Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:27, 17 Қараша 2021

Түркістанға Саураннан керуен келді

None
None

«Рухани керуен Түркістанда» акциясы аясында Түркістандағы «FARAB» кітапханасына Сауран ауданынан керуен көші келді.

Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

 Мәдени шара шымылдығы қазыналы қарттар мен аудан өнерпаздарының Жібек жолының бойында орналасқан көне Сауран шаһарының сауда-саттығы мен рухани-мәдени тыныс-тіршілігі дәріптелген қойылыммен бастау алды. Сауда керуені сахналанған көрініспен қатар өнерпаздардың ән шашуы мен қолөнершілердің түрлі бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.

Сондай-ақ, Сауран қалашығының тарихы таныстырылып, Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойына арналған көрме таныстырылды. Жас ақындар Түркістанға арнаған өлеңдерін тарту етіп, көркемсөз оқу шеберлері Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін жатқа оқыды.

Әдеби кешпен өрнектелген шарада «Жан жүрегі ән — Бекжігіт Сердәлі» атты Сауран ауданының тумасы, профессор һәм композитордың ғибратты ғұмыры насихатталды. Шара соңында кітапхана қорына ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 30 дана кітап табысталып, Көк күмбезді кесененің құрылысына пайдаланылған көне Сауран қалашығының саз кірпіші сыйға тартылды.

Айта кетейік, Сауран ауданы биыл наурызда Президенттің Жарлығымен құрылды. 100 мыңнан астам тұрғыны бар жаңа өңір Түркістан қаласына ең жақын жатқан аудан саналады. 

Тегтер: