Түркістан ғазалдары. Назаров арақты, Зайытов елтаңбаны уайымдап жүр
18 желтоқсан күні мәжіліс депутаттары Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Билік бұл құжат Түркістанның Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасып, дамуына құқықтық негіз болады деп отыр.
Заң жобасын мәжілісмендерге ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров таныстырды. Ең қызығы, бұл оның экономика министрі ретінде ел алдына ең соңғы рет шығуы болды. 21 желтоқсанда ол креслосын бұған дейін вице-премьер болған Серік Жұманғаринге босатып берді.
Биыл ақпанда үкімет «жаңарып», премьер-министр қызметіне күтпеген жерден Олжас Бектенов тағайындалған тұста елдің экономика саласын Байбазаров қолға алған. Үкімет оған үлкен үміт артып, премьер-министрдің орынбасары лауазымын қоса берді. Бірақ Байбазаров жарқырап көзге түскен жоқ, жұмысына да «5» деген баға бере алмаймыз. Биыл 11 айда елде инфляция – 8,4 пайызға жетіп, азық-түлік бағасы – 5,4 пайыз өсті. Жыл аяғына қарай теңге жайрап түсті. Осындай күрделі кезеңде министр қызметінен кетіп отыр. Бір жыл бойы бар-жоғы білінбеген Байбазаровтың бар миссиясы Түркістанға тың мәртебе беру ғана болған сияқты.
Байбазаровқа қарағанда Жұманғарин әлдеқайда «танымал» тұлға. Ұлттық экономика вице-министрі болып тұрған кезінде, 2019 жылғы ақпан айында журналистің қайталап қойған сұрағына шамданып, «жынымды келтірмеңізші, блин» деп жекігені бар. 2022 жылдан бері атқарған вице-премьер лауазымы да оның қолайына жағып, өз сөзімен айтқанда, «елдің көңілін көтеру үшін» барын салды. Мысалы, биыл жаздағы шегіртке апаты кезінде «шегіртке халал» деп таңғалдырған.
Түркістан – арақсыз қала бола ма?
Мәжілісте заң жобасын талқылау 1,5 сағатқа созылды. Бар қызық осы жерде болды. Жаңа заңға қатысты 15 депутат сауал жолдап, пікір айтқан. Солардың ішінде Алматы облысынан бір мандатты жүйе бойынша сайланған Ардақ Назаровтың сауалы Жұманғарин айтқандай, «көптің көңілін көтеріп тастады». Мәжілісмен Түркістанда арақ сатуды тоқтатпасақ, келген туристердің бетіне қалай қараймыз деп толғанды.
«Түркістан – рухани астанамыз. Түркістан – арақсыз қала. Осы заңның аясында Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, ләйліп көшеде жүруге тыйым салсақ. Себебі Түркістан рухани астанамыз болғандықтан, бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек. Ол жерде біздің бабаларымыз, әулие, батыр, билеріміз жатыр. Шетелден көп қонақ келгенде біздің азаматтарымыз ішіп алып, алдынан шығатын болса, ұят қой. Осы заңның аясында арақсыз қала, рухани қала деп араққа тыйым салуға бола ма?» – деді Назаров.
Мандат алып, мәжіліске барған адамның басты міндеті – халықтың әділ, қауіпсіз, бақуатты елде өмір сүруін қамтамасыз ететін сапалы заңдар шығару. Парламент популизмге салынып, субъективті пікірге иек артатын жер емес. Депутат өзі талқылап отырған заң жобасын толық түсініп, зерттеп барып пікір айтуы керек. Сол үшін оларға халықтың есебінен барша жағдай жасалып, қосымша көмекші берілген. Демек депутат әр сауалын ғылыми және заңды негіздерге сүйене отырып, жолдауы керек. Діни немесе субъективті көзқарасын көпке мәжбүрлеп таңуға хақы жоқ.
Бірақ бұл қағиданы Алматы облысының «үмітін арқалаған» депутат түсінбейтін сияқты. Оны Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң не үшін керек екені және ол заң қалаға қандай артықшылық беретіні емес, тұрғындардың не ішіп, қалай жүретіні алаңдатады.
Шындап келгенде Назаровтың бұл ұсынысын жүзеге асыру мүмкін емес. Біріншіден, Қазақстанда сияқты өндіріс орны аз, негізінен шикізатқа сүйенетін елде алкоголь мен темекі саудасына тыйым салу қиын, өйткені бұл өнімдерден қазынаға біршама салық түседі. Экономистер мұндай өнімдер әсіресе шағын дүкендер үшін өте маңызды екенін айтады. Өйткені шағын сауда орындары алкоголь мен темекі сатудан көп пайда табады.
Екіншіден, алкоголь ішу-ішпеу – әр адамның жеке шаруасы. Оның үстіне депутаттың өзі айтқандай, қалаға туристер келеді, ал олардың ішімдік сұрамасына кім кепіл? БАӘ мен Кувейт сияқты діни мемлекеттердің өзі қонақтарды алкогольден шектемейді. Олар бұл қадамға туристерден түсетін мол пайда үшін барып отыр.
Үшіншіден, үлкен қалада қандай да бір тыйымды жүзеге асыру қиын. Шектеулер кей жағдайда, керісінше, сұраныс пен қызығушылықты арттырады. Алкогольге тыйым салған күннің өзінде оны тұтынатындар қандай да бір жолын тауып, жасырын сауданы қыздырады. Бұл түрлі заңсыздыққа жол ашуы мүмкін.
Негізі алкогольмен күрес Ардақ Назаровтың басты бағдарламасы. Алғаш сайланғанда «мәжіліске жастарды тәрбиелеу үшін барамын» деген депутат содан бері заң шығарумен емес, тәрбие түзеумен айналысып жүр. Биыл Талғардағы Шерзат трагедиясы кезінде де Назаров проблеманың түп-тамырын араққа тіреп, алкогольден бас тарту керек екенін айтқан. «Мобилографымен барып, суретке түсіп қайтқан» депутаттың сөзі ол кезде де «хит» болған.
«Жалпы қандай да бір тыйым дегенге қарсымын. Арақты шектеу жайлы айтсақ, қалада талғамы әртүрлі тұрғындар тұрады, шетелден де қонақтар келеді. Бұл тұтынушылардың қарапайым адами құқығына тиетін мәселе. Біз ондай шектеу енгізетін болсақ, туризм тұрғысынан ұтылып қалуымыз мүмкін. Мұндай мәселеде жергілікті халық өз қалауы бойынша шешімдер қабылдауы мүмкін, ал заң бойынша талап ету артық болады. Өркениетті, зайырлы мемлекет ретінде заңға мұндай шектеу енгізу дұрыс емес», – дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.
Ал аманаттық депутат Ринат Зайытов «заң жобасында Түркістан қаласының елтаңбасы болады дейді. Менің түсінігімде Қазақстанда елтаңба біреу-ақ. Әлде Түркістан басқа мемлекет болып бөлінейін деп жатыр ма?» деп айды аспанға шығарды. Мүмкін депутат білмейтін шығар, біздің елде әр қаланың өзіне тән эмблемасы бар. Соны биліктегі шаласауат аудармашылар «елтаңба» деп аударып жүр. Зайытов мәселенің мәнін түсінбей жатып, айтыста отырғандай оғаш сұрақ қойғаны да Түркістанның жаңа статусы талқыланып жатқанда оғаш көрінгені рас.
Түркістанға ерекше мәртебе не үшін керек?
Заң 4 тараудан, 15 баптан тұрады. Шенділер бұл құжатты Түркістан қаласына рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру үшін қажет екенін айтады. Сондай-ақ заң қаланы Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танып, қаланың тарихи келбеті мен ондағы тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауға арналған.
Ендігі экс-министр атанып үлгерген Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, құжаттың басты новеллалары: қаладағы археологиялық ескерткіштердің резерватын құру, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау. Кесенені қорғау аймағынан 100 метр аумақта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалы бойынша тарихи ескерткішпен сай келмейтін объекті салмау.
Қарап тұрсаңыз, құжатта Зайытов айтқандай, Түркістанды Қазақстаннан бөліп алатындай ауқымды тетік жоқ. Бәрі арнайы статус беріп, заң қабылдамай-ақ атқара беруге болатын шаралар. Оның үстіне «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң бар. Осы құжат негізінде де біршама жұмысты тындыруға мүмкіндік бар.
Тіпті Түркістан қаласын өзгелерден бөлектеп, ерекше мәртебе беру үшін де жаңа заң қажет емес. Өйткені «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы №2572-ХІІ заңға сәйкес ерекше мемлекеттік маңызы бар немесе халқының саны миллионнан асқан елді мекенді республикалық маңызы бар қала деп тануға болады. Түркістан тұрғындарының саны миллионнан аспағанымен, ерекше мемлекеттік маңызы бар деген нормаға сүйеніп, оған республикалық мәртебе беріп, барлық жұмысты ың-шыңсыз бітіре беруге болады.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, арнайы мәртебе ел астаналарына немесе орталық үкіметке тікелей бағынатын ерекше құқықтық статусқа ие әкімшілік орталықтарға беріледі. Мысалы, біздің елде Алматы қаласының ерекше мәртебесi бар. Ол бойынша, Алматы – республикалық маңызы бар қала. Сол сияқты Астана қаласының ресми мәртебесі – ел астанасы.
Ал Түркістан қаласына беріліп отырған статус бұдан сәл басқаша. Ол республикалық маңызы бар қала емес, бірақ елдің рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы болмақ. Яғни бұрыннан бері сөз жүзінде айтылып жүрген «рухани астана» деген ұғымды заң жүзінде бекітіп отыр.
Әлемде әкімшілік бөлініске байланысты емес, сокральды ұғымға байланысты ерекше мәртебе беретін тәжірибе көп кездеспейді. Мысал ретінде Сауд Арабиясының Мекке қаласын айтуға болады. Мекке – мұсылмандардың діни орталығы. Қала мен оның айналасы киелі жер мәртебесіне ие. Оның ерекше статусына сай бірқатар тыйымдар бар. Онда әскери қақтығысқа, ағаш кесуге және құрбандық шалуды қоспағанда, жануарларды өлтіруге тыйым салынған. Сондай-ақ Меккеге тек мұсылмандар ғана кіре алады, бұл талап қатаң бақылауға алынған. Тіпті Меккеге апаратын жолдарда мұсылман еместердің жүруіне болмайды деген жол белгілері бар.
Түркістан – Қазақстанның ең көне қалаларының бірі. 2018 жылғы маусымда Түркістан облысының әкімшілік орталығы болып бекітілді. Ал 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитінде Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп тану туралы шешім қабылданды. Оның үстіне қалаға зиярат етуге баратын мұсылмандар аз емес. Тіпті Түркістанды «екінші Мекке» деп атап жүргендер бар. Сарапшылар Түркістанға ерекше мәртебе берудің астарында Меккенің немесе түркі әлемінің әсері жатқан болуы мүмкін деп болжайды.
«Түркістанды түркі елдері орталық деп мойындап отыр. Түркі халықтарының Қожа Ахмет Ясауиды бабамыз деп есептейтіні жасырын емес. Себебі Ясауи мектебі кезінде 600 жылдан аса өмір сүрген Осман империясына көп әсер еткен. Сондықтан Түркия халқы да Түркістан қаласын киелі мекен санайды. Ал екіншіден, көп мәселе орталықта шешілмей, облыс, қала деңгейінде шешілу үшін арнайы статус беріліп отыр. Мысалы, кейбір сәулет-құрылыс нысандарының формасы, биіктігі осы заңда белгіленеді. Ерекше мәртебесі болғандықтан, қалаға қаражат бөлу жұмысы да бір ізге түседі», – дейді саясаттанушы Б.Нұрмұхамедов.
Қуаныш Қаппас