Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:12, 26 Қаңтар 2025

Түн құстары орман емшісі

маубас жапалақ
маубас жапалақ. Фото: ашық дереккөз

Көктем туып күн жылына бастағанда ымырт үйіріле кез келген аулада, тау баурайларында сұңқылдаған, уілдеген, тит-тит дегендей, түрлі мұңлы, кейде тылсымды, тіпті қорқыныштылау дауыстарға куә боламыз.

 Құрметті оқырман, бұл жолы «ерекше үн» – иелері жапалақ құстардың, оның ішінде маубас жапалақтың тіршілігіне құлақ түріп, көз жүгіртейік.

Қазақ халқының аңыз-әпсаналарында кездесетін деректерге қарасақ, байғыз құсы, нақтырақ айтсақ, оның сұңқылдаған дауысы жамандық шақырады делінген. Этнографтардың жазбаларына сүйенсек, қазақтар үйдің шаңырағына байғыз келіп қонса, оны жаман ырымға балаған, сол үйден бір кісі қайтыс болады деп жорыған. Сөйтіп әлгі үйдің орнын ауыстырып, басқа жерге тіккен немесе үйін жағып жіберген. Тіпті кейбір аңыздарда байғызды қарғысқа ұшыраған ұл немесе қыздың жұдырықтай құсқа айналған түрі ретінде сипаттайды. Дәл осындай сан қилы, аңызға толы ел аузындағы әңгімелер «Қазақтың дәстүрлі ұғымдары» атты кітабында топтастырылып басылған. Сондай-ақ кейбір деректерде байғыздың ақылды құс екені туралы мәліметтер бар. Енді ғылыми тұжырымдарға жүгінейік. Жалпы сұңқылдаған құс дауысы ғылыми жағынан алып қарасақ, байғыз емес, маубас жапалақ. Оның сол сәттегі дауыстары көктем мезгілінде естілетінін ескерсек, осы кез олардың нағыз көбеюге қатысатын шағылысу уақыттары.

маубас жапалақ
Маубас жапалақ

 Жапалақ тәрізділер (Strgiformes) – түнде тіршілік етуге бейімделген жыртқыш құстар жасағы. Көбіне орманды мекендейді, басы үлкен көздері бадырайған, көз бұршағы қимылсыз, беті тегерішті, қауырсындары өте жұмсақ, ұшқанда дыбыссыз қанат қағады. Негізінде кемірушілермен, жәндіктермен қоректенеді. Жемін түнде аулайды. Жұптарын өмір бойы сақтайды, ағаштың қуысына, кейбіреуі жерге ұя салады. Ұядағы жұмыртқалардың саны дене мөлшеріне байланысты 2-ден 12-ге дейін жетеді. Жұмыртқаны аналығы басады. Жапалақ тәрізділердің Қазақстанда 9 туыс, 13 түрі кездеседі. Көбісі отырықшы (үкі, байғыз, кәдімгі жапалақ, орман байғызы, кезқұйрық жапалақ,). Бұлардың ішінде қыстап қалатындары да бар (ақ жапалақ, құлақты жапалақ). Кейбіреуі жыл құсы (саз жапалақ, маубас жапалақ, қаршығареңді жапалақ, қылаң жапалақ) болып саналады. Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында үкі, маубас жапалақ, қаршығарең жапалақ, орман байғызы, байғыз, құлақты жапалақ тіршілік етеді.

Осыған орай, маубас жапалаққа баса назар аударып, 2021 жылдан бастап оларға жасанды ұялар орнатылып, мониторингтік бақылау жұмыстары жүргізілді. Біздің әрекетімізді қолдағандай, Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы мен Қазақстандағы құстарды қорғау одағы, жалпы құс сүйер қауым бірігіп, 2024 жыл – «Маубас жапалақ жылы» деп жариялаған еді. Осыған қарай жұмысымыз екі есе артып, екі алақанды ысып, белсене қолдап, Ұлттық парктің бас экологы Самал Нарынбайқызымен бірлесе Алматы қаласы мен Алматы облысының көптеген мектептерінде дәріс сабақтар жүргізілді. Сондай-ақ Республикалық оқушылар сарайының тәлімгері Индира Тұрдақынқызы да айрықша қолдау білдіріп, аталған құсты насихаттау тұрғысында оқушыларға сурет конкурсын өткізіп, көпшілік қауымға түсіндірме жұмыстары атқарылды. Маубас жапалақ (Otus scops) – кішкентай, (қараторғайдан сәл үлкен) жыртқыш құс. Реңі қызғылт-сұр, ағаш қабығының түсіне ұқсас. Басында қауырсынды «құлақтары» бар. Көзі сары. Түн құсы. Көктем мезгілінде ымырт түсе шағылысу маусымы кезінде көңілсіз үн шығарады. Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында елді мекеннен бастап жоғарғы белдемдердің жапырақты орманның барлық аймағынан дауыстары естіліп, кейде көзге шалынады. Өздігінен ұя салмайтындықтан ағаш қуыстарында, сауысқандардың ескі ұялары секілді жерлерде ұялайды. Жәндіктер, майда кеміргіштер және құстармен қоректенеді. Жыл құсы. Бір қызығы, олардың қылқанды орманда табиғи ұясы табылмаған. Сондықтан да маубас жапалақтарға қамқорлық танытып, жыл сайын Ұлттық парктегі жапырақты ағаштар мен бұталар арасында мекендеу орны дайындалады. Мұның тағы бір себебі – халық арасында ескі наным-сенімнен арылып, түн құсының «Орман емшісі» ретіндегі маңызын баса түсіндіру.

маубас жапалақ
Маубас жапалақ

Маубас жапалақтарды бақылау барысында зерттеудің мониторингтік, нүктелік әдістері пайдаланылды. Зерттеу процесінде оларға жасанды құс ұялары жасалынып, әрбір шатқалға мекен етуі мүмкін орындарға іліну арқылы визуалды бақылау жүргізілді. Құс түрін шатқалда бақылау үшін бинокл, фотоаппарат, күнделік дәптер, қарындаш, т.б қолданылды. Фенологиялық бақылаулар мемлекеттік инспекторлардың (М.Ағыбаев, Қ.Найзабеков, А.Мұратов) қатысуымен атқарылды.

Маубас жапалақтың орман шаруашылығына пайдасы өте көп. Тау баурайларынан 2021 жылы, сәуір айының екінші аптасында, нақтырақ айтсақ, 13 сәуір күні (Ақсай филиалының мемлекеттік инспекторы М.Ағыбаевтың бақылауынан) үні естіле бастады. Ұлттық парктің орман қорғау ісінде биологиялық әдіс ретінде ұсақ құстарға жасанды құс ұялары жыл сайын орналастырылады. Жапалақ құстардың мекендеуін бақылау үшін тәжірибелік мақсатта 2021 жылдан бастап жасанды құс ұялары іліне бастады. Оларды Медеу филиалының Казачка сайында 1 дана, Қасқабас сайында 2 дана, Үлкен Алматы шатқалының «Жаңғақ талы» плантациясында 2 дана ұя ілінген. Ақсай филиалының Ойжайлау сайында 2, Қырғауылды сайында 2 ұя жасалынып, жапырақты және қылқанды ағаштар арасына орналастырылды. Ағаштарға жерден шамамен 3-4 метр биіктік таңдалды. Құс ұялары сәуір айының алғашқы аптасында ілінді. Аталған тәжірибе өз жемісін берді.

Жапалақты зерттеудің, жұмыс істеудің өз рет тәртібі болады. Айталық, алғаш ұядан көру 25 мамыр, жұмыртқасын байқау 11 маусым, балапандарды ұяда алғаш санау 14 шілдеде жүргізілді. Бұл жылы орналастырылған 9 ұяның 5-еуінде балапан шықты. Әрқайсында 3-5 дарақтан. Ұяның біреуінде белгісіз себеппен 5 балапан кейіннен өлі табылды. Сондай-ақ 1 ұяға сарыбауыр шымшық (лат. Parus major) балапан басқан. Келесі жылы осы ұяларда бақылау жүргізілді. Сондай-ақ бірнеше ұялар дайындалып, қатары толықтырылды. Олардың мұңлы дауыстары тау шатқалында 8 сәуірде естіле бастады. 20 мамырда ұяда байқалып, жұмыртқасын көру 8 маусымда, балапандарды байқау 14 шілдеге сәйкес келді. Кейбір ұяда жұмыртқа басқанымен, балапан шығармады.

маубас жапалақ

Ең қызығы, маубас жапалақ ұялаған былтырғы 1 ұяға ерте көктемде орман байғызы (лат. Aegolius funereus) ұялап, 2 балапан шығарды. 

Ал 2023 жылы ұя қатары тағы көбейгенімен, тек аталған шатқалдағы ұяларға бақылау жүргізілді. Тауда байқалу дауыстары 5 сәуірде болса, 12 мамырда ұяға кіргенін көрдік. Ал 24 мамырда ұяда жұмыртқа жатты. Балапандары 16 шілдеде ұя саңылауынан үңілгенде басын бұрып қарап жатты. Бақылап қызықтау барысында ұядан тұмсығын тақылдатып айбат шегетіні, аталық жапалақтың күндіз ұяны күзетіп алысқа ұзамайтыны белгілі болды. Сондай-ақ әрбір ұяда 5-тен артық жұмыртқа салынбады. Кейбір ұяларда белгісіз себептен балапандар қанаттанғанда өлі жатты. Ұяның екеуінде жыл сайын балапан шықса, екі ұяны өзге құстар иеленіп, тағы екі ұяда балапан басылмай, бір ұяға құс кірмеді. Сәйкесінше 2024 жылы жапалақтар зерттеуге алынған ұяларға жылдағыдан аз қоныстанды. Себебі шатқалда сауысқандардың көп ұшып жүргені күдік туғызған. Айтқандай-ақ, кейбір ұяларда жұмыртқалардан балапандар шықпады. Инспектор Мұрат Ағыбаевтың жанайқайы расталды. Ол кісінің мәліметінше, күн ұзаққа ұяны торуылдаған ұзын құйрық шықылықтаған құс оларға мазасыздық тудырғаны анық. Кейбір шатқалдағы ұя орналасқан орындар маңайынан туристер де көп өтетіндіктен, адамдардың да қайта-қайта саңылаудан қарағыштағаны да кері әсерін тигізеді. Сонымен бірге жапырақты орманда орман қарақасы (Dryomys nitedula) деген кішкене аң жасанды ұяға өте жиі қоныстанады. Кеміргіш аң кейде құстардың жұмыртқасына зиян тигізетіндіктен де бұл құстар тұрақтай алмады деп санаймыз. Жалпы ұялаудың көрсеткіші бойынша жапырақты орман ағаштары мен жаңғақ плантациясында тұрақты мекендесе, қылқанды ормандағы мекенжайда ұяламады. Бірақ Шренк шыршасына ілінген ұяда, яғни қылқанды орманның басталар тұсында балапан басып шығарды.

Негізі осы жұмыстардың нәтижесі алдағы жоспарларға ықпал етеді. Мысалы, Ұлттық парк аумағындағы орманмен көмкерілген жерлерге келесі жылы биотехнологиялық шара ретінде жапалақ тәрізділерге арналған жасанды құс ұяларын мейлінше көбірек орналастыру жоспарлануда. Себебі маубас жапалақтары әлемде кездесетін олардың 31 туысының Қазақстанда кездесетін 2 түрінің бірі. Әрі өздігінен ұя салмайтындықтан, негізінен зиянкес жәндіктермен, кейде майда кеміргіштермен қоректенетіндіктен қамқорлық көрсету керек. Барлық түн құстарына ерекше қамқорлық қажет. Үкілердің қауырсыны үшін ұясын бүлдірмеу, құлақты жапалақтардың Ұлттық парк аумағында қыстайтынын ескерсек, бей-берекет тиіспеу маңызды. Ал орнитологтар үшін қаршығарең жапалақтың орны ерекше. Бірыңғай қылқанды орманда тіршілік ететіндіктен, орман өртін болдырмау ең жауапты жұмыс. Байғыздарды да қорғау айрықша шара.

Қандай да аң, құс қорғауға мұқтаж. Әсіресе сұңқылдаған дауысына қарап, кіші жапалақ құстарын жоюға жол жоқ. Бұл құстардың орман шаруашылығына пайдалы екенін ескерген жөн. Егер олар азайып кеткен жағдайда орман ағаштары мен өсімдіктер дүниесі, зиянкес жәндіктер мен кемірушілердің шектен тыс көбеюінен зардап шегетінін назарда ұстау керек. Сондықтан да аталған құстарға жасанды құс ұяларын әрбір аулаға, бақтарға, саябақтарға, Ұлттық парктегі орман ішіне іліп, адамдардың жапалақ балапандары мен ірі құстарға зиян тигізбеуі абзал. Олар өздігінен ұя салмайтындықтан, кейбір ыңғайлы орынды пайдалана береді. Таңдалған жұмыртқалайтын орны уақытша тұрған зат болса, сол жылғы өсім болмайтыны белгілі. Мәселен, ара омартасына, ағашқа ілінген шелек ішіне жұмыртқалаған қызықты деректер де бар.Сондықтан ағаштан жасалған жасанды ұялар тиімдірек. Маубас жапалақ нағыз – энтомофагия (өсімдік зиянкестері жәндіктерімен қоректенуші) жыртқыш, орман емшісі. Ал орман байғызының күй ойнақ дауыстары ерте шығады, яғни ақпан айының екінші аптасынан басталады. Демек, күн жылынуын білдіретін мезгіл келіп, қар еріп күн жылына тауда ағаш егу жұмыстарына қам жасайтындықтан орманшылар үшін аталған құстардың дауыстары ең жағымды – үн.

Тұңғыш Жапарқұлов

Іле Алатау мемлекеттік, ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері

Суретті түсіргендер: Т.Жапарқұлов, филиал инспекторлары Мұрат Ағыбаев, Андрей Мұратов, Қайрат Найзабеков