Туризм саласы жанданып келеді

Бүгінде әлемнің көптеген елдері туризмге нағыз табыс көзі ретінде қарайды. Осы орайда біздің еліміздің де туризм саласын дамытуға барлық мүмкіндігі бар деп айта аламыз.
Еліміздің көркем табиғаты да, жылдың төрт мезгілін өз ерекшелігімен көрсететін ауа райы да елімізде туризм саласын қалыптастыруға сай келеді. Сондықтан мемлекетіміз соңғы кездері туризмді экономиканың жетекші салаларының біріне айналдыруға барынша тырысуда.
Мәселен, жыл басында алдағы уақытта туризм саласы бойынша 60 мың жұмыс орны ашылатыны айтылды. Демек 60 мың адамды жұмыспен қамтитындай мүмкіндіктерге жол ашылып, еліміздің туризміне көңіл бөлінеді. Сондықтан қазір елімізде туризм саласының мамандарын дайындауға да айрықша көңіл бөлінуде. Соның дәлелі 2020 жылдан бастап Түркістан қаласындағы бейінді Халықаралық туризм және меймандостық университеті жұмыс істеп, 7 бағыт бойынша 1 300-ден астам студент даярлануда. Биылғы оқу жылында да аталмыш оқу орнындағы студенттер саны арта түседі деп күтілуде. Сұранысқа сай 60 мыңдай маман даярлау ісі қазірден бастап қолға алынып, еліміздің туризм саласын жандандыруға ден қойылып отыр. Осы орайда атап өтер жайт, бейінді Халықаралық туризм және меймандостық университеті орналасқан Түркістан қаласының өзі облыс орталығына айналғалы бері туристерді тартатын тартымды қалаға айналғаны белгілі. Қазір ішкі туризмнің өзінде сұранысқа ие рухани қалаға келетін қонақтар саны еселеп өскен. Алдағы уақытта әр облыстағы сұранысқа ие осындай өңірлеріміздің ерекшелігін көрсетіп, туристерді тарту мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі болып отыр. Сондықтан инвестициясының жалпы көлемі 1 жарым трлн теңгені құрайтын туризм саласында 145 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда.
Атап өтер жайт, жалпы еліміздің ішкі туризмі айтарлықтай даму үстінде. Пандемиялық шектеулер кезінде еліміздің демалыс орындарында тыныққан туристер саны бұрынғыдан екі есе артқан. Сәйкесінше елдегі қонақ үйлер мен демалыс орындары, шипажайлар 6 айда 44 млрд теңгеге қызмет көрсеткен көрінеді. Алдағы уақытта осы көрсеткішті еселеу басты мақсат болып отыр. Сондықтан дәл қазір еліміздегі туризмді тартымды ету мақсатында – 10 негізгі бағыт анықталып, инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Және шетелден қонақ тартқан туроператорларды ынталандыру, бір саяхатшы үшін 15 мың теңге көлемінде қолдау қаржысы бөлініп, саланы цифрландыру жұмыстары да қолға алынуда. Қысқасы, елімізде туристік саланы мемлекеттік қолдау тетіктері жетілдіру үстінде. Жалпы сала жұмысын қолдау мақсатында биыл арнайы заң да қабылданып, туризм саласын жетілдіруге жағдай жасалды. Соның айғағы «Туристік қызмет туралы» жаңа заң аясында мемлекеттік қолдау шаралары заңдастырылып, бизнес нысандарын ынталандыру шаралары қарастырылды. Қазіргі таңда жыл басынан бастап мемлекеттік қолдаудың жаңа жеті шарасы көзделген заң жұмыс істеуде. Заң аясындағы бірқатар игіліктерді де саралай кетсек, бизнес нысандарындағы санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауды субсидиялау көзделген. Яғни туроператор, турагент немесе гид автобус сатып ала алады және инвестициялық шығындардың 25%-ын мемлекет өтейді. Сондай-ақ туристік қызмет нысандарын – қонақ үйлерді, хостелдерді, кэмпингтерді және басқа да нысандарды салу кезінде мемлекет инвестициялық шығындардың 10%-ын өтеу де заң аясында мүмкін болып отыр. Туристік саланы дамытуды қолға алған мемлекетіміздің бастамасы дұрыс бағытта келе жатқанын тәжірибе көрсетуде.