Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:10

Түркістандағы жаңа зауыт: аймақ дамуының стратегиялық қадамы

1
Фото: ашық дереккөз

Өндірістің даму деңгейі елдің жалпы экономикалық қуатын ғана емес, сонымен бірге оның саяси дербестігін, ғылыми әлеуетін, әлеуметтік тұрақтылығын да анықтайтын маңызды фактор.

 Тарихқа үңілсек, индустрияландыру жолына түскен мемлекеттердің қысқа уақыт ішінде озық технологияларды меңгеріп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартқанына куә боламыз. Мәселен, ХХ ғасыр басында индустрияландыруды жүзеге асырған Жапония, Германия, кейінгі кезеңде Оңтүстік Корея мен Қытай қысқа мерзім ішінде әлемдік экономикалық көшбасшылар қатарына қосылды. Бұл елдердегі өндірістің дамуы тек экспорт көлемін ұлғайтып, халыққа жаңа жұмыс орындарын ашып қана қойған жоқ, сондай-ақ ғылыми-техникалық прогрестің алдыңғы қатарынан орын алуға мүмкіндік берді. Осы орайда еліміз де өндірістерді дамыту саласында аса көңіл бөліп, басымдық беріп отыр. Президенттің күні кеше өткен халыққа жолдауында өндірістік салалар мен өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келгенін атап өткен еді.

Өндірісті дамыту ең алдымен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жолы екенін ескерсек, кез келген мемлекет өз халқын азық-түлікпен, киім-кешекпен, құрылыс материалдарымен, техникамен және түрлі қызмет түрлерімен қамтамасыз ете алмаса, оның сыртқы факторларға тәуелділігі күшейіп, саяси дербестігі әлсірейтіні анық. «Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс. Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр. Қолдау шарасын ұстанымдары мен талаптары әртүрлі институттар жүзеге асырады. Мұндай ахуал кәсіпкерлерді әбден шатастырады. Бұл саланы ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын толығымен қолға алу керек», – деген еді президент.

Бүгінгі жаһандық әлемде экономикалық санкциялар, шикізат бағасының тұрақсыздығы, геосаяси дағдарыстар жиі кездесіп отырғандықтан, ішкі өндірістің дамуы елдің берік қалқанына айналып отыр. Тәуелсіз мемлекет үшін өндірістің өркендеуі – ұлттық дербестікті сақтаудың, халықтың ішкі сұранысын қанағаттандырудың ең сенімді жолы. Осы орайда өткен аптада Түркістан облысы өнеркәсіп өндірісіне басымдық беріп отырған облыстардың бірі. Мәселен, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласында су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында жаңа әрі стратегиялық қадам жасалды. Ордабасы ауданына қарасты Қарақұм ауылында орналасқан «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының базасында суару жүйелеріне арналған параболалық бетон лотоктар шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Бұл өндірістік жобаның түпкі мақсаты – ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, суды ұтымды қолдану арқылы егістік алқаптардың өнімділігін арттыру, ішкі нарықты сапалы отандық өнімдермен қамтамасыз ету және сонымен қатар Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейту. Аталған лотоктардың басты ерекшелігі – оларды каналдарға орнату арқылы су ысырабын 40 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік бар. Бұл еліміздің су тапшылығы мәселесін шешуге арналған нақты әрі уақытылы жасалған шешім болмақ.

Зауыттың ресми ашылу рәсіміне қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа өндірістік алаңның жұмысын айрықша атап өтіп, оның аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесіне тоқталды. Әкімнің айтуынша, мұндай жобалар ауылдық жерлердің өркендеуіне серпін беріп қана қоймай, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашады. Расында да, жаңа зауыттың іске қосылуы нәтижесінде 20 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындарына табыс табудың жаңа мүмкіндігі ұсынылды. Жоба құны 350 миллион теңгені құрайды, ал өндірістік қуаты тәулігіне 45 дана параболалық бетон лоток дайындауға жетеді. Қазіргі таңда зауыт ЛР6, ЛР8 және ЛР10 маркалы лотоктарды шығаруды қолға алып отыр. Болашақта бұл өнімдер тек отандық нарықта ғана емес, сонымен қатар Еуропа елдері мен Қытайға да экспортталуы көзделуде. Бұл өз кезегінде қазақстандық өнімнің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екендігінің айқын дәлелі.

Жаңа өндіріс алаңы заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда бетон араластыру қондырғысы, бу қазандығы, порталды кран және арматуралы сетка тоқуға арналған жабдықтар орнатылған. Зауыттан шығатын өнімдердің нарықтағы баламаларынан 20–30 пайызға арзан болуы жергілікті шаруалар мен су шаруашылығы мекемелері үшін үлкен жеңілдік болып отыр. Бұл – ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіп иелерінің шығынын азайтып, тиімді әрі қолжетімді жабдықтарға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. «Тұран су» кәсіпорны жалпы стратегиялық нысандарды басқаруда ерекше орынға ие. 2019 жылы құрылғаннан бері ол мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы жүйелерін, су қоймаларын және каналдарды күтіп-ұстау, пайдалану мен жөндеу жұмыстарын үздіксіз атқарып келеді. Бүгінгі таңда кәсіпорын теңгерімінде 20 су қоймасы, 3 су торабы, жалпы ұзындығы 1 400 шақырымды қамтитын 110 канал, 3 өндірістік-техникалық база және 81 арнайы техника бар. Осының нәтижесінде жалпы көлемі 108,1 мың гектар егістік алқап ағын сумен қамтамасыз етіліп отыр. Кәсіпорын құрамында бүгінде 400-ден астам маман еңбек етіп жатыр. Соңғы жылдары бұл бағытқа миллиардтаған қаржы бөлініп, бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Мәселен, 3,6 миллиард теңгеге 60 арнайы техника сатып алынып, оның ішінде 24 техника аудан мен қала әкімдіктеріне берілді. Осы арқылы 1 200 шақырымнан астам каналдар мен қашыртқылар тазаланып, су өткізу мүмкіндігі артты. Бұған қоса, 650 миллион теңгеге «Су үнемдеу технологиясы өндіріс желісі» іске қосылып, оның нәтижесінде жылына 9 мың гектар егістік алқапқа су жеткізу мүмкіндігі қамтамасыз етіліп отыр. Бүгін іске қосылған параболалық бетон лотоктар өндірісі де осы үдерістің заңды жалғасы іспетті.

Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі қаржы көздері де тартылмақ. Атап айтқанда, Ислам даму банкі қаржысы есебінен 63,2 миллиард теңгеге 11 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 130 шақырым каналға бетон қаптау жұмыстары жүргізілмек. Бұл жобалардың іске асырылуы 10,1 мың гектар жерді қосымша ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта тағы да 73,6 миллиард теңгенің 14 жобасын жүзеге асыру жоспарда тұр. Бұл өз кезегінде 166 шақырым канал жаңғыртылып, нәтижесінде 53,3 мың гектар суармалы алқаптың су өткізу қабілеті жақсарады. Мұндай кешенді шаралардың барлығы Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамытуға, суды ұқыпты пайдалануға, сонымен бірге ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар екені рас.

С. Бақберген

Түркістан облысы