Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:20, 10 Маусым 2022

Түркістанда биыл 5 адам суға кетті

None
None

Түркістан облысында шомылу маусымының басталуына байланысты ірі су қоймалары мен өзендерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Суға шомылу кезінде сақтық шараларын жұртшылыққа түсіндіру шараларына полицейлер де жұмылдырылуда.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осы мәселеге байланысты нақты тапсырмалар берді.

– Ең бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігіне баса мән берілуі керек. Түркістан қаласында бірқатар су нысандары іске қосылып жатыр. Осы аумақтарда қауіпсіздік шараларын күшейткен жөн. Тұрақты қадағалау қажет, – деген Өмірзақ Шөкеев құтқару қызметінің дайындығын, қажетті техникамен қамтылуын назарда ұстауды тапсырды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Н.Жүнісовтің айтуынша, департамент өкілдері су айдындарында адамдардың суға кетуінің алдын алу мақсатында – қала, аудан әкімдіктерімен және басқа құзырлы мекемелермен бірлесе жұмыс атқарып жатыр. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Арыс қаласы мен Шардара ауданында бассейндер сатып алынған. Арыс өзені жағасынан коммуналдық жағажай ашылып, нәтижесінде осы аумақта балалар арасында суға батып кету оқиғасы күрт төмендеген.

– Биыл су айдындарында 5 адам қаза тапты, оның ішінде – 4-еуі жас бала. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері суда тұншығып жатқан 2 баланы құтқарып, ата-анасының қарауынсыз жүрген 63 баланы отбасына тапсырды, – деген департамент басшысы ата-аналарға өз ұл-қыздарын суға қараусыз жібермеуге, қауіпсіздікке баса мән беруге шақырды.

Ал Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығы «Қауіпсіз мекен» атты акция ұйымдастырды. Акция аясында еріктілерге арнап судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қараусыз жүрген балаларды ата-аналарына тапсыру бойынша арнайы семинар-тренинг өткізілді. Сондай-ақ барлық мектептерде «Судағы қауіпсіздік ережелері» бойынша ашық сабақтар өткізіліп, арнайы қауіпсіздік бұрыштары орнатылған.

Судағы қауіпсіздік шараларын түсіндіруге тәртіп сақшылары да кірісті. Жетісай ауданының полицейлері суға шомылу маусымының басталуына байланысты Қызылқұм, Ынтымақ, Талапты ауылдық округтері мен Ағынсай елді мекендерінің тұрғындары мен мектеп оқушылары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Канал бойында тұратын ауыл тұрғындарына қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау, тыйым салынған орындарда шомылмау, суға мас күйде түспеу, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігі айтылды. Суда болатын бақытсыз оқиғалардың барлығы осы қарапайым ережелерді сақтамаудан туындайды.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, көптеген жазатайым оқиғалар суға шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алады. Сондықтан мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кішкентай балалар шомылу кезінде үнемі үлкендердің қарауында болуы тиіс. Тек суға түсуге рұқсат етілген, қауіпсіздігі сақталған, су астындағы терең ой-шұқырлары жоқ, қатты су ағысы, иірімі немесе толқыны жоқ жерлерде шомылуы қажет.

Тегтер: