Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:26, 09 Наурыз 2021

Түрікменбашы мұрагерін тағайындады

None
None

Бұрынғы кеңестік елдердің ішіндегі ең жабық мемлекет – Түрікменстанда елеулі оқиға болды: ел президенті Гурбангулы Бердымухамедов өзінің ұлы Сердарды вице-премьер етіп тағайындады.

     Түрікменстан сияқты өте жабық және саяси өмірінде ешқашан ештеңе өзгермейтін, «тұрақты» мемлекет үшін бұл жаңалық елді үлкен өзгерістер күтіп тұруы мүмкін екенін білдіреді. Түрікменбашы жақын жылдары тағын мұрагеріне тапсыруды ойластырған сыңайлы.

      Кей басылымдардың жазуынша, бұл елде вице-премьер лауазымы әдетте президент креслосына дайындық деп саналады. Өйткені Түрікменстанда премьер-министр деген лауазым жоқ, министрлер кабинетін Бердымухамедовтың өзі басқарады. Сол себепті вице-премьер лауазымы президенттен кейінгі екінші қызмет саналады. Бердымухамедовтың өзі билікке солай келген. Жай ғана денсаулық сақтау министрі болған ол бірден вице-премьер атанып, елдің тұңғыш президенті, алғашқы Түрікменбашы Сапармурат Ниязовтың сеніміне кірген болатын-ды.

      Тіпті «Бердымухамедов – Түрікменбашының некесіз туған ұлы» деген сыбыс тарады. Кешегі ауылда жүрген стоматологтың бұлайша күрт көтерілгенін басқаша түсіндіру қиын. Вице-премьер Гурбангулының президент билігіне келуіне оның осы жұмбақ тарихы мен бұған дейін елеусіз болып келгені көмектесті. Ниязов өлгенде, марқұмның айналасындағы топ өзара келісіп алған: елеусіз мұрагер автократиялық модельді сақтап қалады да, Түрікменбашының бұрынғы жақтастарына тиіспейді.

      Бердымухамедовтың президент атануына жол ашқан бір басымдығы – ол да Ниязов сияқты түрікменнің ең ықпалды теке руынан шыққан. Билікті рулас адамға тапсыру – ертең тұңғыш Түрікменбашы туыстарының билік-беделін сақтап қалатынына кепіл болды.

Тегтер: