Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:00, 19 Сәуір 2024

Тұрғын үй ғана салатын Сыздықбеков «Жас отаудың» жырын біле ме?

Сыздықбеков
Фото:

Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент шаһарында аспанмен таласқан заманауи ғимараттармен бірге бой көтерген зәулім тұрғын үйлер де көбейе түскен.

 Қаратау ауданына қарасты «Тұран-2» шағынауданындағы ақшаңқан үйлердің арасынан «Жас отау» деп аталатын керемет тұрғын үй кешенін айрықша атап өтуімізге болады. Халыққа үй салып жатқан қала басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Дегенмен мыңдаған жан мекендейтін бұл заманауи зәулім үйлерде тұратындардың қуанышынан мұңдары басым. Олай дейтініміз, бұл маңайға таяу қоныс тепкен жоғары және арнаулы орта оқу орындарын айтпағанның өзінде мемлекеттік мектеп, балабақша, мәдениет үйі, кітапхана, кітап дүкені, кинотеатр, аурухана, стадион, спорт кешені сияқты әлеуметтік нысандарды емге таппайсыздар. Бәрі жекеменшіктің үлесінде. Ақылары тым қымбат. Мәселен, жекеменшік «Ziatker» мектебінің бір айлық ақысы – 160 мың теңге. Ал «Тұран-1» шағынауданындағы №79 жалпы орта мектебінің өзі әжептәуір қашықтықта. Сол себепті болса керек, ата-аналар қауымы таң алакеуімнен өз перзенттерін Шымкенттің әр шалғайындағы мектептер мен балабақшаларға қарай сүйреуге мәжбүр. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, Манап Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінде тәлім-тәрбие алатын студенттер тағы бар. «Автонұр» базарына баратындарды айтпай-ақ қоялық.

Осы орайда №17 бағытта қатынайтын автобус жүргізушілерінің қызметі көңіл көншітпейтінін ренішпен тілге тиек етпесек тағы болмайды. Интервал арасы 10-15 минут делінгенімен, кейде бұл автобустарды жарты сағаттан астам уақыт күтуге тура келеді. Оның себеп-салдарын сұрасақ: «Бензин жоқ, анау жоқ, мынау жоқ» деп сылтауратады. Қашан қарасаңыздар, ертелі-кеш автобус іші ығы-жығы, үлкенді-кішілі жолаушыларға толады да тұрады. Аузы-мұрнынан шыққан автобус салонында, тіпті еркін демалудың өзі қиын. Бір бағыттан екінші бағытқа дейін бару үшін бір сағаттан астам уақыт жұмсайтын жолаушының жүйкесі жұқаратыны айтпаса да түсінікті болса керек.

Мұның үстіне кейбір автобустардың стационары, валидаторы жүйелі жұмыс істемей тұрады. Жүгенсіз жүргізушілер: «Жолақыны қолма-қол нақтылай төлеңіздер, ұялы телефоныма ақша сала берулеріңізге болады» деуден әсте тынбайды. Автобус аялдамаларын хабарлап отырмайды. Жолақыға нақтылай 70 теңге төлегендерге: «100 теңге бермедіңіздер» деп, билет бермейді. Бұған қоса-қабат жолай қоғамдық көліктердегі жолаушылардың жолақы төлеген-төлемегенін бақылайтын тексерушілердің: «Жолақы төлемегендерге, қолдарында билеті жоқтарға айыппұл саламыз» деп үркітіп, қорқытатынын қайтерсің.

Мәдениеті төмен кейбір жүгенсіз жүргізушілердің осындай орынсыз іс-әрекеті жолаушыларды қатты қынжылтады. Олардың арасында қала басшылығы тарапынан бекітіліп берілген автобустың қатынау сызбасын қатаң сақтай бермейтіндері де бар. Жекеменшік «Ziatker» мектебінен кейінгі «Жас отау» аялдамасына қарай қатынағысы келмей, кежегесі кейін тартып тұратындары кезігеді. Мәселен, 2 сәуір күні «Автонұр» базарынан «Тұран-2» шағынауданына қарай беттеген «270 AF 17» нөмірлі автобус жүргізушісі кешкі сағат 18:00-дер шамасында жолаушылардың бірінің: «Жас отау» аялдамасында түсемін» деген уәжіне құлақ аспастан автобустың қатынау сызбасын өрескел бұза отырып, әлгі аялдамаға жетпестен бұрылып кетіп, жолаушыны орынсыз әбігер, әуре-сарсаңға салғанына куәміз.

Осы маңайдағы жолайрық пен жаяу жүргіншілер жолына бағдаршам орнатылмаған. Соның салдарынан болса керек, 16 сәуір күні шаңқай түсте сағат 13:00-дер шамасында қос қапталдан келген жеңіл автокөліктер соқтығысып қалған. Былайша айтқанда, мұнда жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздік мәселелері толыққанды қарастырылмағанын қалай түсінуге болады?

«Бәрін айт та бірін айт, Жас отаудың жырын айт!» демекші, міне, осындай өрескелдіктерді ескере отырып, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыдықбеков мырзаға «Жас отау» тұрғын үй кешенінде тұратын мыңдаған жанның мынадай маңызды мұң-мұқтаждарын жеткізіп, оны шешу жолдарын шұғыл түрде қарастыруды сұраймыз:

1. «Тұран-2» шағынауданының аумағында мемлекеттік мектеп, балабақша, мәдениет сарайы, кітапхана, кітап дүкені, кинотеатр, аурухана, стадион, спорт кешені сияқты әлеуметтік нысандар салу жұмыстарын жедел түрде қолға алу.

2. Тұрғындардың басым бөлігінің қаланың өзге мекенжайларына қолайлы қатынауын қанағаттандыру мақсатында «Автонұр»-«Тұран-2» бағытында қатынайтын №17а деп аталатын жаңа автобус бағытын ашу. Мәдениеті төмен, жүгенсіз жүргізушілердің жұмысын реттеу. Осы орайда техникалық құрылғылары толыққанды жұмыс істемейтін автобус жүргізушілерін сапарға шығармау шараларын қарастыру қажет. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Жас отау» аялдамасының маңайындағы жолайрық пен жаяу жүргіншілер жолына бағдаршам орнатқан жөн.

3. Ақпарат және жаңа технологиялар заманы саналатын ХХІ ғасырды интернетсіз көзге елестетудің өзі қиын. Телеарналардың көрсетілімін жақсарту уақыт талабы екені даусыз. Ұялы телефон желілерінің жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз ету де аса маңызды екені белгілі. Осы орайда телекөрермендер мен әлеуметтік желі қолданушыларына сапалы әрі тиімді қызмет көрсету жұмыстарын барынша жетілдіріп, жаңғырту қажеттігі туындап отыр.

Тұрғын үй салудан алдына жан салмайтын қала басшылығы «Жас отау» тұрғындарының осындай мұң-мұқтажына бейжай қарамайды деген үміттеміз.

Әбдісаттар ӘЛІП

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Шымкент қаласы