Түбі бір түркі, бірге бол!
Жұмыр жер жалғыз тал тарының қауызына сыйып кетудің аз-ақ алдында тұр. Дәті жетсе, адамзатқа билік жүргізгісі келетін ұлы державалар ІІІ Дүниежүзілік соғысты бастап жіберуге дайын.
Соғыссыз өмір сүре алмайтын, біреудің жеріне, байлығына көз алартып үйренген империяларға тыныштық ұнамайды. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі бейбітшілік соғысқұмарлардың ішін қатты пыстырыпты. Ресейдің Украина жеріне ашқан қарулы қақтығысы – сол тыныштықтан мезі болған көршінің кезекті әрекеті екені даусыз.
Көршіге жарымаған Қазақстан үшін бұл соғыс бізді айналып өтеді, шалығы тимейді деу қате. Қазір Қазақстандағы саяси жағдай қыл үстінде. Ашықтан-ашық Киевті қолдай алмаймыз. Мәскеудің сойылын соғу, тіпті, қатерлі. Мұндайда Тоқаевтың жолымен, яғни дипломатиямен ғана жан бағу ләзім. Онсыз да солай жасап жатырмыз. Орыс көшіне төрден орын бердік. Мәскеу ойлады: қазақтар қарумен қарсы алады деп. Бірақ біздің халық нанмен шықты алдарынан. Содан не керек, тиісерге қара таппай отырған орыс пропагандистерінің аузына құм құйылды. Ол – бір.
Екінші – біздің Мемлекет басшымыз Путиннің құбылмалы пейілін байқады ма, орыс тіліне мәртебе бере салды. Сөйтіп, екінші рет ауыздарына құм құйылды.
Тәуелсіз саясаттанушылардың уәжіне сенсеңіз, Путиннің Қазақстанға соғыс ашуына ешқандай негіз жоқ. «Ресей Қазақстанға соғыс ашады» деген әңгіме жыл басында мәскеушіл саясаттанушылар мен пропагандистердің аузымен бірнеше рет айтылған-ды. Ондай ой орыс әлемінде жоқ деу, енді шыли өтірік болар. Сібірдің орманында жүрген ойсыз-мұңсыз бір «жириновскийді» ұстап алып, Қазақстан туралы сұраңызшы. «Северный Казахстан наш» демесе, мұрнымды кесіп берем.
Көршіміз ғой. Құдай бізге осындай көрші беріпті. Тағдырымыздан ба, тәлейімізден бе? Алла біледі! Абылайға ұқсап, қияндағы қытайдың да, ормандағы орыстың да тілін тауып, мемлекет құру – ендігі жерде бізге жараспас. Қазақ қашанғы «текені жезде, ешкіні әпке» деп жалбақтаумен күн кешпек? Бізге де шынайы тәуелсіз мемлекет құратын, Мәскеуге қарап, таңы атпайтын, тәуелсіз күн туу керек! Ондай жол бар ма? Бар, әрине! Отыз жыл бойы назарбаевтардың жемқор жүйесі жүндей түтпегенде, осы уақытта Мәскеумен тең сөйлесетін деңгейге жетер ме едік, кім білсін?! Сағат тілін кері бұрай алмаймыз, әттең!..
Болашаққа қарайықшы! Қайтпек керек? Мәскеуге қарап, мөңіремейтін, Бейжіңге қарап, ұйқыдан айырылмайтын жол бар ма? Бар. Ол – Тұран Одағын құру.
Әрине, бұл дәл қазір арман шығар, қиял болар. Бірақ Астана жақта «Түркі әлемінің» концепциясы туралы бір нәзік әңгіме айтылатын көрінеді. Түрік әлемі дегенде, ең алдымен, Түркия тілге оралады. Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған Қазақстанға келген сайын, біздің басшылармен кездескенде, «Қазақстан біздің атажұртымыз. Қазақтар біздің бауырларымыз», деп үнемі ішке тартып сөйлейді. Соңғы сапарында Ердоған мырза «Әгәрәки, біреу-міреу Қазақстанға көз алартса, біз қарап отырмаймыз» дегендей астармен жеткізді ойын. Дәл осылай айтпағаны анық. Түрік басшысының «Біз бауырлас Қазақстанның егемендігін, территориялық тұтастығын, бейбітшілігі мен тұрақтылығын әрдайым қолдаймыз!» деген сөзін басқаша қалай тәпсірлеуге болады? Біз осылай түсіндік.
Қысқасы, Қазақстан орыс әлемінің ықпалынан шығу үшін түбі бір түрік елдерімен жақын болу керек! «Түрік әлемінің» концепциясы туралы әңгіме рас болса, алғашқы қадамдар жасалып жатыр деп түсінген жөн. Құрметті оқырман, концепция дайындау деген бір беттік мақала жазу емес. Бұл кешенді жұмыс. Оған Тұран идеясына салғырт қарамайтын сауатты идеологтар тартылуы керек! Әртүрлі кезеңге бөлініп, бірнеше түрлі басқыш бойынша жасалатын үлкен жұмыс. Ол туралы бір-екі ауыз сөзбен түсіндіру де қиын. Айтпақшы, 11-қарашада Өзбекстанның Самарқанд қаласында түрік мемлекеттерінің саммиті өтеді деп жоспарлануда. Оған Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Қырғызстан және Венгрия қатысады. Түркменстан бақылаушы ретінде барады деп отыр. Саммитте түрік елдерінің бірегей алфавиті туралы талқы болатыны айтылуда…
Тоқаев-Ердоған тандемінің пәрменімен «Түркі әлемінің» концепциясы әзірленсе, түркітілдес аудиторияның ауызбіршілігін нығайтуға септігін тигізетін тұжырымдама болар еді. Бұл бір жағынан, «орыс әлемі» дейтін деструктивті идеологияға төтеп берер идеологиялық қару. Бұл жерде Батыс әлемі де бар, одан алшақтай алмаймыз. Әділетті Қазақстанды құру үшін міндетті түрде Батыстың құндылықтарына арқа сүйеу қажет. Ал «Түрік әлемі» концепциясы соның бәрінің басында тұратын экономикалық, рухани, мәдени, әскери одақтың негізі құжаты болуы шарт! Бірнеше ғасыр бойы орыспен ішек-қарны араласып кеткен Қазақстан үшін Түрік әлеміне судай сіңісіп кету оңай шаруа емес. Бірақ өркениетке ұмтылған ХХІ ғасырда орта ғасырлық өлшеммен өмір сүретін мемлекеттерден опа болмайтынын бесіктегі бала да түсінеді қазір.