Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:20

Түркістан Smart City-ге қашан айналады?

Түркістан

Өткен жылды қорытындылап, жарияланған ақылды қалалар рейтингінде Түркістан 12-орынға жайғасты.

 Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметіне сәйкес, ең озық қалалар қатарында Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Өскемен тұр. Ал киелі қала 2020 жылы бұл тізімде 13-орынды місе тұтқан-ды.

Қазақстандағы Smart City жобасы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты. Оның мақсаты – заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, қала қызметтерін автоматтандыру, халыққа жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, экологияны жақсарту және экономикалық тиімділікті арттыру. Яғни ақылды қала құр технология емес, халықтың өмірін жеңілдететін, ыңғайлы ететін ортаға айналу керек.

Smart City тұжырымдамасы бойынша қалаларда бейнебақылау, цифрлық денсаулық паспорттары, электронды билет жүйесі, интеллектуалды көлік шешімдері, «109» сынды бірыңғай байланыс орталықтары, жасанды интеллектке негізделген медициналық диагностика, онлайн білім платформалары мен «ата-ана бақылауы» жобасы сияқты элементтер енгізілуі тиіс. Мысалы, Астанада бүгінде барлық медициналық ұйым мен мектеп түгел ақпараттық жүйелермен қамтылған. Алматыда халықтың басым көпшілігінде электронды денсаулық төлқұжаты бар, қалада мыңдаған бейнебақылау камерасы орнатылған. Шымкентте көлік жүйесі мен қауіпсіздік саласы белсенді цифрландырылып жатыр.

Түркістанда да бірнеше жыл бұрын цифрлық даму бағытында жобалар басталған. Алайда әлі де жетілдіре түсетін тұстары бар. Мысалы, қоғамдық көлік жүйесінде электронды билет толық енгізілмеген, автобус қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін жүйе істемейді немесе халық арасында кең тарамаған. Мектептерде BilimLand немесе басқа цифрлық платформалар қолданылғанымен, олардың тиімділігі мен қолжетімділігі жөнінде нақты дерек жоқ.

Жұмыс барысына жасанды интеллект енгізу тәжірибесі бүгінде Алматы, Атырау, Қарағанды сияқты бірқатар облыста қолданылып келеді. Олар онкологиялық ауруларды ерте анықтау сынды салаларда сәтті қолданыла бастаған. Жол сапасын бақылау жүйелері де осы жасанды интеллект арқылы автоматтандырылған. Ал Түркістанда мұндай технологиялар кенжелеп келеді.

Бұған қоса, Smart City жобасының маңызды бағыттарының бірі – экология. Ақылды жарықтандыру, энергия тиімділігін арттыру, қалдықтарды басқару, экологиялық мониторинг сынды жүйелер де Түркістанда тиісті деңгейде іске асқан деп айту қиын. Жол бойына шам қою кәдуілгі шара. Ал экологияны нақты уақыт режимінде өлшейтін құрылғылар, ауаның ластануын бақылау жүйелері, қалдықтарды сұрыптайтын инфрақұрылым дегендер әзірге байқалмайды.

Бүгінде Қазақстанда 5 қала – Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтөбе Smart City жобасын нақты жүзеге асырып отыр. Бұл қалаларда қауіпсіздік, мобильділік, денсаулық сақтау және білім беру салалары толықтай цифрландыруға көшіп келеді. Ол бір жағынан халықаралық стандарттарға жетуге де септігін тигізіп отыр. Айталық, Астана бүгінде әлемнің ең ақылды 21 қаласының тізіміне енді, Алматы халықаралық IEEE Smart Cities Awards конкурсында жоғары баға алды. Тек осындай сәттерде мегаполистер қатарына кірмейтін Түркістан секілді шаһарлар мұндай тізімдерге ене алмай келеді.

Smart City жобасының аясында халықаралық тәжірибе де ескеріледі. Қазақстан Сингапур, Токио, Копенгаген сияқты қалалардың үлгісін алып, олардың шешімдерін бейімдеп енгізуге тырысуда. Мәселен, Сингапурдағы интеллектуалды көлік жүйесі немесе Копенгагеннің жасыл технологиялары бүгінде Астанада пилоттық түрде іске асырылып жатыр. Осындай маңызды қадамдар Түркістанда да байқалса құба-құп. Мұндай шаралар қаланың туризм мен руханият орталығы болумен қатар, инновациялық мүмкіндігін де кеңейтер еді. Сондықтан бұл тарапта алдағы уақытта өнімді жұмыстар істеледі деп үміттенеміз.

Бекбол АМАНГЕЛДІ

Түркістан облысы

Тегтер: