Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:05, 16 Маусым 2020

Түнгі Алматы

Қара түнді жамылып,

Поэзияға жағынып,

Өлең жазып отырмын,

Шумақтан алқа тағынып.

Естіліп шуы көшенің,

Зулайды көлік неше мың.

Шуылы бітпес Алматы,

Осы ғой сенің «кеселің».

Келеді ұйқым көзіме,

Отырмын әбден езіле.

Беломыртқам талады,

Қояды ол да сезіле.

Мақпал түн болды сырласым,

Жырымды менің тыңдасын.

Мүлгіген қайың қарсыда,

Сияқты  маған мұңдасым.

Дамылдап тал мен теректер,

Самал да жоқ өбектер.

Шырт ұйқыда баршасы,

Қара түн болып себепкер.

Жұлдыздар жайнап аспанда,

Ағып жұлдыз қашқанда,

Отырмын ояу оңаша,

Зіл батпан ойлар басқанда.

Алматы аппақ, жарық тым,

Көз алмай одан қалыппын.

Алқызыл, жасыл, көк шамдар,

Қаланы тунгі таныттың.

  Алатауда

Алатаудың ауасымен демалып,

Кәусарымен тыныстаумен ем алып,

Сүріп жатқан жайымыз бар өмірді,

Бөктерінде ғажап таудың ең алып.

Зеріккенде шырша ішіне барамыз,

Рахаттана демімізді аламыз.

Күйкі тірлік күйбеңінен құтылып,

Тазарады бір серпіліп санамыз.

Тұнық сулы, қайсар мінез, тасынған,

Аттап өтіп, тасты соғып басынған.

Сарқыраған тау өзені ағады,

Он аттамдай, жақын ара қасыңнан.

Бұлбұл сайрап, құйқылжытып әнімен,

Бар өнерін паш етеді жанымен.

Аңтарылып, аузыңды ашып тыңдайсың!

Тоқтамастан күшеніп бар әлімен.

Қызыл гүлдер, сары гүлдер құлпырып,

Тұрғанындай өздерінде сыр тұнып…

Бүрін жарар «бала гүлдер» аз қалып,

Ашылардай біраз кейін ұмтылып!

Сағынсаңдар Алатауға келіңдер,

Жол бастайын қыр соңымнан еріңдер.

Басқа жердің тауларынан ерекше,

Кереметті келіп көзбен көріңдер!

                                                                       

  Өлең сыры

Жыр мұхиттан ағызайын бұлақты,

Маған қарай түріңдерші құлақты.

Шөлдегендер болса бетті бұрыңдар,--

Қараңдаршы «сылдыр—сылдыр» жыр ақты.

Жырым таза, мөлдір, тұнық, кіршіксіз,

Сәмбі талдай, сидам келген бүршіксіз.

Көз тартады өзінше, өзгешелеу,

Оқымайсың білем сен де ынтықсыз!

Шөліңді бас жырларымды оқумен,

Құлаққа құй, сөз, сөйлемді тоқумен.

Құс та жинар жемсауына азықты,

Нәсіп іздеп, небір жерді шоқумен.

Бойың балқып, сүйсінерсің таныссаң,

Іздеп оқып әужайыма барыссаң.

Салмақ салам қорғасындай әр сөзге,

Жөні болмас өзгелерден қалыссам!

Оймақтай ой айта білу шеберлік,

Дөп тиеді айта білсең егер нық!

Ашық, анық ұйытардай болса айтар,--

Жұмыр, жақсы болсын кісі сенерлік!

АмангелдіСарбасов, Талдыбұлақ ауылы,

Талғарауданы, Алматы облысы.

Тегтер: