Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 25 Шілде 2024

Түркістаннан – Парижге! Паралимпиадасынан үміт зор

1
Фото: ашық дереккөз

Тең қоғам қалыптастыру жолында мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты мүмкіндік берудің маңызы зор.

 Еліміздің мәдени және тарихи орталықтарының бірі ретінде танымал Түркістан облысында соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жетістіктері мен спорттық мүмкіндіктері баса назарға алынып отыр. 2022 жылдың қазан айында ашылып, бүгінге дейін жұмысын жүргізіп келе жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Сауран» спорт клубы осыған дәлел. Спортшылары әлемдік ареналарда бой көрсетіп, биік шыңдарды бағындырып жүрген спорт клубтың құрамында бүгінде 299 спортшы, 32 жаттықтырушы бар. Спорт клубтың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әбдіқадыр Жұмабайұлы «Сауран» спорт клубының мақсаты – тағдырлы жандарды спортқа баулу арқылы елдегі бұқаралық спортқа үлес қосу дейді.

«Биылдың өзінде клуб құрамынан параспорт бойынша екі Әлем чемпионы шықты. 2024 жылы сурдо дзюдодан Айдарбек Тоқтарбек пен Қуандық Шадияр әлем чемпионы атанса, Түркияның Эрзурум қаласында өткен Қысқы сурдлимпиада ойындарында шахматтан Мейрман Пернеев қола жүлдеге ие болды. Ал Пара пауэрлифтингтен Дубайда өткен әлем кубогінде Зарина Әшір жеңімпаз атанды. Биыл Париж қаласында өтетін паралимпиада ойындарына да осы спортшыларымыз аттанды.

Мүмкіндігі шектеулі жандармен тығыз қарым-қатынас жасап, салауатты өмір салтын ұстанып, насихаттауда бірлесіп жұмыс атқарып келеміз. Спортқа жаны құмар жандардың басын қосып, бұқаралық спортты жандандыру бағыты дамып жатыр. Тек паралимпиада чемпионы атану үшін ғана емес, өңірдегі жігерлі тұлғалардың өмірге деген құштарлығын ашудың өзі жетістік», – деді.

Сонымен қатар соңғы жылдары пара спортшылардың саны едәуір артқанын атап өтті. Бүгінде әлем назары пара спортшыларда екені анық. Себебі қазір әлем біртіндеп, спорт тек дені сау адамдардың құзыры емес екеніне көзі жете бастады. Бүгінде тағдыр басына қиындық салса да, сынып кетпей, спортпен айналысатын жандардың қатары көбейгені шын қуантады. Түркістандағы спорт клубтың құрамында пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, пара дзюдо, пара таеквандо, пара қол күресі, сурдо жеңіл атлетика, сурдо үстел теннис, сурдо еркін күрес, сурдо грек-рим, сурдо дзюдо, сурдо футбол, сурдо таеквандо, волейбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлері бар. Әбдіқадыр Жұмабайұлының айтуынша, мемлекет тарапынан да қолдау мен көмек жиі көрсетіледі екен.

«Сайыстарға дайындық, қаншама оқу-жаттығу жиындары болып жатыр. Соның бәріне қаржылай көмек, сайыстарға баратын спортшыларға да жиі көмек көрсетеді. Дәл осындай бастамаға мемлекеттің көмегі ауадай қажет. Спортшыларға да, спорт клубқа да мемлекет тарапынан қолдау жиі көрсетіледі. Белгілі бір жетістікке жеткен мүмкіндігі шектеулі спортшыларға стипендия да тағайындалып, сыйақылар беріліп тұрады», – деді.

Спортшыларға жаттықтырушылардан бөлек, спорт клубтың психологтары мен дәрігерлері моральдық, медициналық көмек те көрсетеді екен. 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен пара Азия ойындарының жүлдегері, «Сауран» спорт клубының мүшесі Мұхан Айтмырзаев спорт клубтың беріп жатқан мүмкіндігі көп екенін алға тартып, ризашылығын білдірді.

«2018 жылы басыма іс түсіп, қиын жағдайға түстім. Сол кезде «Сауран» спорт клубының аға жаттықтырушысы Арыстанбек Отаубайұлы хабарласып, бағыт-бағдар нұсқады. «Спортқа келсең қалай болады? Өзіңді сынап көргің келмей ме?» деген сөзінен соң ойлана келе пара жеңіл атлетикаға бет бұрдым. Спортқа келген жылы-ақ Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, халықаралық сайыстарда бақ сынай бастадым. Әлемдік деңгейдегі алғашқы халықаралық сайыс Португалия астанасы Лиссабон қаласындағы дүниежүзілік «Әлем ойындары» сайысы еді. 2022 жылы қараша айында өткен спорт жарысында 3-орынды иеленіп қайттым. Алғашқы бастама үшін бұл үлкен жетістік, абырой еді. Кейін 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен пара Азия ойындарында бақ сынадым. Бұдан бөлек, Марокко мемлекетіндегі сайыстан спорттың үш түрі бойынша жүлделі орындарға ие болып, медальмен қайттым. Бұдан бөлек, БАӘ, Тунис сынды мемлекеттерде өткен халықаралық сайыстарға қатысып, жүлделерге ие болдым», – дейді спортшы.

Мұхан Айтмырзаев спорттың үш түрінен: диск лақтыру, найза лақтыру, ядро лақтыру бойынша сайыстарға қатысатынын атап өтті. Қазіргі таңда тек қатысушылар саны ғана емес, жыл сайын спорт түрлері де көбейіп келе жатыр. Оның үстіне, түркістандық спортшы еліміздегі пара спорттың даму қарқынына көңілі толатынын жеткізді.

«Еліміздегі пара спорттың даму қарқыны әлдеқайда алда. Халықаралық сайыстарға шығарып, оқу-ағарту жиындарға бару үшін мүмкіндіктер көп. Басына қиындық түскен жандарды қолдау мақсатында пара спорттың дамығаны тиімді. Әдетте, мүмкіндігі шектеулі жандар өзін қоғамнан тыс қалғандай сезінетін кездер жиі болады. Осындайда пара спорттың тигізер әсері жоғары. Түркістандағы «Сауран» спорт клубы осы жолда еңбек етіп жүрген мекеменің бірі. Құрамына қосылғалы бері екі жылдан асты. Ашылғанына аз уақыт болса да, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының көрсетіп жатқан нәтижесі өте жақсы. Осы жолда қолдау білдіріп, демеу көрсетіп жүрген бапкерлер мен жаттықтырушылардың еңбегі зор. Әлем біріншіліктерінде бой көрсетіп, екі спортшымыз Әлем чемпионы атанды. Бұл біз үшін ғана емес, мемлекет үшін де үлкен мәртебе деп ойлаймын», – дейді.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы