Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:33, 27 Ақпан 2024

Тұрашбеков Түркістанда қабылдамайды, Сатыбалды Шымкентке шақырады

Сатыбалды
Фото: из открытых источников

Jas Alash редакциясына Түркістан қаласының тұрғындары «арызымызды ешкім тыңдамайды» деп хабарласты. Олар «ФЕБ строй» деген түрік компаниясы салған көпқабатты үйлерден ипотекамен пәтер алған. Бірақ пәтерлері сапасыз болып шыққан, шіріген құбыр, жылымайтын бөлмелер, жылу есептегіші жоқ үй тұрғындардың бас ауруына айналған. Ал құрылысқа жауапты компания иелері Түркияға қашып кеткен. Қала әкімдігі мәселені «әне шешеміз, міне шешеміз» деп созып келе жатса, облыс әкімі Дархан Сатыбалды пәтер иелерінің арызын тыңдаймын деп біресе Түркістан қаласына, біресе Шымкентке шақырып, жұртты сабылтып, әуреге салады. 

Түркістандықтар мемлекеттік бағдарламамен 2022 жылы қазан айында конкурстан өтіп, жаңа үйге қоныстанған. Бұл 12 қабатты 10 үйді «ФЕБ строй» деген түріктің компаниясы салған. Ақпан айында салынған үйді қабылдап алуға әкімдіктен өкілдер, басқарушы компаниядан адамдар келіп, арнайы комиссия құрып, тексеріс жүргізеді. Нәтижесінде, бірнеше кемшіліктер анықталған. Үйдің құрылысына қатысты кемшіліктерін жазып, Түркістан облысы әкімдігіне, құрылыс басқармасына, жалпы бәріне жібереді. Ол арызды аталған мекемелер қабылдамай қояды. 

Мысалы, кемшіліктің бірі – әрбір үйдің жертөлесінде жылу есептегіш болу керек, оны қоймай кеткен. Құбыр дұрыс орнатылмаған. Осындай арызды әкімдік қабылдамайды. Себебі ретінде «сендерде пәтер иелері кооперативі құрылмаған» деп жауап береді. Содан тамыз айында аталған үйлерде ПИК құрылып, жұмыстар қазан айында ғана қолға алынады. Бұған дейін түріктің компаниясы үйлерді әкімдікке тапсырып кетіп қалған. Әкімдікпен екеуі соттасқан. Тұрғындар әкімдіктен «енді сол ақшаны қайта үйлердің жөндеуіне жұмсамадыңыздар ма?» десе, ешқандай жауап болмаған. 

«Қала әкімі – Нұрбол Тұрашбеков, орынбасары – Байдулла Оразбеков, құрылыс бөлімінің басшысы – Нұркен Нақбеков, жылу бөлімінің басшысы – Сырым Әмірәлиев, тұрғын үй басшысы – Талғат Үсенбаевтар» осы үйді қабылдап алған деп, пәтер иелері ашынып отыр. Жаңа үйлердегі тағы бір ақау – үйді тұрғындарға беретін кезде жылы су мен ыстық су құрылғыларының құбырлары шіріген, ескі екені анықталады. Салдарынан жылу маусымы сайын ескі құбырлар тесіледі. Жертөлені су алып кетеді. Тұрғындар арызын арқалап әкімдікке барса «мердігерлерің жоқ, кетіп қалған» деп шығарып салады екен. Енді құбырлардың барлығын тұрғындар өз ақшасына ауыстырып жатыр.

ФЕБ Строй
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

«ФЕБ строй» қандай компания?

«ФЕБ строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шымкент қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2008 жылы 23 қаңтарда алғаш тіркеуден өткен. 2023 жылы 7 ақпанда қайта тіркелген. Бірінші басшы – Инан Мұстафа. Құрылтайшысы да өзі. Тұрғын ғимараттарының құрылысы қызметімен айналысады. Мекенжайы: Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Лермонтов, 212А. Инан Мұстафаға дейін компанияны әр жылдары Джафероглу Харун, Озчелик Дилшад, Куклу Хамди есімді азаматтар басқарған. Компания басшысы, құрылтай құрамы және орналасқан жері бойынша құжатқа 20 рет өзгеріс енген. 2020 жылдары компанияның 100 шақты қызметкері болса, 2023 жылы – 40, 2024 жылы – 5 адамға дейін азайған. Жылдық ақша айналымы 2023 жылы 321 996 526 теңге болған. Бірақ бұл кәсіпорынның құлдыраған кезі. Бұған дейін тек өсіп отырған. Мысалы, 2021 жылы ақша айналымы 1 220 969 947 теңге болса, 2021 жылы 7 335 018 263 теңгеге өскен. 2022 жылы 4 149 384 315 теңгеге түскен. Сонымен бірге «ФЕБ строй» мемлекеттен 2020 жылы 10 705 462 870 теңгеге – 15, 2021 жылы 67 694 833 183 теңгеге – 73, 2022 жылы 11 403 137 413 теңгеге – 15 келісімшарт алып, орындаған. Жалпы саны – 107, оның 19-ы бір көзден тікелей алынған.

Құжат
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, компания 2020 жылы 14 753 671 теңге, 2021 жылы 71 211 332 теңге, 2022 жылы 59 563 588 теңге салық төлеген. Тек 2023 жылы қазынаға аударатын қаржысы 104 728 теңгеге дейін күрт азайып кеткен. Ал Инан Мұстафа «ФЕБ стройдан» бөлек, Шымкенттегі BIRLIK БЕТОН жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтай мүшесі. Инан Мұстафаға қатысты мәліметтерді іздеу барысында оның жыл басынан бері кейінгі 4 айда мемлекетке 36 млн теңгедей салық төлемеген деген мәліметке тап болдық.

Еркебай Балжан
Еркебай Балжан

«Арызымызды Тұрашбеков те, Сатыбалды да тыңдамайды»

«Лифт бұзылса, қалтамыздан ақша шығарамыз. ПИК-ке төлейтін ақшамыз бар. Қысқасын айтқанда, халықты қанау ғой мұның бәрі. Жертөлеге жылу есептегішті айқайлап жүріп қойдырып алдық. Бірақ бізге оны жалпы есептеп төлетеді. Әрбір үйде жылу есептегіш жоқ. Соның кесірінен әр айда жылуға әртүрлі сома шығады. Біздің үйіміз ай сайын кеңейіп-кішірейіп тұрмайды ғой. Себебін сұрасаң, жертөледегі есептегішпен есептеп шығарып жатырмыз дейді. Шыққан есепті 68 үйге бөле салады екен. Бұл дұрыс емес. Әр үйдің көлемі әртүрлі ғой. Тұрғындардың көпшілігі жылуға қарыз. Төлемейміз деп отыр. Содан кейін жылу мекемесі қарыз бойынша сотқа арызданып жатырмыз деп жазып кетеді. Біз оны Түркістан облысы табиғи ресурстарды реттеу басқармасына апарып: «Қашан үйімізге жеке жылу есептегішін орнатып бересіздер, жылу дұрыс есептелмей жатыр» дегенді айтсақ, олардан да жауап жоқ», дейді Жаңа қала шағын ауданының тұрғыны Балжан Еркебай.

Тұрғындар жылу бөлімінің басшысы Сырым Әмірәлиевпен бірге облыс әкімінің орынбасары Зұлпықар Жолдасовтың алдына барып, мәселені айтқан. Ол екі аптаның ішінде бәрін реттеп беремін деп уәдесін берген. Бірақ сол күйі шешпеген. Пәтер иелері 10 үйдің құрылысына жауапты компанияның иесі Инан Мұстафа деген адамды естімедік, білмейміз деп отыр. Тек Серкан деген бухгалтерді ғана таниды.

Қазір үйлердің жертөлесінде су жиналады. Себебі құбырлар жарылып кете береді. Салдарынан 15 см су жиналады екен. Тұрғындар аптасына үш рет арнайы су соратын қызметті шақырады. Әрине, оны да өз қаржысына.

Түркістандағы үйлер
Түркістандағы "ФЕБ строй" салған үйлер. Фото: Еркебай Балжан

«Соның кесірінен 11 қабатқа дейін үйімізді тарақан басып кетті. Қазір ПИК басшысы Жұмабек Исмайлов деген кісі бар ақылын айтып, бізге нұсқаулық беріп жүр. Енді әкімдік үйдің кемшіліктерін демеушілер арқылы қайтадан жөндейді екен. Бірақ ол демеушінің қашан табылатынын ешкім білмейді. 680 пәтердің жағдайы осындай. Үйімізге кішкентай паровой пештерін қойып кеткен. Ол да үйдің көлеміне сәйкес келмейді. Мысалы, біздің үйге көпбалалы 8 отбасы көшіп келді. Олардың үйі келгенше бос тұрды. Үй алдық деп қуанып, есігін ашып еді, іштегі көріністен талып қала жаздады. Себебі ыстық судың құбыры жарылып, қабырғаға аққан. Түсқағаздар жыртылып, желімі ажырап, түсіп қалған. Судан еден ісініп,көтеріліп кеткен. Ылғал әсерінен есіктің бәрі құлап қалған. Ботагөз Біржан деген апайымыз үйінің жағдайын көріп «10 жыл күткен үйімнің сыйқы осы ма?» деп жылады. Үй емес, қоқыс алаңы дерсің. Бұл жағдайдың бәрін айттық. Неге бұлай қабылдап алдыңыздар деп те сұрадық. Құрылыс бөлімі үндемей, бір айдың ішінде жаңағы үйді қайта жөндеп берді. Қайдан ақша тапқанын білмеймін. Кіреберістегі есігіміздің жағдайы да мәз емес. Сапасыз, жұқа. Тұрғын үй инспекциясы да дұрыс жұмыс істемейді. Әлеуметтік отбасына берілген үйлерде кім тұрып жатқанын тексермейді. Бақылаусыз. Қысқаша айтқанда, осындай кемшіліктердің зардабын халық тартып жатыр. Қазір жылудың құбырын, реттейтін құрылғысын өзіміз сатып алдық. Құбырдың тесілген жерлерін жамадық. Кейбір жерін пластмасс құбырға ауыстырдық. Сыртқы есіктің де сапалысын салдық. Мұның бәрі осы үйдегі тұрғындардың қаржысына істеліп жатыр. Әкімдік тарапынан ешқандай шара қолданып жатқан жоқ», дейді Жаңа қала шағын ауданының тұрғындары.

Түркістан
Түркістандағы "ФЕБ строй" салған үйдің жертөлесіне су жиналып қалған. Фото: Еркебай Балжан

Біз тұрғындар жауапты деген шенеуніктерге хабарластық. Қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков телефон тұтқасын көтермеді, жазып жіберген хатымызға да жауап бермеді. Ал жылу бөлімінің басшысы Сырым Әмірәлиев: «Бұлүйлерге біздің қатысымыз жоқ, оған құрылыс бөлімі жауап береді. Жалпы сұрақтарыңызды соларға қойыңыздар» деп, басын ала қашты. Тұрғындарға ақылын айтып, тиісті мекемелерге арыз жолдауына көмектесіп жүрген пәтер иелері кооператив басшысы Жұмабек Исмайлов кемшіліктер тек әкімдік тарапынан емес, Қазақстан заңнамасындағы олқылық себебінен болып отырғанын айтады.

«Бұл жердегі мәселе заңнамадағы кемшіліктерден туып тұр»

«ФЕБ строй» үйді салуын салған. Соншалықты сапасыз деп те айта алмаймыз. Олар жобада не бар, соны соқты. Қазір бәрі жаңа технологиямен жұмыс істейді. Құрылыс саласында қандай жаңа технология бар, бұл үйлерге бәрі қолданылған. Бақылау және өлшеу құрылғысы деген өзінше бір бөлек ғылым бар техника саласында. Соның бәрі бар. Бірақ реттемеген. Суды 12 қабатқа апарудың орнына 9 қабаттан әрі аспайтын еткен. Оның себебі түріктер үйді салған да кетіп қалған, арадағы апақ-сапақ кезінде үйлер қараусыз қалған. Күтіп ұстайтын мекеме болмаған. Маман ретінде айтатын болсам, үйдің жалпы жағдайы онша жаман емес. Бір кемшілігі әр үйде гидрооқшау деген болады. Үй салғанда іргетаста кішкентай тесіктер қалады. Құрылыс компаниясы соларды бітеп кету керек еді. Егер оны бітемесе, жаңбыр-қар жауған кезде тесіктен жертөлеге су ағады. Егер су ақса, іргетас жарылуы, басқа да қатерлерге алып келуі мүмкін. Жертөледе су тұрса, ылғал көбейеді. Комиссияның құрамында жүргенде жылу есептегіш жоқ екенін айттым, жаздым. Үй 2020 жылы тапсырылды. Сол кезде маған бұл үй өткізіліп бергенде мен мемлекеттік органдардан бәрін талап ететін едім. Бірақ маған «сіздің басқарушы компания ретінде тұрғындар атынан сөйлеуге құқығыңыз жоқ» деп жауап берді. Маған үйлерді 2023 жылдың қазан айында ғана өткізіп берді. Қазір жылу есептегіш орнатты. Кейбір үйлерде жалпы жылу есептегіші бар, кейбір үйлерде жалпымен қатар жеке жылу есептегіші де бар. Бұл жердегі тағы бір мәселе жылу есептегіші жобада көрсетілмеген. Жобада жоқ нәрсені құрылыс компаниясы қоя алмайды».

Тұрғындарға ипотекамен су жаңа үйлерді үлестіріп берген қалалық тұрғын үй басшысы Талғат Үсенбаевқа да хабарластық. Ол да «үйді қабылдап алуға жауапты емеспіз» деп, бізді құрылыс бөліміне қарай сілтеді. Ал құрылыс бөлімінің басшысы Нұркен Нақбаев қойған сұрақтарымызға былай деп жауап берді:

«Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі тапсырысымен салынған үйлерді қабылдау кезінде техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелердің құрылыс жұмыстарының аяқталғаны бойынша хатына сәйкес қабылдау актісі жасалады. Көп қабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілген уақытта мердігер мекеме тарапынан кемшіліктер қайта қалпына келтіріліп, ақаулық актілері орындалған болатын. Бірақ тұрғындар тарапынан тұрғын үйді қосалқы мердігер (қызмет көрсетуші жеделсаты желісі, домофон қызметі, үйдің тазалығы, үйдің астында орнатылған құрылғыларды қараушы) мекемеге тапсыру жұмыстары уақытылы жасалынбады. Қазіргі таңда аталған мердігер мекемесімен сот процесі жүргізілуде. «ФЕБ строй» ЖШС мекемесінің есепшоттары бұғатталған. Тұрғын үйлердің жертөлесінде жалпы үйге арналған есептегіш құралдары орнатылған. Пәтераралық есептегіштерге түзету жасалып, электрлік плитаға ауыстырылған. Анықталған кемшіліктер бойынша әкімдік жанындағы және қызмет көрсетуші Түркістан су, Түркістан жылу және басқада мекемелер есебінен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. «ФЕБ строй» мекемесімен бөлім тарапынан сот процесі әлі күнге дейін созылып жатыр».

Нақбаев техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерде сол кезде қандай жауапты мамандар құрылыс аяқталғаны бойынша тиісті хат жазып бергенін алдағы уақытта анықтайтын болып, уәде берді.

P.S. Осы мақала жазылып жатқанда Жаңа қала шағынауданының тұрғындары қайта хабарласты. Пәтер иелерін 23 ақпан күні сағат 16:00-де облыс әкімі қабылдайтын болыпты. Бірақ сол күні таңертең аяқастынан «арыз-шағымдарыңызды айтатын болсаңыздар, Шымкент қаласына барыңыздар, әкім сіздерді сол жақта қабылдайды» деп хабарлаған. Өкінішке қарай, пәтер иелері Шымкент қаласына бара алмаған. Дархан Сатыбалдының Түркістан тұрғындарын не үшін Шымкентке шақырғанын әкімдіктегілер түсіндіріп айтпапты. Былтыр БАҚ беттерінде Дархан Сатыбалдының туыстары бірнеше кәсіппен айналысатыны, оның басым бөлігі құрылысқа қатысты екені және салық төлемей жүргені туралы ақпарат тараған. «ФЕБ стройдың» неге сапасыз үйлер салғанын, неге салықтан жалтарып жүргенін туыстары құрылыс саласының «ыстық-суығына» төзіп жүрген Дархан мырзаның өзі жақсы білетін шығар. Бұл туралы Шымкенттегі кездесуден кейін белгілі болады.

Тұрсынбек Башар