Түркістан туризмінің келешегі қандай?
Туризм өте қарқынды дамып келе жатқан кәсіп. Әлемдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайызы осы салаға тиесілі.
Туризмнен түсетін пайданы мұнайдан түсетін табыспен салыстыруға болады екен. Туризмге деген қызығушылық күшейіп келеді. Мұны осы салаға салынатын инвестиция көлемінің жыл сайын 35 пайызға көбейетінен байқауға болады.
Қазақстанда туристік саланың әлеуетін дамыту үшін бірқатар жобалар қолға алынған. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде туристік ірі жобалардың басым бөлігі түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін иеленген Түркістан қаласында жүзеге асуда. Түркістанды ірі туристік орталыққа айналдыру көзделген. Бұл мақсат қаншалықты орындалып жатыр?
Былтыр Түркістан облысында туризмді дамытуға 102 миллиард теңге инвестиция құйылған екен. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикадағы өңірлер арасында бірінші орын алады. Мұндай мәліметті өткен аптада Түркістан облысы туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрдәулет Медеуов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жария етті.
-Былтыр «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешені, «Ramada», «Emir Plaza», «Rich Hotel», «Grand Villa», Этнопарк Ресорт туристік объектілері пайдалануға берілді. Әлемнің көптеген мемлекеттеріне танымал Izi.Travel мобильді қосымшасына облыс аумағындағы 100 туристік нысанның аудиоақпараттары және координаттары туристік картаға енгізілді,-дейді Нұрдәулет Данабайұлы.
Осы жобалардың ішінде Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенін ерекше атап өтуге болады. Аталған инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы жүзеге асырған. Нысанның құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталды. 20,5 гектарды алып жатқан кешенде 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. «Керуен сарай» бүгінде Түркістанға келген туристер баратын ең танымал орынға айналған. Мұнда Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «Ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Келушілерге су арнасы арқылы жүзетін қайықпен серуендеуіне мүмкіндік қарастырылған. Мұнда «Қайық шеруі» театрландырылған шоуы да ұйымдастырылады. Мамандардың жоспары бойынша Орталық Азияда баламасы жоқ «Керуен-сарай» кешені Түркістанда «Әзірет Сұлтан» кесенесінен кейінгі басты туристік нысан және инвестиция тартатын негізгі орталыққа айналуы тиіс.
Түркістанда биыл туристік саланың әлеуетін дамыту үшін бірқатар жобалар қолға алынған. Нұрдәулет Медеуовтың айтуынша, «Karavan Statue Street Art» мүсіндер фестивалі, «Taiqazan» гастрофестивалі, «Батыр Батлс» фестивалі секілді жобалар жүзеге асырылады. Алдын ала жасалған жоспар бойынша биыл Түркістанға келетін ішкі туристердің саны 260 мың, шетелдік туристердің санын 7 мың адам болады деген болжам бар.
Түркістанда алдағы уақытта жағажай туризмі де дамиды. Ол «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығында жүзеге асады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жақында аталған орталыққа барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталған орталықтағы жасанды көлге су «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасынан келеді.
– Мамыр айында жасанды көлге су жіберілуі тиіс. Суды сараптамадан өткізіп, қауіпсіздігін зерделеңіздер. Су кешеніне алдын ала су жіберіп, жақсылап тексеру қажет. Мұндағы су тек жағажай туризміне ғана емес, қаланы көгалдандыруға да қолданылады, – деді Өмірзақ Шөкеев.
«Түркістан» туристік-рекреациялық орталығы 85 гектарды құрайды. Оның құрылысы үш кезең бойынша жүргізіледі. Көлдің сыйымдылығы 2,5 миллион текше метрге жуық. Қазір жасанды көлдің орны, көктемгі суды қабылдайтын, су жіберетін каналдар дайын. Жағажайда шипалық қасиеті бар шағыл құм төселіп, ағаш отырғызу, балалар демалыс аумағы, элиталық коттедждер мен қонақүйлер, аквапарк салу жоспарланып отыр.
Жауапты басшылардың айтуынша, биыл Түркістанды дамытудың екінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде киелі қалада 109 жобаны жүзеге асыру көзделген. Шаһарға салынатын 1,3 трлн. теңге инвестицияның 1 трлн. теңгесі немесе 77 пайызы жеке инвестицияны құрайды.