Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:06, 21 Наурыз 2019

Тұмар-2019 сыйлығының қорытындысы шықты  

Астанада «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды. «Қазмедиа» орталығында өткен марапаттау кешінде 9 номинация бойынша үздіктер анықталды.
«Үздік өңірлік тележоба» аталымында «Қазақстан — Qyzyljar» телеарнасы түсірген Солтүстік Қазақстан өңірінің тарихи-мәдени орындарын таныстыратын «WELCOME TO QYZYLJAR» жобасы жеңімпаз атанды.«Үздік әлеуметтік жоба» жүлдесі «Астана» телеарнасы түсірген «Біз біргеміз. Ана үйі» жобасына берілді. Бұл жобаның мақсаты – тағдыр тәлкегіне ұшыраған жас аналардың бастан кешкен шынайы оқиғаларына құрылған фильмдер топтастырылған.Ал, «Үздік ойын-сауық жобасы» номинациясы бойынша «НТК» арнасы түсірген «Qara beri» реалити-шоуы жеңімпаз атанды. Бұл «Qara beri» хип-хоп жобасының шартында жас рэп орындаушылар «Қазақстанның үздік рэпері» атағы үшін жарысқа түседі. Жоба жеңімпазы ары қарай шығармашылығын шыңдау үшін, Қазақстандағы ірі орталықпен келісімшартқа отырады. «Кейкі мерген», «Бессонница», «Красный уровень» және «Қарлығаш ұя салғанда» телесериалдары үздік төртікке енген «Үздік телевизиялық сериал» аталымында КТК телеарнасы түсірген «Красный уровень» телесериалы жеңіске жетті.Соқыр сенімге еріп Сирияға жүрген қазақстандықтарды қайтаруға арналған «Жусан» жобасы да «Тұмар» бәйгесінің арнайы сыйлығына ие болды. Қазақстан телерадиокорпорациясының жобасы бірнеше қазақстандықтардың елге оралуына ықпал еткен.Астананың 20 жылдығына арнап түсірілген «Ұлы дала астанасы» фильмі «Үздік деректі фильм» жүлдесін ұтып алды. 50 минуттық фильмді ҚР Президенті Телерадиокешені түсірген.ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі комитет төрағасының орынбасары Ләззат Сүйіндік: — Былтыр техникалық бағыттағы аталымдар саны көп болды. Ал биыл біздер жобаларға ерекше назар аударуға шешім қабылдадық. Әрбір жобаны көптеген адамдар бірлесіп жүзеге асырады, яғни оператор, монтажер, жүргізуші, продюсер барлығы да өз үлесін қосады. Осы ретте тек бір қызметкерді марапаттау дұрыс емес деп санаймыз, — дейді.Айта кету керек, «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы байқау талаптарына өзгерістер енгізіліп, номинация саны 14-тен 9-ға дейін азайған. Бәйгеге 300-ден астам өтініш келіп түскен.Отандық телевизияның дамуына серпін беру мақсатында ұйымдастырылған жобаны ұйымдастырушы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өз кезегінде Нұрсұлтан назарбаевқа алғыс білдірді: — Нұрсұлтан Әбішұлының атқарған қызметі жайында өте ұзақ айтуға болады. Бүгінгі шараға байланыстыратын болсақ, телевизия саласының іргетасы Назарбаевтың кезеңінде қаланды. Тіпті бұл ғимарат та Тұңғыш Президенттің бастамасымен салынды. Сондықтан мен барлық журналистердің атынан Елбасыға алғысымды білдіремін, — деді ол.Фото: bnews.kzАмангелді Ақберген
Тегтер: