Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:46, 15 Наурыз 2024

Тұрғындар жол төсейді, әкімдік қазып тастайды

1
Фото: из открытых источников

«Жас Алашқа» Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғындары хабарласты. Аудан орталығы Ұзынағаш ауылындағы Алтын Асық шағынауданының көшелері күн жылынғалы лай-батпақ.

 Жолдан не транспорт өте алмайды, жаяу жүріс те қиындап кеткен. Бізге байланысқан Айдана Қуатхан есімді тұрғын лайдан жүре алмай қалған көлік пен батпаққа белшесінен кірген жедел жәрдемнің фотолары мен видеоларын да жолдапты. Жедел жәрдемнің өзін жәрдемге мұқтаж қылып қойған жол туралы сұрастырып көрдік.

Тұрғындардың айтуынша, жергілікті әкімдік бұрыннан бері ауылдың бас ауруына айналған ауыз су мәселесін 2023 жылы шешеміз деп уәде еткен. Бірақ бір мәселені шешеміз деп екіншісін қосып беріпті.

«Әкімдік әбден жүріп-жүріп, су жүргізу жұмыстарын жылдың соңы келгенде бастады. Күздің аяғында жерді қазып тастады да, қар түсіп, жер қатқан соң жұмыстарын тоқтатып қойды. Қазған жерлері сол күйі қалды, шұңқырлар ашық-шашық. Енді, міне, күн жылына салысымен көше-көше болып лай-батпақта қалып отырмыз. Әуре-сарсаңға түсіп болдық. Адамша ары-бері жүрудің өзі мұңға айналды. Өткен жылы әкімдіктен шара болмаған соң әр үй 60-70 мың теңгеден жинап, өз бетімізше тас төсеткен едік. Көзіміз ашылғандай болған. Енді оны да құртты, артынан жөндемеді де. Қаншама жыл таза су мәселесін көтеріп, әкімдіктің табалдырығын тоздырдық. Тұрғындар болып қол жинап, қақпаған есігіміз қалмады. Су келеді деп қуантқандарын қайтейік, қазған жерлерін тастап, жолсыз қалдырды. Не су жоқ, не жол жоқ. Осының бәрін айтып барсақ әкімдіктегілер қырқына шыдадыңыздар, тағы біріне шыдаңыздар дейді», – деп ашынды Айдана Қуатхан.

2

Тағы бір тұрғын Арман Болатбайұлы мердігерлер көшелерді қалай болса солай қазып, төсеген жолымызды топырақтың астында қалдырды дейді.

«Әкімдіктен қайыр болмаған соң, тұрғындар болып 2 млн теңгедей жинадық та қыс түспей тұрып көшелерге тас төсеттік. Сол кезде әкімдіктен жолды тегістейтін техника сұрап барғанда «жоқ» деп қайтарды. Оны да болса Шамалғаннан жалдап алып, әупірімдеп жүріп жұмысты аяқтадық. Жолды жөндеп болған соң екі-үш апта өтпей мердігер компания келіп, қазды да тастады. Жолдың шетін трактордың үлкен, 1 метрлік тісімен қопарып, ол жерден шыққан топырақты төсеген жолымыздың үстіне жинады. Оны қайта тазаламады да. Енді, міне, көшелерден машина өте алмайды, адамдарға қатынау қиын. Дәл осыны айтып, сіздермен сөйлесердің алдында ғана әкімдікке бардық. Олар күтіңдер, қазір ештеңе істей алмаймыз дейді. Бірақ біз бір күн де күте алатын жағдайда емеспіз».

Тұрғындардың бәрі осы сарындас пікірлерімен бөлісті. Анық-қанығын білу үшін Жамбыл аудандық әкімдіктің баспасөз қызметіне байланысып, аудан әкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісовке сұрақтарымызды қойдық.

«Таза ауыз сумен қамтамасыз ету 2023 жылдың қазанында басталды. Осы бағытта былтыр 1 млрд, биыл 4 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда 34 шақырым құбыр салынған. Ал Алтын Асық шағынауданында су жүйесі тартылып бітті. Әрине, ондағы қолайсыздықтардан хабардармыз. Құрылыс монтаж жұмыстары күзде басталғандықтан, осындай жайсыздық орын алды. Енді, мамырда көшелердегі жолға тас төсеп, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Оған екі ай жұмсалмақ. Ал күрделі жұмыстарға сұраныс әзірленеді, жол мәселесі бөлек жоба ретінде қаралатын болады», – дейді әкім орынбасары.

Иә, әдеттегідей «қаралатын болады» дейтін сүйкімсіз жауап. Ал Жамбыл ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайсар Бекмырзаұлы былай айтты:

«Дәл қазір тұрғындар сабыр сақтап күтуі керек. Себебі жолға бүгін апарып тас төсесек те, ол топырақпен араласып, қайта балшық күйі қалады, ешқандай эффект бермейді. Жоба бойынша, күн жылынып, жер кепкенде топырақ қайта көміліп, тегістеледі. Технология солай, оны асықтыра алмаймыз.

Ауыз сумен қамту жобасы аса ауқымды – 126 шақырым. Жұмыстар 2023 жылғы қыркүйектен 2025 жылдың мамыр айына дейін жоспарланған. Осы уақыт аралығында процесс қысы-жазы тоқтамайды. Аудан бойынша 9 ауылда жұмыс жүргізілуде. Ал Ұзынағаштағы жұмысты Алтын Асықтан бастадық. Мұндағы процесс аяқталуға жақын. Желіні толық аяқтай салып іске қосу үшін жалпы сумен қамту жүйесі үш аумаққа бөлінді. Енді тексеріс жұмыстары жүргізіледі, бәрі дұрыс болса, Алтын Асықты суға қосамыз. Бұл туралы тұрғындарға алдын ала хабарландырулар берілген.

Қалай қарасақ та, суды қазбай жол жүргізе алмаймыз. Сондықтан сумен қамту толық аяқталған соң жол мәселесі бөлек жоба ретінде қаралады. Аталған аймақ жаңа құрылыс болғандықтан бұның бәрін заңды деп қарастыруға да болады. Ал қазіргі мәселені шешу үшін, жоғарыда айтқанымдай, күн кебісімен құм-тас төсейміз, мамырда тегістеуді бастаймыз. Ол жобада қарастырылған. Бірінші су келсе, ары қарай сапалы тасжол да, көше жарығы да өз ретімен бола жатар».

2

Әкімдіктің берген жауабы осындай. Халық бұл сөздерді жиылыста да, жеке қабылдауда да естіп шаршадық, ал мәселе сол қалпы шешілмеді, жоба алдын ала орынды жоспарланбаған дейді. Ең қызығы, ұзынағаштықтар қашан барсақ та аудан әкіміне жолыға алмадық дегенді айтуда. Үнемі орынбасарлары немесе басқа мамандар жауап беретін көрінеді. Ал әкімнің өзі төбе көрсетпейді екен. Мәселен, Арман Болатбайұлы жолдың да, судың да мәселесімен әкімдікке 4-5 рет барып, әкімнің өзімен жолыға алмай кеткен. Соған қарағанда, қазіргі Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасқа тұрғындар үшін әрдайым ашық болу керек екені туралы ойлану керек сияқты. Әйтпесе, президент те, премьер-министр де «жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы керек» екенін, «жергілікті атқарушы органдардың жұмысы халықпен тиімді диалогқа негізделуге тиіс» екенін ескертіп баққан.

Ал енді аудан әкімі аудан орталығында, иегінің астындағы проблеманы жүре тыңдап отырғанда оны Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев біледі дегенге сене аламыз ба?

Айтпақшы, аталған өңір 99,3 пайызға ауыз сумен қамтылғанбыз деп мақтанғанымен, облыс бойынша 384 ауылдың 26-сында ауыз су мүлде жоқ. Ал су тарту басталысымен қолдан жасалған жол мәселесі қабаттасуда...

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: