Түркіменстан теміржол басшысы Ресейде есірткімен ұсталды
                                        Мәскеудің Домодедово әуежайында «Demiryollary» мемлекеттік компаниясының бас директоры Хыдыр Рахманов пен оның серігі ұсталды. Олардың заттарының арасынан синтетикалық есірткі табылған.
Turkmen.news дерегінше, Түркіменстанның «Demiryollary» (Темір жолдары) мемлекеттік компаниясының басшысы Хыдыр Рахманов және онымен бірге келген әйел S7 авиакомпаниясының рейсімен Ашғабадтан Мәскеуге ұшып келген. Кедендік бақылау кезінде әйелдің күдікті қылығы қызметкерлердің назарын аударған.
Тексеру барысында оның жеке заттарынан LCD – синтетикалық психоактивті препараттың таблеткалары табылған. Осыдан кейін екі жолаушы да бірден ұсталып, тергеу изоляторына жеткізілген.
Сот шешімі мен дипломатиялық араласу
Басылым мәліметінше, Түркіменстанның Ресейдегі елшісі Эсен Айдогдиев істі «жабуға» тырысқан. Алайда Домодедово аудандық сотының судьясы Хыдыр Рахмановты 3 желтоқсанға дейін қамауда қалдыру туралы шешім қабылдаған. Әйелдің де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны хабарланды.
Рахманов кім?
«Demiryollary» компаниясы 2020 жылы президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың шешімімен бұрынғы «Turkmendemirollary» агенттігінің негізінде құрылған. Компания елдегі теміржол инфрақұрылымының маңызды бөлігін басқарады, жолаушы және жүк тасымалын ұйымдастырады, көпір мен теміржол нысандарын салады.
Хыдыр Рахманов компания құрылғаннан бері оның бас директоры қызметін атқарып келген. Turkmen.news дерегі бойынша, оның туған ағасы Аркач Рахманов – Түркіменстан президентінің күзет қызметінде офицер болып жұмыс істейді.