Түркістанда мұз сарайы салынып жатыр
Түркістанда Мұз сарайы және «Дарын» мектеп-интернаты салынып жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанды абаттандыру жұмыстары мен бірқатар құрылыс нысандарының жай-күйін бағдарлау үшін шаһарды кезекті рет аралап шықты. Алдымен әуежай бағытындағы аумақтағы жасыл белдеу мен Шаға көлінің жағдайымен танысты. Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын тексерді.
Одан кейін өңір басшысы Түркістан қаласының дамуында аса маңызды бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Солардың бірі – қысқы спорт түрлеріне арналған ғимарат. Мұз сарайының құрылысы биыл тамыз айында басталған. Бүгінде нысанның іргетасы қаланып, бірінші қабатын көтеру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ғимаратта қысқы спорт түрлері дамытылып, үйірмелер ашылады. Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жасалады.
Өңір басшысы Түркістанда бәсекеге қабілетті білім ұяларының бой көтеруіне айрықша басымдық береді. «Дарын» мектеп-интернатының құрылысына арнайы барған ол нысанды уақтылы әрі сапалы тапсыру керектігін айтты. 700 оқушыға арналған мектеп пен 500 орындық жатақханасының құрылысын «МК Технострой сервис» ЖШС-нің 70 жұмысшысы жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстары биыл сәуір айында басталған. Оқу корпусының іргетасы құйылып, кірпіші қалануда. Жатақхананың да іргетасы дайын. Бұл нысан 2022 жылы пайдалануға беріледі.