Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:15

Түркістандағы құрылыс: сапа мен қауіпсіздікке талап қатаң

Түркістан

Қоғамдық және экономикалық өмірдің барлық саласында заңның үстемдік құруы әрі қызметкерлердің адалдығы – кез келген қоғам үшін тұрақтылық пен әділеттіліктің басты кепілі.

Алайда жұмыс барысындағы заңсыздықтар бұл қағидатты бұзып, тек жекелеген мекемелердің немесе тұлғалардың емес, тұтас мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізетіні анық. Осы орайда президент Әділетті Қазақстан жолдауында: «Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет», – деп ерекше атап өткен.

Мәселен, экономикалық тұрғыдан алғанда, жұмыс барысындағы заңсыздықтар қаржылық ресурстардың тиімді бөлінуіне кедергі жасайды. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатсыз немесе заңсыз игерілуі қоғамдық инфрақұрылымның дамуын тежейді, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салаларының сапасын төмендетеді. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етіп, әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді. Сол себепті де қазір қай өңір болмасын әр саладағы олқылықтар мен заңсыздықтарды ауыздықтап әлек.

Мәселен, күні кеше Түркістан облысында өткен аппарат мәжілісінде 190 құрылыс нысаны тексеріліп, заң талаптары бұзылғандарына айыппұл салынғаны сөз болған еді. Оның ішінде 188 нысанның құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылса, 959 нысан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қаражаты арқылы бой көтеруде. Бұл деректер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде жария етілді. Жиын барысында өңір басшысы құрылыс саласында орын алып отырған заңсыздықтар мәселесіне арнайы тоқталып, заң талаптарын сақтамау жағдайларының әлі де жиі кездесетінін атап өтті. Әкімнің айтуынша, бұған дейін заңсыз салынған нысандарға рұқсат құжаттарын кейіннен рәсімдеп беру тәжірибесі қалыптасып келген. Алайда бұл тәсіл түпкілікті мәселені шешпейді, керісінше, заңға қайшы әрекеттерді ақтап алуға жол ашады. Сондықтан алдағы уақытта мұндай тәжірибе тоқтатылып, заңсыз құрылыстарды түбірімен жоюға бағытталған нақты шаралар қабылданбақ. Нұралхан Көшеров мәжіліс барысында ауыл округі әкімдері мен аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларына қатаң ескерту жасады. Егер алдағы уақытта жаңа заңсыз құрылыс нысандары анықталатын болса, ең алдымен сол аумақтағы жергілікті басшыларға тәртіптік жаза қолданылатынын мәлімдеді. Өңір басшысы ендігі міндет себеппен емес, салдармен күресу екенін, яғни заңсыз құрылыстың алдын алуда жауапкершілік пен бақылау механизмдерін күшейту керектігін баса айтты. Сонымен қатар аудан, қала әкімдіктері мен ауыл округі әкімдеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, заң талаптарын бұзып салынған нысандарды дер кезінде анықтау және оларды ретке келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

«Себеппен емес, салдармен күресетін уақыт келді. Алдағы уақытта жаңадан заңсыз құрылыс нысандары анықталған жағдайда, бірінші кезекте ауыл округ әкімдеріне және аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларына тәртіптік шара қолданылатынын ескертемін. Сонымен қатар аудан, қала әкімдіктері мен ауыл округ әкімдері тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп, заңсыз салынған құрылыс нысандарын заң талаптарына сәйкес ретке келтіруі тиіс. Салынып қойған құрылыстарға рұқсат құжаттарын рәсімдеп беру тәжірибесін тоқтатуды тапсырамын», – дейді өңір басшысы.

Жиында Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жеті айдағы жұмыс нәтижелері де жан-жақты сараланды. Аталған басқарманың мәліметінше, облыс аумағында заңға сәйкес келмейтін 190 құрылыс нысаны тексеріліп, соның нәтижесінде 562 заңбұзушылық анықталған. Бұл деректер құрылыс саласында заң талаптарының жиі еленбейтінін, бақылаудың әлі де әлсіз тұстары бар екенін айғақтайды. Тексеру қорытындысы бойынша 163,15 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Сонымен бірге заңбұзушылықтарды жою мақсатында 187 нұсқама беріліп, оның 40-ы нысандарды бөлшектеп бұзуды талап етеді. Жыл басынан бері сотқа 8 нысанды мәжбүрлеп бұзу жөнінде талап-арыз жолданған, оның 2-еуі бойынша шешім шығарылып, қалғандары әлі де қаралып жатыр. Мәжілісте құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау үшін қажетті рұқсаттар мен техникалық талаптарды сақтау, құрылыс саласындағы ұйымдастыру тәртібі, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін реттейтін заңнаманы бұзған тұлғалардың жауапкершілігі туралы да сөз болды. Әсіресе жекеменшік нысандарды салу кезінде орын алатын заңсыздықтардың алдын алу тетіктері, бұзуға берілген нұсқамаларды орындау тәртібі, сот арқылы мәжбүрлеп бұзу механизмдері егжей-тегжейлі талқыланды. Сонымен қатар заңсыз құрылыстарды дер кезінде анықтау алгоритмі де пысықталып, проблемалардың түпкі себептерін жоюға бағытталған шаралар қарастырылды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі бұл мәселені толық бақылауға алып, құрылыс саласында заңдылықты сақтау талаптарын күшейтуге басымдық берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, заңсыз құрылыс – тек сәулет талаптарын бұзу ғана емес, ол қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қатер. Себебі рұқсатсыз салынған ғимараттардың сапасы мен қауіпсіздігі күмән тудырады, ал бұл өз кезегінде адамдардың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта Түркістан облысында құрылыс процесінің әр кезеңі қатаң қадағаланатын болады. Бақылау тек құрылыс нысандарының санына емес, олардың сапасына, қауіпсіздігіне және заңға сәйкестігіне бағытталмақ. Өңір басшысы заңды айналып өтуге жол берілмейтінін, әрбір жауапты тұлға өз міндетін бұлжытпай орындауы тиіс екенін қатаң ескертті. Осылайша, Түркістан облысында құрылыс саласында ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету, тәртіпті күшейту және заңсыздықты түбірімен жою күн тәртібіндегі басты міндетке айналып отыр. Жұмыс барысындағы заңсыздық тек жекелеген адамдардың қылмыстық әрекеті емес, ол тұтас мемлекеттік жүйенің әлсіз тұстарын айқындайтын айна іспеттес. Онымен күресу – мемлекеттің қауіпсіздігі мен болашағын қорғау. Ал оны түбірімен жою тек жазамен шектелмесе керек, қоғамда әділеттілік пен адалдықты басты құндылық ретінде орнықтыру арқылы ғана толықтай жүзеге асады. Өйткені мемлекетке төнетін ең үлкен қауіп сыртқы жаудан емес, іштен ірітетін әділетсіздік пен заңсыздықтан басталады.

С. Бақберген

Түркістан облысы