 2024 жылдың сәуіріне дейін бұл жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда.
Қалалардағы ахуалға тоқталсақ, Ақтау қаласында инвестордың жеке қаражаты есебінен қуаты тәулігіне 20 000 текше метр суды тұшыту зауытын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта зауыттың белгіленген қуаты тәулігіне 3600 текше метр. Жыл соңына қарай қуаттылықты 2 есеге арттырып, тәулігіне 7200 текше метрге дейін жеткізу ойда бар. Сондай-ақ Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр және Кендірлі ауылында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытатын қондырғыларды салу жұмыстары қолға алынды.
Көгілдір отын қашан жетеді?
Маңғыстау – еліміздегі табиғи газды ең көп тұтынатын облыс. Мәселен, өткен жылы өңірге 2,6 млрд текше метр көгілдір отын қажет болды. Бұл республика бойынша ішкі нарықтағы тұтыну қажеттілігінің 19%-ын құрады. Облыста газдандыру саласындағы жобаларды іске асыру қарқынды жүріп жатыр, жұмыстар өз кезегінде газ тасымалдау жүйесінің қуаты мен өткізу қабілетін арттыруға, өңірдің табиғи газын тұтынудың өсіп келе жатқан көлемін жабуға және өңірдің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Биылғы жылдың қазан айында Маңғыстауда «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының екінші желісі іске қосылды. Магистральдық газ құбырының екінші желісі елді мекендерді, ірі өнеркәсіптік объектілерді, сондай-ақ Маңғыстау облысының негізгі энергетикалық кәсіпорны-жылу және электр энергиясын өндіретін «МАЭК» ЖШС-ны тұрақты газбен қамтамасыз етеді. Аталмыш газ құбырының екінші желісінің өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд текше метрді, «Окарем-Бейнеу» газ құбыры осы бағыт бойынша 3 млрд текше метрден астам айдауды қамтамасыз етеді. Жалпы екі газ құбырының жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 9 млрд текше метрге жетеді. Бұл өңір қажеттіліктерін толығымен қанағаттандырмақ.
Іске асырылып жатқан жобалардың бірі ретінде «Каспий энергетикалық хабы» шеңберінде жаңа шағын аудандарды тұрақты газбен жабдықтау мақсатында «Жаңаөзен-Ақтау» құбырынан басталатын автоматтандырылған газ тарату станциясы бар магистральдық газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Ұзындығы 52 шақырымдық газ құбыры Ақтау қаласының жаңа шағын аудандарын, Мұнайлы ауданының Қызылтөбе, Дәулет және Баянды ауылдарын, сондай-ақ Түпқараған ауданының Ақшұқыр және Саин Шапағатов ауылдарын жылумен және тауарлық газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Облыс әкімі Н.Ноғаев жобаны биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отырғанын айтты.
«Құрық ауданындағы АГТС-тен Саршадан басталып Жылы жағажай курорттық аймағындағы «Риксос» қонақ үйіне дейінгі жоғары қысымды газ құбыры да аяқталды. Жоба Құрық кентін және жақын жерде орналасқан өндірістік объектілерді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жағажай туризмін дамыту үшін өте маңызды жоба» – дейді өңір басшысы.
Өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде, жалпы білім беретін мектептердің құрылысына көп көңіл бөлінуде. Өйткені Маңғыстау облысы бірнеше жыл қатарынан бала туу қарқыны бойынша рекорд жаңартты. Әлбетте, бұл қосымша білім беру ресурстарының ашылуын қажет етеді. Аталған қажеттілікті шешу үшін облыс орталығында, елді мекендерде жаңа мектептер салу жоспарлануда. Басшылық қалалар мен ауылдарды кешенді дамыту, қолайлы әлеуметтік инфрақұрылымды қамтамасыз ету, яғни балабақшалар, мектептер, емханалар, ойын және спорт алаңдарын да салуды көздеп отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, 2023 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 209 млрд теңге қарастырылған, бұл облыс бюджетінің 43%-ын құрайды. Облыста барлығы 188 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 39-ы жекеменшік мектеп. Соңғы үш жылда оқушылар саны 25 мыңға артқан. Биыл 3 972 орындық 11 жекеменшік мектеп ашылды. Оның 6-уы Ақтауда, 2-еуі Жаңаөзенде және 3-еуі Мұнайлы өлкесінде бой түзеді. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатаеваның айтуынша, алдағы уақытта ашылатын мектептер балалардың білім алуына қажетті игіліктерді толықтай қамтамасыз етеді.
«Заманауи үлгідегі балалардың оқу-тәрбиесіне қажет игіліктерін қамтамасыз ететін білім ордалары болмақ. Бұл туралы мемлекет басшысы да тапсырмасын берді. Сондықтан балаларға осы заманауи мектептер 2025 жылға дейін өзінің есігін айқара ашатын болады» – дейді бөлім басшысы.
Әлеуметтік инфрақұрылым әлеуетін арттыру саласында автомобиль жолдарының маңызы да аса зор, сапалы жолдар – өңір экономикасының өзегі. Бұл салада да ілкімді істер атқарылуда. Мысалы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының басты бағдары өңірдегі 21 ауылды қамтиды және биыл автожолдарды салу және жөндеу жобаларына қомақты инвестицияларды тарту маңызын айқындай түседі. Облыста орындалған жұмыстардың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйін 96%-ға дейін жақсарту жоспарлануда. Бұл маңғыстаулықтар үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге және жалпы облысты дамытуға маңызды қадам болмақ.
Өңірде қордаланған мәселе аз емес, нақты жұмыстар да істеліп жатыр. Әсіресе алдағы уақытта атқарылуы тиіс шаруалардың топаны мол. Енді осы жұмыстардың тыңғылықты істелуі, жоспар бойынша жүзеге асуы аса маңызды.
Шыңғыс Атай
Маңғыстау облысы